ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
Ы. АЛТЫНСАРИН АТЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ БІЛІМ АКАДЕМИЯСЫ
ҚАЗАҚ ТІЛІ
Жеңіл ақыл-ой кемістігі бар оқушыларға арналған
бастауыш білім беру деңгейінің
0-4 сыныптары үшін оқу бағдарламасы
(оқыту қазақ тілінде жүргізілетін мектептер үшін)
Астана
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 3 сәуірде №115 бұйрығымен бекітілген.
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2013 жылы
10 сәуірде № 8424 тіркелген.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 18 маусымдағы №393 бұйрығымен оқу бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы
14 шілдеде № 11659 тіркелген.
Қазақ тілі: Жеңіл ақыл-ой кемістігі бар оқушыларға арналған бастауыш білім беру деңгейінің 0-4 сыныптары үшін оқу бағдарламасы (оқыту қазақ тілінде жүргізілетін мектептер үшін). – Астана: Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА, 2015. – 15 б.
© Ы. Алтынсарин атындағы
Ұлттық білім академиясы, 2015.
Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2015 жылғы «18» маусымдағы
№ 393 бұйрығына 52 – қосымша
Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2013 жылғы 3 сәуірдегі
№ 115 бұйрығына 157-қосымша
Жеңіл ақыл-ой кемістігі бар оқушыларға арналған бастауыш білім беру деңгейінің 0-4 сыныптары үшін «Қазақ тілі» пәнінен типтік оқу бағдарламасы
(оқыту қазақ тілінде жүргізілетін мектептер үшін)
1. Түсінік хат
1. Оқу бағдарламасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 қаулысымен бекітілген Орта білім берудің (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру) мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес және жеңіл ақыл-ой кемістігі бар балаларды оқытуға қажетті ерекше талаптарды қанағаттандыру мақсатымен құрастырылды.
2. Қазақ тілі арнайы (түзету) мектепте барынша қарапайым тұрғыда жүргізіледі.
3. Бұл мектепте қазақ тілін оқытудың негізгі мақсаты - оқушыларды оқуға, жазуға және тіл арқылы қарым-қатынас жасау қызметінің түрлерін (тыңдау, оқу, сөйлеу, жазу) меңгеруге үйрету, ойлау қабілетін дамыту, өз ойын еркін жеткізе алуға тәрбиелеу.
4. Бұл мақсатты орындау үшін мынадай міндеттер қойылады:
1) оқушылардың ұғымына сай мәтіндерді дұрыс оқып, мағынасын түсінуге үйрету;
2) ауызекі және жазба тілде қарым-қатынас жасауға қажетті сөйлеу дағдыларын қалыптастыру, өз ойын жүйелі түрде дұрыс жеткізе білуге үйрету;
3) оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес орфографиялық және пунктуациялық ережелерді практикалық түрде меңгеру;
4) диалогтік және монологтік сөйлеу (ауызекі, жазба тіл) дағдыларын, сөйлеу мәдениетін, өз сөзінің дұрыс айтылуын өзі бақылау машығын дамыту;
5) оқушылардың сауатты, көркем жазу дағдыларын жетілдіру. Шәкірттер бойында адамгершілік, әсемдік қасиетін қалыптастыру. Ойлау мен сөйлеу кемістігін түзету – зияты бұзылған балаларды ана тілін оқытудағы ерекше мақсат болып табылады.
5. Сонымен қатар көмекші мектепте оқытылатын тіл сабағы аса маңызды дидактикалық міндеттерді де шешуге тиіс:
1) жалпы оқу дағдысы мен машығын қалыптастыру;
2) оқушылардың қоршаған орта, дүниетаным туралы (адам, табиғат және т.б.) түсініктерін қалыптастыру;
3) балаларға патриоттық тәрбие беру.
6. Бұл бағдарлама көмекші мектепте оқитын балалардың және олардың ата-аналарының қажетін қанағаттандыра алатын гуманистік қағидаларға негізделіп құрылды:
1) мүмкіндігі шектеулі балалардың өзіне тән қабілет, мүмкіндіктері болады. Кейбір оқушылар арнайы оқу бағдарламасындағы қарастырылған материалдарды толық меңгере алмайды. Сондықтан мұғалімдер оқу материалдарын оқушының қабылдау деңгейіне байланысты жеңілдетіп беруге мұқтаж болады. Осындай жағдайларды ескере отырып, жаңа бағдарлама деңгейлік ықпал ету қағидасын басшылыққа алу негізінде құрастырылды.
7. Бағдарламада оқу материалдары біртіндеп күрделеніп, оқыту кезеңдеріне бөлініп берілді. Сыныптағы оқушылардың мүмкіншіліктерімен ерекше оқыту қажеттілігіне байланысты тақырыпты меңгеруге қажет сағат санын мұғалім өзі анықтап, жоспарлайды.
8. Оқу материалын меңгеруіне байланысты педагог балалармен келесі білім деңгейіне көшеді:
1) бастауыш сыныптарда (0-4) төрт–бес кезеңді меңгеру көзделген. Педагог балаларға түсінікті, қолжетімді оқу материалдарымен жұмыс жүргізуі керек:
0 сыныпта аптасына 3 сағат, барлығы 99 сағат;
1 сыныпта аптасына 3 сағат, барлығы 99 сағат;
2 сыныпта аптасына 3 сағат, барлығы 102 сағат;
3 сыныпта аптасына 3 сағат, барлығы 102 сағат;
4 сыныпта аптасына 3 сағат, барлығы 102 сағат.
2) аталған кезеңдердің тақырыптық мазмұны бір-бірімен тығыз байланысып отырады.
9. «Қазақ тілі» пәнінің білімдік, тәрбиелік міндеттері келесі пәндермен тығыз байланыста іске асырылады:
1) «Оқу және тіл дамыту» - оқулықта берілген мәтіндерді меңгеру негізінде танымдық ерекшеліктеріне сай оқушылар өз ойын жеткізуге дағдыланады, қазақ халқының мәдениетін құрметтеп, меңгеруге тәрбиеленеді;
2) «Бейнелеу өнері», «Музыка және ән күй» пәндерін өту барысында эстетикалық талғамдары, ойлау, қабылдау, ауызша сөйлеу тілі дамиды;
3) «Математика» – мәтіндерді қабылдау, түсіну, логикалық ойлау қабілеті дамиды;
4) «Айналамен таныстыру» - мәтіндерді оқу арқылы қоршаған орта туралы мағлұматтар алады, табиғатты қорғауға, аялауға үйренеді;
5) «Әлеуметтік бейімдеу және еңбекке баулу» пәнді оқыту барысында оқушылар еңбектің өмірдегі орнын, маңыздылығын түсінеді, әлеуметтік ортаға бейімделеді.
Достарыңызбен бөлісу: |