Әдіс (грекше – methodos), сөзді кең мағынасында қарастырғанда, «әлденеге апаратын жол» дегенді білдіреді, субъектінің кез-келген түрдегі қызметінің тәсілі болып табылады.
Бүгінгі әдебиеттің теориялық мәселелеріне байланысты айтылып жүргендердің бәрі әдебиет ұғымының түпкі міндетін ашып беруге ұмтылады. Яғни, әдебиеттің болмысында эстетикалық һәм көркемдік шарттылықтардың қай кезеңдерден, және қандай өзгешеліктермен жүзеге асқанын айқындау міндеті тұрғанын меңзеп отырмыз. Көне мәтіндерден бүгінгі мәтіннің еншісіне не тиді? Қай жерде қай мәтіннің өрісі тарылып, қайсысының көкжиегі кеңейді? Әлбетте, бұл сұрақтардың жауабы арнайы, ыждаһатты зерттеуді қажет ететіні түсінікті. Біз бұл жерде тек сол үлкен зерттеуге кіріспе тұрғысынан ғана сөз қозғап кетеміз.
Айталық, көне мәтіннің үлгісі ретінде алып, «Әрбір нәпсі өлімнің дәмін татады» /Құран аяты/ деген тіркесті алсақ, төмендегі мәтінді (корей жазушысы ИДохуанның «Сөне беретін шырақ» (1995) шығармасын) оның көркемдік әрі кезеңдік жемісі ретінде қарастыруға болады:
«Оның өте сүйкімді қызы болған еді. Басқаға сүйкімді болмаса да өзіне сүйкімді. Оның бар күшін салып жұмыс жасайтын себебі де қызы бақытты өмір сүру үшін барлық жағдайды жасауды ойлаған. Оның өмірге құштарлығы мен өмірлік мақсаты қызына деген әкелік махаббаты болды. Бірақ қызы айықпас ауруға шалдығып, жұлдызы ерте өшті. Ол қызы бұл дүниемен қоштасты дегенге сене алмай дел-сал болып ұзақ жүрді. Қайтып қалыпты өмір сүру қиын секілді көрінді. Бір күні ол түс көрді. Түсінде жұмаққа барып, онда жас періштелер шырақ жағып, салтанат құрып жүргенін көреді. Кенет сол періштелердің арасында бір періштені көзі шалып қалады. «Құдай-ау менің қызыма ұқсайды екен» деп жақындай береді. Қыз баланың қолына ұстаған шырағы сөніп қала береді екен. «Басқа періштелердің шырағы сөнбей жанып тұр» деп ішінен ойлайды. Бір кезде жақындап, періштеге анықтап қараған сәтте өзінің қызы екенін таниды. Қызына жақындап барып, құшағына қатты қысып сұрайды:
«– Не болды қызым? Неге сенің шырағың жанбайды? – деді.
Бұл сұрағына қызы:
« - Әке, шырағымды жағайын десем сөніп қала береді. Шырағымды жаққан сайын сенің көз жасың тамып кетеді, сондықтан шырағым сөніп қала береді», - деді. Ұйқыдан шошып оянған әкесі қызының шырағын ешқашан сөндірмеуге өз-өзіне іштей уәде берді».(«Сөне беретін шырақ» (1995), корей жазушысы И Дохуан). Жазушы Құранда айтылған ақиқатты (өлімнің хақ әрі мәңгілік екендігі жөнінде) сәбидің аузымен жеткізеді.
Бұдан шығатын қорытынды ең алдымен мәтінге классикалық сипат беретін оның мәңгілік мәселелерді баяндауды басты мақсат етіп алуы болып табылмақ. Әлбетте, көне мәтін бұл шарттарға сай бола тұра, классикалық деген анықтамаға мұқтаж емес (немесе мұндай анықтамадан әрдайым биік). Олай болмаған жағдайда біз әдебиеттің түпкі міндетінен гөрі (салыстырмалы түрде алғанда) көркемдік бірлік тұрғысынан ғана, яғни әдебиетті «әдебиет» ететін шартты белгілер тұрғысынан ғана қарастырумен шектеліп қаламыз.
Әдебиеттің тарихы мыңдаған жылдармен өлшене тұрса да, негізінен он бесінші ғасырдың орта шеніне келетін кітап баспа ісіне байланысты ғұмырын бастаған бұл термин /әдебиет/ бертін келе болмысты көркемдікке орап беруде негізгі ұғым жүйесіне айналды. Және мағыналық жағынан да әдебиет термині уақыт өте келе синкреттік сыпат иеленіп бесаспаптық қасиетке ие болды. Бүгінгі әдебиеттану ғылымында әдебиеттің басты функциясын айқындауға түрлі жолдармен талпыныс жасайтын сөз өнерінің салалары баршылық. Қазіргі әдебиеттану ғылымындағы структуралистік зерттеу тәсілі соның бірден бір айғағы.
Осы ретте, әдебиеттану ғылымының аталған зерттеу тәсілдеріне шолу жасай отырып, олардың бүгінгі қазақ әдебиеттану ғылымында қаншалықты салмағы барлығын анықтауды жөн көріп отырмыз.
Әдебиеттану ғылымындағы структуралистік тәсілдің ерекшелігі бар.
Тарихы жиырмасыншы ғасырдың 60-70 жылдарынан бастау алатын әдебиеттану ғылымындағы бұл бағыттың әдістемелік ұстанымдары Соссюрдің құрылымдық лингвистикасы мен орыстың формалистік мектебіне негізделген. Структурализмннің Францияда өркен жайған мектебі (Клод Леви-Строс, Ролан Барт) көбіне философиялық сипат алғандықтан структурализмнен постструктурализмге жеңіл өтті. Бұл жерде (Р.О.Якобсон, Ю.Лотман) семиотикалық зерттеу тәсілінің де структурализмнің негізін құрағанын айта кету керек. Ал Мәскеудегі структуралды поэтиканың басты өкілдері ретінде Вяч.Вс.Иванов, В.Н.Топоров, Б.А.Успенский, А.М.Пятигорский, Ю.М.Лотман, З.Г.Минц, Б.М.Гаспаров, П.А.Рудневтерді атап өтуге болады.
Структуралистік поэтиканың негізгі ұстанымы көркем мәтін бірлігінің жүйелілігі болды. Жүйелілік дегенде ең бастысы оның құрылымдық деңгейінің баспалдағына баса назар аударылды. Әуелгіде структуралды лингвистикадан бастау алған бұл тұжырымның негізгі ұстанымдары структуралистік поэтика басшылыққа алған кезеңдерде генеративті лингвистика тұрғысынан қайта қаралды. Бұл зерттеу тәсілінің құрылымдық деңгейінің жүйесі төмендегідей болды: метрика, грамматика, синтаксис, семантика (жалпылай алғанда мәтіннің мәні). Бұл жүйе бойынша структуралистер көбіне лирикалық өлеңдерді талдауды басты негіз етіп алды. Ал егер прозалық шығармалар талданған жағдайда метрикалардың орнын – туындының фабуласы мен сюжеті ондағы уақыт пен кеңістік басады.
Постструктурализм – 1970-1980 жылдардағы философия мен гуманитарлық танымдар жүйесіндегі зерттеу тәсілі. Постструктурализмнің мақсаты – белгілі бір құрылымдық жүйедегі «құрылымдық емес» нәрсенің барлығын ұғыну, тілдік құрылым мен адам танымын бағамдаудағы қарама-қайшылықтарды айқындау, оқудың жаңа тәжірбиелерін ұсыну болып табылады.
Негізінен поструктурализмнің өкілдерінің дені Ролан Барт, Мишель Фуко, Жак Деррида, Жан Бодрийар, Юлия Кристева секілді француз ғалымдарынан тұрады.
Постструктурализмнің негізгі нысаны – мәтін. Тіпті постструктурализмнің серке өкілдерінің бірі Жак Дерриданы мәтін мырза деп те атайды.
Постструктурализмнің зерттеу аясы (бір тырнағын ішіне бүгін үлкен мақсаттарға) әдеби пәлсафалық ізденістермен шектелсе, постмодернизм 80-жылдардың басында ақ, бірқатар ғылымдардың, өнер мен саясаттың теориялық негізіне әсер етуге талпынды. Бұл екі ағымның басты айырмашылығы да осы. Постмодернизм үшін ең басты нәрсе – цитата. «Біз барлық сөз атаулының айтылып біткен дәуірінде өмір сүріп жатырмыз» (С.Аверинцев). Сондықтан да постмодернистік мәдениетте әрбір сөз де, әрбір әріп те цитата болып табылады.
1990 жылдары белең алған саяси алаңдағы бетбұрыс жекелеген ұлттардың сөз өнеріне де әсер етпей қоймады. Соны танымдық тәсілдерді меңгеруге жол ашты. Сөз өнерінің табиғатын нақты спецификалық терминдермен саралауға деген ұмтылыс басым болды. Бұрынғы социалистік реализм теориясының қауқарсыздығын қазақ әдебиеттанушылары да бірден ұғынды. Бұл сөз жоқ, тәуелсіздіктің жемісі болатын.
Ең алдымен, қазақ прозасының өзіндік сыпаты құрылымдық ізденістер аясында талдауларға түсе бастады. Көркем мәтіндегі структуралистік белгілер, сол белгілерді қарастыратын тұжырымдар негізінде сараланды. Бұл бір жағынан алғанда структуралистік зерттеу тәсілдерін түрлі әдістемелік жағдаяттарда қарастыруға жол ашты.
Осының нәтижесінде, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары орын алған пікірталастарда әдебиеттаныу ғылымындағы зерттеу тәсілдері мен бағыттарды алмастырып қолдану үрдісі байқалды. Бертін келе әрбірінің тақырып аясы нақтыланып әдеби бағыттардың көркем өнер мен ғылымдағы орны белгілене бастады. Өнерді танудың дәстүрлі тәсілдері мен жаңаша эксперименттік тәсілдердің арасындағы өзара бәсекелестіктер орын алды. Дәлірегі, бүгінде әлемдік әдебиеттану ғылымындағы структуралистік бағыттың әдістемелері ұлттық әдебиеттану ғылымында тың теориялық, аналитикалық талғау ¬¬– талғамдармен толығуда. Шығарманың көркемдік табиғатына қатысты формалистік талдаудардың орнына көркем мәтіннің эстетикалық құндылығын бағамдайтын әрі мақсатты талдаулар келе бастады. Тәуелсіздіктің келуімен қатар әлемдік әдебиеттану ғылымындағы тың тұжырымдарды саралап, олардың ұлыттық сөз өнеріне берері бар ма, жоқ па деген мәселелерді қарастыруға мол мүмкіндік ашылды.
Мәселен, Т.Есембековтің орыс тіліндегі “Драматизм және қазақ прозасы” (1997), А.Ісімақованың “Қазақ көркем прозасы. Поэтика, жанр, стиль” (1998), Б.Жетпісбаеваның “Символ в движении литературы” (1999), С.Әшімханованың “Ғ.Мүсірепов прозасының поэтикасы” (1999), Х.Рүстемованың “Әнуар Әлімжанов прозасының поэтикасы” (1997), Г.Мучниктің “Коммуникативтік поэтика проблемалары” (1995), В.Савельеваның “Көркем текст және көркемдік әлем” (1996), “Көркемдік антропология” (1999) т.б. теориялық еңбектерде қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымындағы теориялық мәселелер, көркем шығарманың ішкі табиғаты, олардың көркемдік-эстетикалық ізденістері, көркем мәтіндегі құндылықтар ғылыми дәлдікпен сараланады.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары әдебиеттанушылар тарапынан «Еуропаға, орысқа, еліктеуді қоялық», «Төл өнерімізді игеріп алалық» дегенге саятын пікірлер көп айтылды. Асылында бұл ғибраттық, рухани төл әдебиет мұраларын жаңғырту тұрғысынан алғанда өте орынды пікір. Себебі төл әдебиеттінің уызына жорыған жан ғана өзгенің дертінен аман қалмақ. Ал сол төл әдебиет мұраларын мағыналық, құрылымдық мәтіндік, пәлсафалық тұрғыдан талдауға, жүйелеуге келгенде жоғарыдағыдай пікірлердің әлсіздігі байқалады. Сөз өнерін танудың кез келген тәсілдерінің (структуралистік, герменевтикалық, т..б.) тиімді түстарын пайдаланудан ұтпасақ ұтылмайтынымыз белгілі. Олардың бәрі сөздің құрылымына басымдық берсе, келесісі оның семантикалық қасиетін ту етіп ұстанады. Дегенмен әдебиетті танудағы әр алуандық оны кәсіптік бәсеке тұрғысынан шыңдай, түскеннен өзге күрделі зиянын келтіре қоймайды.
Қазіргі әдебиет туралы ғылымның философиялық негізі мәдени қақтығыстарға, пәнаралық зерттеу тәсілдеріне, мәселенің өзінен гөрі мәнін қарастырумен байланысты. Бұл әдебиетті танудың дәстүрлі тәсілдерінің қауқарсыздығынан туып отырған жайт. Танымдық жүйе мен көркем сөздің қызметі әркез бірлікте әрекет ететіні белгілі. Осы тұрғыда, кеңестік жүйеге негізделген мемлекеттердің тәуелсіздікке қол жеткізген әдебиеті мұндай әдістемелік өзгерісті жедел қабылдап үлгерді. Әдістемелік ізденіс шеңбері кеңи түсті. Тәуелсіздік кезгі қазақ әдебиеттануындағы соны ізденістерде көркем сөзді талдау тұрғысынан үлкен бәсеке алаңының бар екенінен хабар береді.
Структуралистік, герменевтикалық зерттеу тәсілдерінің әрбірінің “шығарма сөзге” (Ахмет Байтұрсынұлы) деген өзіндік саралау әдістері бар. Осылардың қатарында, структуралистік, яғни көркем сөзді құрылымдық поэтика тұрғысында саралау үлгілері қазақ әдебиеттануында да соңғы жылдары көбейіп отыр.
А.Л.Жовтис, Л.Л.Бельская, С.А Матяш, Х.Н.Садыков, А.Е.Кулумбетова, Н.Ж.Сагындыкова, А.С.Исмакова, Б.А.Жетписбаева, Т.У.Есембеков, Б.К.Майтанов, А.Ж.Жаксылыков, С.Ашимханова, В.В.Бадиков, К.Р.Рустемовой, Г.М.Мучник, В.В.Савельева, Х.А.Адибаев сынды әдебиеттанушы ғалымдардың еңбектері көркем сөзді танудағы жаңаша әдіс-тәсілдерді қолданады.
Қазақ әдебиеттану ғылымындағы зерттеу нақтылығына әдістемелік тұрғыдан бірқатар үлес қосқан ғалымдардың ішінен профессор А.Л.Жовтисті бөле жара атауға болады. Отандық әдебиеттану ғылымындағы өлең сөздің құрылымдық ерекшеліктерін зерттеудің басында тұрған ғалым, көбіне құрылымдық тәсілдің түп негізін басшылыққа алуды ұсынды. А.Жовтистің зерттеу еңбектеріне арнайы шолу жасай отырып, әдебиеттанушы ғалым Л.Сафронова: «Ученик Л.И.Тимофеева, А.Л.Жовтис был сторонником умеренной ветви структурализма, акцентирующей содержательность художественной формы. Его кандидатская диссертация «Емельян Пугачев» В.Я. Шишкова (отбор и творческое исследование исторического материала)» (1954) уже отражает отказ ученого от вульгарно-социологического литературоведения, апелляцию собственно к поэтике текста, основам объективного литературоведческого историзма» деп ой қорытады.
А.Жовтистің ғылыми зерттеу шеңберінің аясына өлеңтанудың теориялық мәселелері, өлең сөздегі стиль мәселесі мен авторлық өзгешелік, өлең сөздің стилдік типологиясы, Мағжан Жұмабаев пен Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармашылығы, өлең сөз бен прозаның ара қатынасы секілді мәселелер де кірді. Ғалымның және бір маңызды зерттеу ізденісі ретінде бүгінгі әдебиеттанудың әлеуметтік қырларына, дәлірек айтсақ, иделогияның өлеңнің пішіндік ерекшеліктеріне әсері тұрғысындағы жұмыстарын айтуға болады.
А.Л.Жовтистің өлеңтану саласындағы шәкірттерінің бірі профессор Л.Л.Бельская өз еңбектерінде олең сөзді талдаудағы құрылымдық тәсілдің жетістіктеріне сүйенеді. С.Есенин шығармашылығына арналған докторлық жұмысында Л.Бельская ақын өлеңдерінің дыбыстық құрамын структуралистік тұрғыдан талдайды. Өлең сөздегі ұйқас, бунақ, тармақ, шумақтардың даралық қасиеті статистикалық талдау тұрғысынан дәлелденіп, С.Есениннің ақын ретіндегі жаңа бір қыры айқындалған.
Ал ғалымның ақын шығармашылығының А.Пушкин, И.Бродский, О.Мандельштам т..б. секілді ақын өлеңдерімен сарындас тұстарын қарастыруы, оның көркем мәтінді тек құрылымдық тұрғыдан емес, семантикалық тұрғыдан да қарастырғанын көрсетеді.
Профессор С.Д.Абишеваның зертеулерін де структуралистік тәсілдің аясында қарастыруға әбден болады. Мұның бірден-бір дәлелі, әдебиеттанушының 2002 жылы жарық көрген «Поэтическая система «мир природы»: структура и семантика» атты монографиялық еңбегі. Асылында структурализм – кез-келген жүйедегі ішкі ережелердің қызметін реттейді десек, аталмыш еңбекте мұның іс-тәжірибиелік аспектісі дәлелденген. С.Абишева қазақ-орыс ақындарының поэтикалық материалдарының негізінде сөз, композициялық құрылым, цикл, обрьздың жүйе секілді ұғымдардың негізінде «табиғат әлемінің» семантикалық және структуралистік сипатын талдайды. Структуралистік теорияда әрбір жүйе өз ішінде бірнеше жүйеге болінеді. Мұның өзі сайып келгенде шығарманың құрымдық қасиетін аша түседі. Осы тәсілді бұл еңбектің авторы табиғаттың көркемдік әлеміне теліген. Мұндай структуралистік жүйелігін тәсілі зерттеушіге ХХ ғасыр поэзиясындағы табиғатты бейнелеудегі ортақ ерешіліктерді айқындауға, олардың құрылымдық – семантикалық белгілерін нақтылауға мүмкіндік бергенін айту керек.
Мәтінді структуралистік тұрғыдан талдаудың тиімділігіне шек келтірмейтін әдебиеттанушы ретінде Х.Н.Садықовты атауға болады. Х.Н.Садықовтың 2002 жылы жарық көрген орыс тіліндегі «Әдебиет теория» оқулығы мұның бірден-бір дәлелі деуге болады. Оқулық авторы сөз өнерінің озіндік ерекшелігін эстетикалық жүйе ретінде қарайды. Көркем мәтіннің құрылымын әдебиеттанушы оның семантикалық ерекшелігінен жоғары қояды. Яғни, сөз өнері, ең алдымен, эстетикалық нысан (поэтика – эстетика – семиотика бірлігіндегі). Бірақ, теориялық поэтиканың дәстүрлі зерттеу еңбектерінде эстетика пәлсафалық құндылық ретінде қарастырылады. Оның материалы (материал: поэтика – риторика – стилистика) екінші кезектегі мәселе. Ал, Х.Садықовтың структуралистік әдістемесі өзіне ыңғайлы тәсілді алға тартады. Яғни, автор көркем мәтіннің мағынасынан оның құрылымына емес, керісінше, пішіннен мазмұнға қарай талдайды.
Структуралистік поэтиканың аясында жұмыс жасап жүрген келесі әдебиеттанушы – А.Е.Құлымбетова. А.Құлымбетова мәтінді жүйелі талдау мектебінің окілі. Әдебиеттанушы ең алдымен, көркем мәтінің пішіндік пәм мағыналық қасиетін ашуда жүйелі әдіс – тәсілдерді дамытады. Мәтіндегі пішіндік және мағыналық қызметтегі хронотоптың орны мен оның өзіндік өнер жүйесіндегі ағымдық құндылығы кезеңдік белгі ретінде қарастырылып, жүйенің жалғастығы нәтижесінде белгіленеді.
А.Е.Кулумбетова «Стиль казахского рассказа и повести» (1993), және «Системный анализ художественного произведения» (1997) жылы атты монографиялардың авторы М.Бахтиннің хронотоп ұғымы бойынша әдебиеттанушы стилдің спецификасына үңіледі. Стильдегі жүйе, және стилдің ағымдық санадағы құрылымдық қасиеті зерттеу нысаны етіп алынған.
Отандық әдебиеттану ғылымында біз қарастырып отырған зерттеу тәсілдері толықтай болмаса да, олардың тиімді элементтері мен прагматикалық механизмдері кеңінен қолданылып келеді.
Көркем мәтіндегі күрделі «таңбалар жүйесін» прагматикалық мақсұтқа жеңдіріп айқындап беру – тәуелсіз кезеңіндегі әдебиеттанудың бірден-бір ұстанымына айналды. Мәселен, ауыз әдебиетінің үлгілерін алсақ, ондағы мағыналық тереңдік (герменевтикалық тәсілді қажет ететін), құрылымдық қасиеттің феномендік белгілері (структуралистік тәсілді қажет етеді), асыл сөздің түрлі деңгейдегі кодтары (семиотикалық зерттеу тәсілдеріне әбден негіз бола алады) бәрі бәрі жиылып келіп, ұлттық сөз өнеріне деген жаңаша әдістемелік зерттеу үлгілерін қажет ететіндігінен хабар береді. Әрине, болашақта бір жүйеге бағындырылатын мұндай тәсіл әлемдік әдебиеттанудағы аталмыш зерттеу тәсілдерімен қосыла күрделі синтез тұрғысында өмір сүруге мәжбүр болуда.
Көркем сөздің осындай күрделі айтыс-тартысқа құрылған (драматизмге) қасиетін саралау профессор Т.Есембековтің зерттеулерінде айқын байқалады. Т.Ұ.Есембеков көркем мәтінді саралаудың структуралистік, постструктуралистік, психоаналитикалық, постмодернистік зерттеу тәсілдерінің әдістемелік базаларына сүйене отырып, драмалық жанрлардың қасиетіне байланысты тың тұжырымдар жасайды. Көркем сөздің ішкі күрделі құрылымдық белгілерінің даму барысындағы драматизмнің орнын ғалым, драманың түрлі деңгейдегі жанама компоненттері арқылы айқындап береді. Аталған теориялық тұжырымдардың практикалық тұсын әдебиеттанушы Ә.Тарази, С.Жүнісов, О.Бөкей, М.Мағауин, Ә.Кекілбаев, Д.Исабековтер сынды қаламгерлердің шығармашылығының негізінде дәлелдейді. Структуралистік тәсіл тұрғысынан алғанда драматизм мәтіннің көркемдік бірлігіне қызмет етеді. Құрылымдық поэтика мұны мәтіннің тысқы әрі функционалдық белгілеріне қарай саралайды. Ал Т.Есембековтің монографиялық жұмысында бұл фактор – көркем мәтіннің драмалық қасиеті «авторлық көзқарас» тұрғысынан ашылады. Яғни әрбір көркемдік элементтің бірізділікке түсуі «авторлық позицияның» ықпалына байланысты екені жан-жақты эксперименталдық әрі нақты салыстырмалы аналитикалық талдаулар нәтижесінде дәлелденеді. Осы тұжырымның аясында қазақ прозасының, дәлірегі ондағы драматизмнің кезеңдік белгілері (20-30 жылдардағы проза; 50-60 жылдардағы проза; 70-жылдардағы проза) нақты синтездік түйін ретінде көрсетіледі.
Тәуелсіз әдебиеттану ғылымындағы бірқатар еңбектерді әдістемелік, негіздік тұрғыдан структуралистік, ал зерттеу материалы тұрғысынан семиотикалық пайым бойынша жазылған деуге болады. Мәтінді коммуникативті қасиеті тұрғысын қасиеті тұрғысынан қарастыру соның бір дәлеліндей. Көркем мәтіннің құрылымдық белгілерінің авторлық ұстаным тұрғысынан да, оқырманның талғам тұрғысынан да айшықтала түсетін тұстары бар.