22. Ас қорыту жүйесіне сипаттама. Ас қорыту жолының құрылысы Ас қорыту мүшелерінің құрылысы қоректенетін тамақ ерекшеліктеріне қарай түзілген. Мысалы, тек өсімдікпен, не болмаса етпен қоректенетін жануарларға келсек, олардың ас қорыту мүшелері ерекше құрылысты келеді. Ал адам тағамның әр түрін қабылдағаннан кейін оның ас қорыту мүшелерінде белгілі бір тағам түріне бейімделген ерекшелігі болмайды. Ас қорыту жүйесінің әрбір бөлігі түрлі қызмет атқаратындықтан құрылысы мен пішіні де түрліше болып келеді. Оның жалпы ұзындығы 8-10 метрге дейін жетеді. Тағамды механикалық майдалау, шайнау ауыз қуысының қызметі болып есептеледі. Осыған байланысты ас қорыту мүшелерінің ішінде тек қана осы бөлігінің негізі сүйектен түзілген. Ас қорыту мүшелерінің көбі қуысты болып келеді, олардың кенересі үш қабаттан түзілген. Оларға: кілегейлі (ішкі), бірыңғай салалы (ортаңғы), сір (сыртқы) қабаттары жатады. 1. Кілегейлі қабаты (слизистая оболочка) -барлық ас қорыту мүшелерінің ішкі бетін астарлап, асты қорыту және оны сіңіру қызметтерін атқарады. Сондықтан да кілегейлі қабат өте күрделі - эпителий, жазық ет және кілегейлі қабаттардан түзілген. Мұндай құрылыс ішектің оңай созылып, кеңейіп тұруына, ішіндегі тағамның қорытылуына жағдай жасайды. Бұл қабатта қан, лимфа тамырлары және нерв талшықтары тарамданып жатады. Кілегейлі қабаттар өздерінен сөл, (секрет) шығарып тұратын бездерге де бай келеді. Эпителий – кілегейлі қабаттың ішкі бетін жауып жатады. Бұл көп қабатты (ауыз қуысында, жұтқыншақта, өңеште) және бір қабатты эпителий (қарында, ішектерде) болып бөлінеді. Кілегей қабатта бірыңғай салалы ет талшықтары да болады. Осы ет талшықтары арқылы эпителий қабаты кілегей асты қабатымен байланысып тұрады. Дәнекер тканнен түзілген кілегейлі қабат ет қабатына бос жабысып тұрғандықтан оның қатпарланып жиырылып жатуына себепші болады. Егер бұл қабат жоқ болса кілегейлі қабат қимылсыз тегіс жатады (тіл, иек, қатты таңдай). Кілегейлі қабатта қарапайым түзілген бездер көп орналасқан, олар кілегей сұйықтық шығарады. Ас қорыту бездерінің кейбіреуі ас қорыту жүйесінен тыс орналасқан, бірақ өздерінің арнаулы түтіктері арқылы ас қорыту мүшелерімен тығыз байланыста болады. Мысалы үш пар сілекей, бауыр және қарынасты бездері шыққан сөлдерін (секреттерін) арнаулы түтіктер - өзектері - арқылы ауыз қуысы мен ұлтабарға құяды. 2. Бірыңғай салалы ет қабаты (мышечная оболочка) - кілегей және сір қабаттарының аралығында орналасқан. Ас қорыту жүйесінің жоғарғы бөліктері ғана көлденең жолақты ет ткандерінен түзілсе, ал қалған бөліктері - өңештің ортаңғы бөлігі, қарын, аш ішек және тоқ ішек мүшелерінің қабырғасы - бірыңғай салалы ет тканінен түзілген. Бұл мүшелердің ет талшықтары негізінде екі бағытта орналасқан. Ішкі талшықтары – көлденең, сыртқы талшықтары – ұзына бой жатады. Осы ет талшықтарының жиырылуына байланысты тағам жылжиды және механикалық түрде сөлдермен араласып қорытылады. Жалпақ ішек қимылын толқынды (перистальтикалы) қимыл дейді. 3. Сір қабат (серозная оболочка) - ішкі органдардың сырт жағын қоршап, қорғаныс қызметін атқарады. Оның ішімен қарынға, ішекке тамырлар мен нервтер өтеді. Бұл қабат кілегей бөліп мүшенің сыртын ылғалдап тұрады.