1. Анатомия пәні мен оның міндеттері, зерттеу әдісі, түрлері



бет22/72
Дата24.04.2023
өлшемі0,49 Mb.
#86134
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   72
Байланысты:
1. Анатомия пәні мен оның міндеттері, зерттеу әдісі, түрлері-melimde.com

Бұл айтылған санның артқы жағындағы бұлшық еттері аяқты жамбас буынынан жазып, тізе буынынан бүгеді, ал сирақ бүгіліп тұрған жағдайда оны сыртқа не ішке бұрады.
Санның шандырлы ет жапқыштары меншікті және жалпы шандырлы жапқыштар деп бөлінеді. Жалпы шандырлы жапқышы барлық сан бұлшық еттерін жауып жатса, меншікті шандырлы жапқыштар әрбір етті бөлек-бөлек жауып, бір-бірінен бөліп тұрады
Сирақ еттерінің алдыңғы тобына асық жіліктің алдыңғы еті, аяқ бармақтарын жазатын, бас бармақты жазатын ұзын еттер жатады. Бұл еттер аяқ жілік пен оның шыбығының алдыңғы беттерінен басталады.
1. Асық жіліктің алдыңғы еті (передняя большеберцовая мышца) – асық жіліктің алдыңғы жағында орналасқан. Ол сүйекаралық жарғақтан басталып, аяқ басына қарай бағыт алып, айқас байламдарының астынан өтіп, бірінші сына сүйегі мен бірінші табан сүйегінің негізіне бекиді. Бұл ет жиырылғанда аяқ басын жазады және оның ішкі қырын көтереді.
2. Бармақтар жазатын ұзын ет (длинный разгибатель пальцев)- жоғарыда айтылған бұлшық еттің сырт жағында орналасқан. Бұл қауырсын пішінді бұлшық еттер тобына жатады. Ол асық жілік пен шыбықтың бас жағынан және сүйекаралық жарғақтан басталады. Бұл бұлшық еттің де сіңір бөлігі айқас байламдар астынан өтіп, төрт бөлікке ажырап ІІ, ІІІ, ІҮ, Ү бақайларға бағытталып, бақайшықтарына бекиді. Жиырылғанда барлық аяқ бармақтарын және аяқ басын жазады.
3. Басбармақ жазатын ұзын ет (длинный разгибатель большого пальца) - жоғарыда айтылған екі еттің астында, тереңде орналасқан. Ол шыбық пен сүйекаралық жарғақтан басталып, айқас байлам астынан өтіп, бас бармақтың тырнақ бақайшығына бекиді. Жиырылғанда бас бармақты жазумен бірге аяқ басын үстіне қарай тартады.
Сирақтың сырт жағында шыбықтың ұзын және қысқа еттері жатады.
1. Шыбықтың ұзын еті (длинная малоберцовая мышца) - қауырысын пішінді ет. Ол шыбық сүйектің басынан басталып ұзын сіңірі тобықтың астынан табанға қарай өтіп, бірінші табан сүйегі мен бірінші сына сүйегіне бекиді. Бұл ет жиырылғанда аяқ басын бүгіп, сырт жағынан көтереді.
2. Шыбықтың қысқа еті (короткая малоберцовая мышца) - айтылып кеткен еттің астында орналасқан. Оның сіңірі де шыбықтың сыртқы тобығынан орай өтіп, Ү табан сүйегіне бекиді. Бұл жиырылғанда да аяқ басын бүгін оны сыртқа қарай тартады.
Сирақтың сырт жағындағы еттерді орналасу жағдайына қарай беткей және терең жатқан еттерге бөледі. Оның беткей қабатында үшбасты ет, табан еті, ал терең жатқан қабатында тақымасты еті, бақайларды бүгетін ұзын ет, асық жіліктің артқы еті және бас бармақ бүгетін ұзын ет жатады.
1. Сирақтың үшбасты етінің (трехглавая мышца голени) – екі басын балтыр ет деп атаса, үшінші басын камбала тәрізді ет дейді. Балтыр еті сирақтың арт жағында тері астында орналасқан. Оның екі басы ортан жіліктің төменгі жағынан басталып, төмен қарай түсе келе астында жатқан камбала тәрізді етпен бірігіп, өкше немесе ахиллес сіңірін түзеді. Ахиллес сіңірі өкше сүйегінің бұдырына бекиді. Бұл тұтасымен жиырылғанда тізені, аяқ басын бүгеді, өкшені көтереді. Жалпы аяқтың тік тұруын қамтамасыз етеді.
2. Табан еті (подошвенная мышца) - қалдық еттерге жатады, өйткені бұл кей адамдарда болмауы да мүмкін. Ол ұзын сіңірлі, ортан жіліктің арт жағынан басталып, балтыр еттің астынан өтіп, ахиллес сіңіріне бірігіп кетеді. Сол себептен бұл үшбасты еттің жәрдемшісі болып саналады. Сирақтың арт жағында терең жатқан бұлшық еттер сирақ жіліктері мен сүйекаралық жарғақтан басталады. Олар сирақтың алдыңғы бетінде жатқан еттерге қарама-қарсы қызмет етеді.
3. Тақымасты еті (подколенная мышца) - жалпақ және қысқа болып келеді. Ол тақым астында орналасқан. Тақымасты еті ортан жіліктің төменгі жақ сыртқы бетінен басталып, асық жіліктің артқы бетінің жоғарғы бөлігіне бекиді. Бұл ет жиырылғанда сирақты бүгіп, оны ішке қарай айналдырады.
4. Аяқ бармақтарын бүгетін ұзын ет (длинный сгибатель пальцев)- артқы еттердің астыңғы жағында, асық жіліктің артқы бетінде орналасқан. Осы жіліктің артқы бетінен басталып, оның сіңірі табанға қарай айналып, төртке бөлініп ІІ, ІІІ, ІҮ, Ү аяқ бармақтарының тырнақ бақайшықтарына бекиді. Бұл ет жиырылғанда аяқ бармақтарын және аяқ басын бүгеді, табанның ішкі қырын көтеріп супинациялайды.
5. Асық жіліктің артқы еті (задняя большеберцовая мышца)- бармақтарды, бас бармақты бүгетін ұзын еттердің аралығында орналасып, сол бұлшық еттермен жабылып жатады. Ол сүйекаралық жарғақ пен екі сирақ сүйектерінің артқы бетінен басталып, ішкі тобықтың астынан айналып өтіп, сіңірі қайықша сүйекпен бірінші сына сүйекке бекиді. Жиырылғанда аяқ басын бүгеді, ішкі қырын көтеріп супинациялайды.
6. Басбармақ бүгетін ұзын ет (длинный сгибатель большого пальца)– терең еттердің астыңғы жағында орналасқан ірі бұлшық еттер қатарына жатады. Бұл ет қауырысын пішінді келеді. Ол шыбықтан басталып, ұзын сіңірі ішкі тобықтың астынан өтіп, басбармақтың тырнақ бақайшығына бекиді. Жиырылғанда аяқ басын ішке қарай айналдырып, бас бармақты бүгеді.
Сирақтың шандырлы жапқыштары аяқты сирақ бөлімінің бұлшық еттерін қоршап жатады. Жалпы сирақтың шандырлы жапырақтары сирақ еттерін топ-тобымен орап, керіп жіліктерге бекиді. Сонымен бірге бұл шандырлар сирақтың алдыңғы жағында жатқан еттерді сырт жағында жатқан еттерден ажыратып, аралық перделер түзіп жатады.
Сирақ шандырлары толарсақ буын аймағында қабаттанып, сіңір байламдарын түзеді. Аяқ басының дөңес бетінде көлденең және айқас байламдары болады. Олар астынан өткен ет сіңірлерін бекітіп, оларды орындарына орнықтырып жатады.
Аяқ басының үстіңгі еттерінеаяқ бармақтарын жазатын қысқа еттер мен бас бармақ жазатын қысқа ет жатады.
1. Аяқ бармақтарын жазатын қысқа ет (короткий разгибатель пальцев)- өкше сүйегінің сырт жағынан басталып, саусақтарға қарай бағыттала келе, үш сіңір салаларына бөлінеді де үш (ІІ, ІІІ, ІҮ) аяқ бармақтарының ортаңғы және тырнақ бақайшықтарына ет сіңірлерімен бекиді. Олар жиырылған кезде бірігіп, бармақтарды жазады.
2. Бас бармақ жазатын қысқа ет (короткий разгибатель большого пальца)– алдында айтылған еттің іш жағында орналасқан. Оның басы өкше сүйегінің жоғарғы бетінен басталып, бас бармақтың тырнақ бақайшығына бекиді. Жиырылған кезде бас бармақты жазады.
Табан астының бұлшық еттері сыртқы, ішкі табан қырының еттері мен орта бөлігінің еттері болып үш топқа бөлінеді. Табанның сырт жағындағы еттерге Ү саусақты қимылға келтіретін еттер жатады. Олар Ү саусақты бүгуші, алып кетуші және оны қарама-қарсы қоюшы еттер. Бұлар өте майда келеді. Жиырылған кезде өздерінің аттарына лайық қызметтерден басқа табанның сыртқы жиегін түзеді. Табан еттерінің ішкі тобына бас бармақты бүгетін, алып кететін және алып келетін еттер жатады. Бұл еттер табанның көлденең сайын түзуге қатысады.
Табанның орта бөлімінің еттеріне аяқ бармақтарын бүгетін қысқа еттер, табанның құрт тәрізді еттері және табанның сүйекаралық еттері жатады.
1. Аяқ бармақтарын бүгетін қысқа ет (короткий сгибатель пальцев) - өкше сүйегі мен табан шандырынан басталады. Бұл еттер төрт салаға бөлініп, әрқайсысы сіңірлі бөлігімен төрт (ІІ, ІІІ, ІҮ, Ү) бармақтан ортаңғы бақайшығына бекиді. Жиырылғанда тіркелген бармақтарын бүгеді және табан ойысын түзуге қатысады.
2. Табанның шаршы еті (квадратная мышца подошвы) - алдында айтылып кеткен еттің астында жатып, өкше сүйегінен бастала келе, саусақтар бүгетін ұзын еттің сіңірінің сырт жағына бекиді. Мұның қызметі – бармақтарға қиғаш жалғасқан бармақтар бүгетін ұзын ет сіңірлерін ұзыннан тартып тұру.
3. Табанның құрт тәрізді еттері (червообразные мышцы подошвы)- төрт ет жиынтығынан түзіліп, сіңірлері бармақтар бүгетін ұзын ет сіңірлерінен басталады. Ол төменгі жағында бармақтың негізгі бақайшықтарының ішкі жағына бекиді де, ортаңғы тырнақ бақайшықтарын жазып, негізгі бармақтарды бүгеді.
4. Табанның сүйекаралық еті (межкостные мышцы подошвы) -табан сүйектерінің арасында орналасқан. Ол төрт сыртқы және үш табанасты еттерінен құралған. Аяқ басының сыртқы еттері аяқ бармақтарын алшақтатса, ал табанасты еттері оларды керісінше бір-біріне жақындатады.
Аяқ басының бұлшық еттерінің шандырлы жапқыштары сирақ шандырының тікелей жалғасы болып есептеледі. Аяқ басының дөңес бетіндегі шандыр жапқыштары жұқа келген сүйектерге бекіген.

Табан бетінде күшті сіңірден пайда болған табан жапқышы болады. Ол өкше сүйегінен басталып бармақтарды бойлап орналасқан. Табанға келетін бұлшық еттердің сіңірлерін кілегейлі қынаптар қаптап жатады. Сіңірлер шандыр байламдарының астынан өтер жерінде сүйекті-шандырлы қынаптар арқылы сүйекке жанаса орналасқан. Табан бөлігінің сіңірлері де кілегейлі қынаптар мен фиброзды қынаптардан өтеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   72




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет