Бірінші жалпықазақ съезі - 1917 жылы 21-26 шілде аралығында Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Сырдария, Ферғана облыстарынан және Бөкей ордасынан 20-дан астам қазақ өкілдерінің қатысуымен Орынбор қаласында өткен сиез. Ол Х.Досмұхамедұлының төрағалығымен, А.Байтұрсынұлының, Ә.Көтібаровтың, М.Дулатовтың, А.Сейітовтың хатшылығымен өтті. Бірінші жалпықазақ сиезінің күн тәртібіне сол тарихи кезендегі елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өміріне Қатысты төмендегідей 14 мәселе қойылды:
1. Мемлекеттік құрылыс. 2. Қазақ автономиясы. 3. Жер мәселесі. 4. Халық милициясы. 5. Земство. 6. Оқу мәселесі. 7. Сот мәселесі. 8. Дін мәселесі. 9. Әйел мәселесі. 10. Бүкілресейлік құрылтай жиналысы. 11. Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесі. 12. Қазақ саяси партиясы. 13. Жетісу оқиғасы. 14. Киевте өтетін Бүкілресейлік федералистер сиезіне және Санкт-Петербургтегі оқу комиссиясына Қазақтан өкіл жіберу.
Сиез қабылданған қаулы бойынша Ресей «демократиялық федеративтік республика болып, қазақ облыстары қоныс, ұлт жігіне қарай облыстық автономия алуға тиіс» болды. Делегаттар жер туралы мәселені аса ұкыптылықпен талқылап, 14 тармақтан тұратын шешім қабылдады. Онда: «Қазақ халқы өзіне қарасты жерге орналасып болғанша қазақ жері ешкімге берілмесін» деп көрсетіліп, бұрын қазақтардың пайдасынан алынып қойған жерлерді кері қайтару талап етілді. Делегаттар «жер туралы қазақ өз алдына заң жобасын жасасын» деген ұсыныс білдіріп, Бүкілресейлік Құрылтай жиналысының болашақ депутаттарына жиналыста бұл мәселені талқылап, оған депутаттыққа кандидат етіп 81 адамнан тұратын тізімді бекітті. Олардың ішінде Ә.Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлімхан Ермеков, Х.Ғаббасов, Ж.Ақпаев, Айдархан Тұрлыбаев, А.Сейітов, М.Дулатов, А.Бірімжанов, С.Қадырбаев, Х.Досмұхамедұлы, Ж.Досмұхамедұлы, Мұхаметжан Тынышбаев, Ы.Жайнақов, С.Аманжолов, М.Шоқай, Ә.Кенесарин, Қ.Қожықов, Ғ.Оразаев, Б.Құлманов, У.Танашев секілді белгілі қазақ зиялылары болды. Сондай-ақ, депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылғандардың арасында Г.Н. Потанин, В.Чайкин, Т.Нарботабеков, Ә.Диваев сияқты басқа ұлт өкілдері де бар еді.[1]
Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесіне сиез шешімімен Ақмоладан А.Тұрлыбаев, Семейден Ә.Сәтбаев, Торғайдан Ә.Байғарин, Оралдан Досмұхамедұлы, Бөкей ордасынан У.Танашев, Жетісудан Б.Мәметов, Сырдариядан М.Шоқай, Ферғанадан Ғ.Оразаев сайланды. Бірінші жалпықазақ сиезі қазақ халқының өз алдына саяси партиясы болуы тиіс деп есептеп, бұл партия бағдарламасының жобасын Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесіне сайланған қазақ өкілдеріне тапсырды. Сиездің шешімі бойынша, құрылатын партия парламенттік негізде демократиялык ұстанымдарды басшылыққа алған, қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғауды мақсат тұтқан саяси партия болуы тиіс еді. Сиез жұмысы барысында бір топ делегат партия құру ісіне байланысты сөйлеген Бөкейханұлынан ресейлік кадет партиясына қатынасын ашық мәлімдеуді талап етті. Соған байланысты болашақ партия басшысы кадет партиясынан шығатынын мөлімдеді. Сиез өз қаулыларында «осы күнгі тұрақты әскер орнына халық милициясы құрылсын» деп, ұлттық әскер жасақтауды, «көшпелі елдерде отырықшылардікі секілді тоқтаусыз болыстық земство ашылсын» деп, земстволық басқару жүйесінің қазақ тұрмысына бейімделген түрін ұйымдастыруды, «қазақтың народный сотын» жойып, оның орнына «қазақ тұрмысына лайық сот - айрықша сот» құруды жақтап шықты. Сиездің оқу-ағарту ісі, әйел теңдігі және дін мәселелері бойынша қабылданған шешімдері қазақ зиялыларының бұл қоғамдық мәселелерді түсініп, шешуде өз заманындағы қоғамдық ойдың алдыңғы қатарында тұрғандығын айғақтайды. Оқу-ағарту ісіне байланысты «бастауыш білім жалпыға міндетті болсын, бастапқы екі жылда оқу баланың ана тілінде жүрсін, мектеп оқулықтары және мерзімді басылым «Қазақ» газеті емлесімен жазылсын» деп көрсетіп, ал әйел теңдігі жөнінде «әйелдер саяси құқықта ерлермен тең, ерге шығу еркі әйелдің өзінде болсын, қалыңмал жойылсын, 16-ға толмаған қызға құда түсу болмасын, неке қиярда әйел мен еркекті беттестіріп, ризалықтары ескеріліп отырсын» деп қаулы етті. Сиез Жетісу облысында туындап отырған жағдайды талқылап, Ресей ішкі істер министрі атына: «Жетісудағы қазақ-қырғызды атып-жаншып жатқан мұжықтардың және соғыстан қайтқан солдаттың қолынан қару-жарағын жиып алып, халықты тыныштандырсаңыз екен», - деген мазмұндағы жеделхат жолдады. Сонымен бірге Жетісу облысындагы ашаршылықтан қырылып жатқан қазақ-қырғызға «алаш баласының жәрдем беруін» өтініп үндеу тастады. Киевқаласында тамыз айында өтуі тиіс федералшылар сиезіне Бөкейханды, Досмұхамедұлын және Танашевты жіберу жөнінде шешім қабылданды. Санкт-Петербургтегі оқу комиссиясына С. Кенжеұлы баратын болып белгіленді. Сиездің күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қабылданған қарарлар кейінірек, 1917 жылы 21 қарашада «Қазақ» газетінде жарияланған «Алаш» партиясы бағдарламасы жобасында басшылыққа алынды.
4. Алаш партиясының ұсынған бағдарламасы.
Достарыңызбен бөлісу: |