Аударматану саласының теоретигі В.Н.Комиссаров аударма- тану саласына төмендегідей талаптар қояды:
1) аударманың жалпылингвистикалық негіздерін ашу және сипаттау, яғни аударма процесінің негізінде тіл жүйесінің қандай ерекшеліктері мен тілдің жұмсалымдық заңдылығы жататындығын анықтау;
2) аударманы лингвистикалық зерттеудің нысаны ретінде қарастыру, тілдік зерттеулердің басқа түрлерінен оның айырма- шылығын көрсету;
3) аударма қызметі түрлерін жіктеудің негізін жасау;
4) түпнұсқа мен аударма мәтіндерінің коммуникативтік теңдігі ретіндегі аударма процесіндегі баламалылықтың мәнін ашу;
5) аударма ғылымының жеке және арнайы теориясын жасаудың жалпы ұстанымдары мен ерекшеліктерін талдау;
6) түпнұсқа мәтінді аударма мәтінге айналдырудағы аудар- машының іс-әрекеті ретіндегі аударма процесінің жалпы ғылыми ұстанымдарын жасау;
7) прагматикалық және әлеуметтік факторлардың аударма процесіне тигізетін әсерін ашып көрсету;
8) «аударма нормасы» ұғымын анықтау және аударманы бағалау ұстанымдарын жасау [4, 35-36-бб.]. Аударматану теориясына қойылатын бұл талаптар толық орындалып, жалпы аударма процесінің ерекшеліктері, аудармашы мен аудармаға қойылған міндет-мақсаттар сақталған жағдайда шынайы аударма жасалады деуге болады.
Аталмыш міндеттерден аударматану теориясының төмендегі түрлері туындайды: денотативті, трансформациялық, семантикалық, балама деңгейлер туралы теория. Мұндағы денотативті теория ұқсас, сәйкес жағдаяттарды сипаттауды, трансформациялық теория түпнұсқа мен аударманың синтаксистік құрылымының семантикалық жуықтығын (инварианттылығын), семантикалық теория мазмұндық (астырт) категориялардың сәйкестігін және балама бірліктердің семантикалық белгілерінің жиынтығының барынша сәйкес келуін, ал балама деңгейлер туралы теория түпнұсқа мен аударма мәтіндерінің сәйкес келетін деңгейлері арасындағы аударма қызметінің үлгісін (модель) қарастырады [4, 61-62-бб.]. Аударматану саласының аталған теориялық бағыттарының барлығының мақсаты – аударма жанрының қалыптасып, дамуына қызмет ету. Алайда аударматану саласымен ғылыми тұрғыдан айналысатын ізденуші бұл мәліметтермен шектеліп қалмай, батыстық, орыс және қазақ аударма теоретиктерінің еңбектерін талмай, танбай оқып, игеруі қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |