Дию- (Дәу) – қиял-ғажайып ертегінің кейіпкері. Диюды кейде қазақ ертегілерінде дәу деп те атайды. Қазақта дәу ертегіде кездеседі, ол алып денелі, жалғыз көзді, кейде екі басты, үсті түкті құбыжық кейпінде, демек оның бойында хаостың қалдығы бар. Ол ертегіде әйелдерді ұрлайды, оны зорлықпен иеленіп отырады, иен таудың үңгірінде өмір сүреді, адамның етін жейді, қара күштің иесі, аңғал, сонымен бірге адамға жат әрекетке баратын қатігез кейіпкер.
Шайтан
Шайтан— діни танымда Құдайдың қаһарына ұшыраған, адамды азғырып аздыратын, өзімен бірге тозаққа әкетуді мақсат ететін пері. Шайтан оттан жаратылған, Ібілістің бұйрығын орындаушылар. Адам баласына тек дұшпандық ойлайды, бірақ оның дұшпандығының өзі Рахымды Құдайдың құдіретімен адамның рухани толысуына қызмет етуі мүмкін. Әрбір адамның бойында періштесімен қатар өзінің Шайтаны болады. Шайтан адамның бойындағы нәпсілік құштарлықтарын қоздыру арқылы әрекет жасайды, күнәлі істерге бастап, құлшылығына кедергі жасайды, адамды түзу жолдан тайдыруға, сөйтіп, түбінде тозаққа түсуге итермелейді. «Мен адам ұрпақтарын алдынан, артынан, оңынан, солынан келіп, азғырамын. Ей, Раббым, сен өзіңнің құлдарыңның көбін, берген нығметтеріңнің қадірін біліп, шүкіршілігін қылатындардың қатарынан таппайсың» (әл-Ағраф сүресі, 17-аят) деген Шайтаннан пана табудың жолы Алла есімін көп еске алып, зікір ету.
Су перілері
Далалы жерлердің өзендерінде, қамысты сай-салаларында, иірімді тұмаларда (кішірек бастау, бұлақ) сұлу арулар – су перілері өмір сүреді. Қазақтар оларды Күлдіргіш деп атайды. Күлдіргіштер су түбінде жасырынады. Сол себептен қамыс пен құрақ өскен жайылма айдын қауіпсіз, тыныш болып көрінеді. Ағаштардың жуан діндерін аймалаған су ақырын ағып жатады. Қайраңды саланың мөлдір суында серке балықтардың шорши жүзгені жоғарыдан байқалып тұрады. Осындай аялы да саялы жерлерде қауіп бар деп ешкім ойламайды. Тұңғиықта, сарғыш қоңыр өзен балдырында Күлдіргіш жасырынатынын біле бермейді. Перілер жалаңаш келіп, шомылып жүрген жас жігіттерді қызықтырып, арбайды, еліктіріп, қастарына шақырады. Жігіт жақындай бергенде жармаса кетіп, ұзын қолдарымен мойындарынан орай қысып, өлгенше қытықтап, су түбіне, балдырлы түнекке тартып әкетеді.