1. Қазақ тарихындағы дара және күрделі сөздерді тану.
Қазақ тіл білімінде күрделі сөздерді зерттеу, оларды кодификациялауға дәлел, уәж іздеу тарихы жоқ емес. Сөздерді бөлек, бірге тұлғалауға қатысты проблеманы шешу бір мақала, не монография көлемінде емес, жазу-сызуымыздың онтогенездік даму, өркендеу сатыларында сараланып, шешілетін болғандықтан, зерттелу тарихы аздыкөпті шолу жасауды керек етеді. А.Байтұрсынұлы күрделі сөзді қос сөз терминімен атайды да, өзі түзген “бес дауыстың деп аталатын фонология жүйесі бойынша қазақ тілі дыбыс үндестігіне сәйкес келгенін бірге, “ауытқитынын” сызықша арқылы жазуды ұсынады:
бала басқұр жел-бау қолқа аққала жүк-аяқ қалта желкесер Тілеу-бай. Себебі “А.Байтұрсынұлы бес инвариант фонеманың әрқайсысын бір-бір әріппен белгілейді. Сөйте отырып, әлгі әріптер арқылы әр фонеманың екі түрлі әуезін (жуан, жіңішке) сол фонеманың таңбасына сыйғызып береді. Сөйтіп, инварианттың варианттары үшін бас-басына өріп алмай-ақ, дәйекші арқылы жуан немесе жіңішке (дәйекше болмауы жуан, дәйекші болуы жіңішке оқуды) әуезде оқылатыңдай жазу жүйесін” жасаған. Сонда көпшілік қауым дауыстылары синтагмалық қатынаста тұрған басқұр, қолқа т.б. сөздерін дәйекші қоймай, біркелкі жуан оқиды да, желкесер сөзін дәйекші арқылы сөзсіз жіңішке әуезде қабылдайды. Ал дауыстылары бейүндес сөздерді сызықшамен бөліп, әрі бұлардың күрделі сөз екенін, әрі дәйекші арқылы бірінші сыңарлары жіңішке оқылатынын ескертеді. Бұл арқылы ұлы лингвист түркі тілдеріндегі сингармонизм заңына қайшы келетін күрделі атаулардың дискреттілікке ие болмайтынын және жазуда сингармонизмнің лингвалдық түрін таңбалау дұрыстыққа әкелетінін көрсетеді. Ғалым кіріккен сөзді азған сөз терминімен атайды. “Сөздің азып өзгеруі бар, айнып өзгеруі бар. Соңғысы дыбысы айнып бірде олай, бірде былай айтылуынан болатын өзгеріс” дейді А. Байтұрсынұлы. Ал дефисті қосарлық деп атайды. Кейін қосарлық қызметін кеңейтіп, “қосынды сөз бұрын қос сөз деп аталып еді, енді қосынды деп аталынатын қосарлық болды, ... қосалқы, қос, қосар, қосынды сөз бәрі қосарлық белгімен жазылсын” дейді.
Құдайберген Жұбанов бөлек жазылатын сөздерді күрделі сөз терминімен атайды да, ол бірліктердің жасалуының семантикалық жолын былай түсіндіреді. Сары май, сары жапырақ тіркестеріндегі сары сыңарының беретін мағынасы әр сатыда. “Сары майдың ақ көгілдір түрлері де кездеседі” дейді зерттеуші. Бұл пікірдің мәнісі былай. Сары май – әбден шайқалып, сүтінен мұқият ажыратылған, қойдың қарнына ұзақ уақыт сақтала сары түсін сақтаған, басқа тағамдық майлардан құнарлылығы өте жоғары май. Уақыт өте келе оның түсінің сап-сары, сары, ақшыл сары, ақ сары, көгілдір болуы емес, оның құнарлылығы, сапасының жоғары болуы мәнге ие болады. Бұл жерде "сары" сыңары май сөзінің әуелдегі ерекше белгісін абстракциялап қана көрсетіп тұр дейміз. Сары май тіркесі – денотатив, мұндағы сары – сигнификаттық компонент. "Сигнификат – денотат та емес, сондай-ақ ұғым да емес. Денотаттан айырмашылығы сол – ой субъективті қасиетке ие. Екінші сөзбен айтқанда, сигнификат нақтылы заттың белгісі мен түрлі қасиеттерінен қол үзген идеалды денотатқа сүйенеді”
Ғалым мұрасында күрделі сөздер мына құрамнан тұрады: 1) өзгерістерге түскен атау түбірлердің бірігуінен тұрған күрделі сөздер; 2) табыс жалғаулы сөз бен сабақты етістік негізінде пайда болатын күрделі сөздер; 3) анықтаушы мен аныкталушылық қатынастағы күрделі сөз; 4) заттанған сын есім мен зат есім тіркесінен туған күрделі сөз; 5) күрделі жалқы есімдер; 6) қысқарған сөздер. Қысқарған сөздерді де ғалым кіріккен сөздің бір түрі деп алып, оларды әріп қиюлы (ССРО, МТС т.б.), буын қиюлы (ҚазТаг), аралас қиюлы (КазПИ, КазГУ) деп бөледі. Сонымен, проф. Қ.Жұбанов КС-дердің өзіндік өлшемдері деп мыналарды көрсетті: 1. Сыңарлардың фонетикалық өзгеріске түсуі, алайда “кіріккен сөз болған жердің бәрінің бірдей дыбыстық өзгеруі шарт емес, бірақ дыбысьінда өзгеріс бар сөз тіркестерінің кіріккен сөз болуы шарты. 2. Бір мағынаны білдіруі, дегенмен де, “жалғыз мағынаны өлшеу қылумен анықтық таныла қоймайды. 3. Бір екпінге бағынуы.
Бұл зерттеулерді қазақ тіл біліміндегі құрама сөз зерттелуінің I кезеңі деп тануға болады.
II кезең проф. А. Ысқақов зерттеулерімен жалғасады. Автор алғаш рет КСдердің фонетикалық, морфологиялық, лексика-семантикалық факторларына бойлап, принципті мәселелерді алға тартады. “Күрделі сөз деп кемінде екі я одан да көп дара сөзден құралып, ритм ырғақ жағынан бір ұдай, лексикасемантикалық жағынан бір тұтас, лексика- грамматикалық жағынан бір бүтін тұлға болып бірлескен құрама сөзді” танимыз дей отырып, олар “практикалық тұрғыдан қарағанда жалаң сөздердің өресі жетпейтін қызмет аатқарады, олардың олқылықтарын толтырады, ал теориялық тұрғыдан, дара сөздермен жарыса өмір сүріп, сол дара сөздердің тууына негіз болып қызмет етеді” дейді.
Проф. М.Балақаев еңбектерінің қомақты да маңызды саласы – қазақ тілінің емле, орфография, тіл мәдениеті мәселелері. Әсіресе, ғалымның БС, оның белгілері, жасалу жолдары туралы айтқан көзқарастары – бүгінде осы төңіректегі зерттеу барысында басшылыққа алынатын құнды пікірлер қатарында. Автор қазақ тіліңдегі БС-дердің негізгі белгісі деп, КС-дердің мағына тұтастығын атайды. “Біріккен сөздің бұрынғы мағыналары сақталады десек, бірікпегені, сақталмайды десек қаншалықты екенін айқындауға тиіспіз” деп, сыңарларына талдау жасауды ұсынады. “Қазіргі білдіретін мағыналары ауыс, мүлде басқа ұғымға ие болып” кеткен ақсақал, алаяқ, жанталас, нақсүйер, маубас, әңгіртаяқ, кәріқыз, соқыртеке, қубас, құралақан сөздерін бірге таңбалайды. “Толық мағыналы екі сөздің тұтасып жымдасу нәтижесінде әдепкі лексика-грамматикалық мағынасынан айырылып (не күңгірттеніп), жаңа лексикалық, соған лайық жаңа лексика-грамматикалық мағына тудыратын сөздер бірлестігінің.... сөз тіркесінің бір сыңары болуы олардың негізгі белгісі” дейді автор. Ғалым: “Біріктіру – жинақылықтың белгісі. Жинақылық – мәдениетіліктің нышаны. Мәдениетті елдің жазуы тілдегі сөз тұтастығын бұзбай, адамдардың психологиялық ойлау қабілетіне сәйкес болуға тиіс. Адамның жазу әрекеті мен көру әрекеті үйлесіп, қалыптасқан сайын тілдік сана-сезім күшейе түседі”-дейді.
1989 жылы “Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі” атты монография жарық көрді. БС проблемасына қатысты қордаланған жайттарды тезге салып, зерттеу нысанасын жаңа қырынан ашатын өзіндік ерекшелігі бар бұл еңбек Қ.Жұбанов, К.Аханов, М.Балақаев сынды ғалымдардың БС-ге берген анықтамаларын қорытындылап, “БС дегеніміз – о бастағы кемінде толық мағыналы екі сөздің тұтасып жымдасуы нәтижесінде, әдепкі лексика-грамматикалық мағынасынан айырылып, жаңа лексикалық, соған лайық жаңа лексикаграмматикалық мағына тудыратын сөздер бірлестігі” деп анықтама береді.