«Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы» курсы жоғары оқу орындарының филология факультетінде дәстүрлі түрде оқытылып келе жатқан ғылыми-теориялық пән.
Пәнді оқытуда қойылатын басты мақсат - қазақ тіл білімінің лексикология, семасиология, этимология және фразеология саласы бойынша тыңдаушыларға жүйелі ғылыми-теориялық білім беру, алған ғылыми-теориялық біліміне сәйкес болашақта зерттелуге тиісті мәселелеріне байланысты тыңдаушыларды ғылыми ізденіске баулып, олардың шығармашылық ой-пікірін жетілдіру; оқытудың қалыптасқан әдістемелерінің (лексикалық, семантикалық, стилистикалық, фразеологиялық, этимологиялық, диалектологиялық талдаулар, практикалық сабақтар, студенттердің өздік жұмыстары, зертханалық жұмыстар т.б.) негізінде студенттердің жеткілікті дәрежеде білім алуын қамтамасыз ету. Бұл курс екі модульдан тұрады:
1) Қазіргі қазақ тілі лексикасының лексика-семантикалық табиғаты мен сөздік құрамы;
2) Қазіргі қазақ лексикасының қолданылу сипаты. Қазақ тілінің фразеологиясы, этимологиясы, лексикографиясы.
Бірінші модуль бойынша қазақ тілі лексикалық жүйесінің семантикалық табиғаты, ұғым, мағына және сөз үштігінің арақатынасы, лексикалық мағынаның семантикалық құрылымы, сөз мағынасының психологиялық аспектісі, сөз мағынасының ассоциациялық құрылымы, сөз мағынасының даму жолдары (мағынаның кеңеюі мен тарылу процестері), сөздің мағыналық өзгерістері нақты талдаулар жасау негізінде анықталады. Сөздің лексика-семантикалық топтары: лексикалық омонимдер, лексикалық антонимдер және лексикалық синонимдер жүйесі, олардың тілдік табиғаты мен стилистикалық мәні, сөздің қосалқы аталымдары, олардың БАҚ-ғы қолданысы, қазақ тілінің сөздік құрамы мен сөздік қоры, қазақ тілі лексикалық жүйесінің қалыптасуындағы негізгі тарихи арналар, сөздік құрамның интралингвистикалық және экстралингвистикалық факторлар арқылы толығу жолдары туралы ғылыми-теориялық, ғылыми-практикалық мәліметтер беріледі.
Екінші модуль бойынша қазақ тілі сөздік құрамының қолданылу сипаты, сөздердің стильдік қызметіне байланысты түрлері, қазіргі қазақ тіліндегі жаңа атаулар, неологизмдердің сөзжасам үдерісіндегі орны, көнерген сөздер, олардың стилистикалық қызметі, актив және пассив сөздердің зерттелу жайы сөз болады. Қазақ тілінің фразеологиясы, олардың лексика-семантикалық сипаты; қазақ лексикографиясының қалыптасуы мен зерттелу тарихы, лингвистикалық сөздіктердің түрлері, қазақ лексикографиясының алдағы міндеттері; қазақ тілі этимологиясының зерттелу жайы, этимологиялық принциптері нақты мысалдар негізінде талқыланып айтылады.
Қазақ тілінің лексика-семантикалық жүйесі, лексика-фразеологиялық жүйесі туралы ғылыми-теориялық мәліметтер көркем шығармалар тілінен, әдеби тілден, баспасөз материалдары тілінен алынған мысалдар негізінде жан-жақты талқыланған. Әрбір дәріс материалдары соңынан тақырып мазмұнына сәйкестендірілген практикалық тапсырмалар мен зертханалық жұмыстар қамтылған. Бұл лингвистикалық мәтіндер зертханалық жұмыстардың мақсат-міндетіне, мазмұнына сәйкес таңдап алынып, сөз мағынасының семантикалық және психологиялық құрылымына жүргізілетін компонентті талдау анализі, қазақ тілі лексикасының қолданылу сипаты мен сөйлеу коммуникациясында сөздің атқаратын стильдік қызметіне қарай стилистикалық талдау, сөздің түпкі мағынасына байланысты этимологиялық талдау жүргізу арқылы теориялық білімдерін практика жүзінде іске асыра білу дағдысы көзделеді.