Тарихи сананың қалыптасу жолдарын анықтап алу үшін алдымен тарихи білімнің негізгі, іргелі принциптерін айқындап алу қажет, өйткені, бұлар тарих ғылымының әдіснамалық базасы ретінде, тарихи білім беру мен ағарту ісінің нысанасы ретінде көрінетін болады.
Қазақстан тарихын зерделеген кезде, оның Еуразия мәдениеті мен тарихының төлтумасы екеніне сүйену керек. Өйткені, Еуропамен Азияның түйіскен жеріне орналасқан Қазақстан – әртүрлі өркениеттерді, мәдениеттерді және халықтарды жалғастырып тұрған «көпір» іспетті болды.
Бұл жерде отырықшы өркениеті мен көшпелілер өркениеті қатар дамыды. Отырықшы өркениет пен көшпелілер өркениеті бір-бірімен қауышып тұратын белгілі бір аймақтарда болды, мәселен, соның бірі – Отырар қаласы еді. Қазіргі Қазақстан аумағы – ежелгі көшпелі тайпалардың малшылықтан егіншілікке алғаш бет бұру үрдісі басталған, сөйтіп отырықшылықтың қалыптасуы мен қала мәдениетінің дамуы бастау алған аймақтың бірі болғаны да бүгінде дәлелденіп отыр.
Қазақстан аумағында түркі мәдениеті мен парсы тілділер мәдениеті бір-біріне өзара ықпал жасаған. Тарихымыз үшін славян және түркі, қытай және түркі, моңғол және түркі өркениеттерінің бірін-бірі өзара байытуының да маңызы зор. Бұлардың қайсысын болсын біріне-бірін қарсы қою немесе бірінің бірінен басымдығы жөніндегі сыңаржақ пікірді осы заманғы археология ғылымының деректері мен жазба мұрағаттар теріске шығарып отыр.
Дешті-Қыпшаққа исламның енуіне байланысты қазақ мәдениеті ислам өркениетінің көптеген құндылықтарын өз бойына сіңірді.
Мұның бәрі тарихи-мәдени кеңістігіміздің ежелден сан этносты әрі көп дінді болғанын көрсетеді. Осындай факторлармен айқындалатын еліміздің бірегей бітімі әлі күнге дейін әрін жойған жоқ.
Құрамының осынша сан алуандығына қарамастан, Қазақстан тарихы мен мәдениеті – бір-бірімен байланысы жоқ мәдениеттердің, халықтардың, дәуірлердің бөлшектерінен құралған жиынтығы емес.
Қазақстан тарихы – желісі үзілмей келе жатқан тарих, өйткені елімізді мекендеген халықтардың мәдениеті сабақтасып жатыр, Еуразияның түркі тілді көшпелі тайпаларының дәстүрі мен мәдениеті қазақ халқының тарихынан жалғасын тауып отыр, сайып келгенде қазақтар – еліміздің территориясындағы байырғы, жергілікті халық деген идея – тарихи біліміміздің тірегі болуға тиіс принципті идея. Қазақстан тарихының желісі үзілмеді дегеніміз оны мекендеген тайпалар мен халықтар, негізінен, байырғы тұрғындар деген сөз. Олар із-түзсіз жоғалып кеткен емес, тек әртүрлі этностардың ықпалымен этнонимдерін өзгертіп отырған, жаңа атаулы халықтың өмірге келуіне себепші болған. Халықтардың туыстығын, түпкі тегінің тұтастығын осы күнгі қазақтардан бастап, сонау сақ, үйсін, қаңлыға дейін, керек болса, одан да әріде жатқан андронов мәдениетіне дейін үзбей желілеп шығуға болар еді.
Қазақстан тарихының желісі үзілмегендігі жөніндегі идея – елімізді мекендеген халықтардың шығу тегі, тарихы мен мәдениеті сабақтасып жатыр деген идеямен ұштасады. Антропологиялық белгілері бойынша, бұлар – еуропалық-монголдық пішінді аралас тип. Тілдік сипатына келсек, негізінен, түркі тілді тайпалар. Өркениетінің типі бойынша – басым сипаты жағынан көшпелілер өркениетінің өкілдері.
Қазақ халқы – Қазақстанды мекендеген көне халықтардың тарихы мен мәдениетінің мұрагері болып қалды, соларға тән көшпелі өмір салтын ұстанды, солардың тілі мен мәдениетін бойына сіңірді. Қазақтың руханилығы – бағзыдан ілкі тұтастығын сақтаған синкретикалық руханилық; мәселен, қазақтардың ислам дініне бас ұруы көк тәңірісіне табынушылық элементтерімен ию-қию араласып жатыр.
Қазақтардың мемлекеттігі – Қазақстан аумағында ірі-ірі көшпелі империялар мен жеке хандықтар ретінде ежелде өмір сүрген мемлекеттердің заңды жалғасы. XV ғасырда орнаған Қазақ хандығы – аумағының тұтастығы; саяси құрылымы; халқының мәдениеті, діні мен тілі ортақтығы сияқты белгілері жағынан алғанда, дербес мемлекетке қойылатын талаптарға толық сәйкес келеді.
Тарихи білімімізді кеңейтудің басым бағыттарының бірі – номадтар (көшпелілер) өркениеті дейтін ерекше құбылысты егжей-тегжейлі зерттеу болар еді. Ол үшін көшпелілердің әлемдік өркениетке қосқан үлесін, Қазақстан тарихындағы номадизмнің алар орны мен рөлін, көшпенді өмір салтының қазақ халқының генезисіне қандай әсері болғанын ашып көрсете білу қажет. Көшпелілердің тек өздеріне ғана тән шаруашылық жүргізу әдістерін, әскери өнерін, сондай-ақ басшы беделі мен далалық әскери демократияның құрыштан құйған қоспасындай көрінетін ерекше ел билеу жүйесін; зороастризм мен ислам секілді әлемдік діндердің өмірге келуіне түрткі болған олардың мынау дүние-болмыс жөніндегі өзіндік ұғым-шұңғылына дейін зерттеу – баға жетпес жаңалықтардың басы болар еді.
Соған қарамастан, Қазақстан тарихын тек көшпелілер тарихына теліп қою жөн болмайды. Керек десеңіз, көшпелілік деген ұғымның өзі жаңа тұрғыдан парықталуы керек, онда отырықшылыққа қарай ойысу нысандары қаралуы қажет.
Мәселен, Қазақстан аумағындағы қала мәдениеті – көшпелілер өркениетінің де, отырықшы өркениетінің де белгілі бір бөлігі болғаны мәлім. Қалалар – көшпелі және отырықшы өркениеттің арасын бөліп тұрған шекара емес, қайта екеуінің арасын жалғап тұрған көпір болды, олардың жақындасатын, бір-біріне ықпал етіп, байытатын тұтқасына айналды.