117-бап. Қорғаншылардың және қамқоршылардың әрекеттеріне шағым жасау Қорғаншылардың және қамқоршылардың әрекетіне кез келген адам қамқоршылыққа алынушының мүдделеріне сай қорғаншы және қамқоршы органға не оның тұрғылықты жері бойынша сотқа шағым жасай алады.
118-бап. Қорғаншы және қамқоршы органдардың шешімдеріне шағым жасау Қорғаншы және қамқоршы органдардың барлық мәселелер жөніндегі шешімдеріне мүдделі адамдар сот тәртібімен шағым жасай алады.
16-тарау. Патронат
119-бап. Патронат 1. Қорғаншылық және қамқоршылық нысанындағы патронат ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, соның ішінде тәрбиелеу, емдеу немесе осы тәрізді басқа да мекемелердегі кәмелетке толмаған балаларға белгіленеді.
2. Баланы тәрбиелеуге алуға тілек білдіруші адам (патронат тәрбиеші) мен қорғаншы және қамқоршы орган арасында жасалған баланы (балаларды) тәрбиелеуге беру туралы шарт патронаттың туындау негізі болып табылады.
3. Патронат туралы Ережені Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
120-бап. Баланы тәрбиелеуге беру туралы шарт 1. Баланы тәрбиелеуге беру туралы шарт баланы асырап-бағу, тәрбиелеу және білім беру жағдайларын, патронат тәрбиешінің құқықтары мен міндеттерін, патронат тәрбиешіге қатысты қорғаншы және қамқоршы органдардың міндеттерін, сондай-ақ мұндай шарттың тоқтатылу негіздері мен салдарларын көздеуі тиіс.
Бала патронат тәрбиешіге аталған шартпен белгіленген мерзімге тәрбиелеуге беріледі.
2. Патронат тәрбиешілердің еңбегіне ақы төлеу және тәрбиелеуге алынған балалар санына қарай берілетін жеңілдіктер Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді.
3. Баланы тәрбиелеуге беру туралы шарт:
1) дәлелді себептері (сырқаттану, отбасылық немесе материалдық жағдайдың өзгеруі, баламен өзара түсіністіктің болмауы, балалар арасындағы жанжалдар және басқалар) болған кезде патронат тәрбиешілердің бастамасы бойынша;
2) баланы асырап-бағу, тәрбиелеу және білім беруде қолайсыз жағдайлар туған кезде қорғаншы және қамқоршы органның бастамасы бойынша;
3) бала ата-анасына қайтарып берілген немесе бала асырап алынған жағдайларда мерзімінен бұрын бұзылуы мүмкін.