183-бап. Некені салтанатты жағдайда тіркеу Некені тіркеу салтанатты жағдайда - азаматтық хал актілерін жазу органдарының некені салтанатты түрде тіркеуге арнайы белгіленген үй-жайларында, сондай-ақ азаматтық хал актілерін жазу органдары мен некеге отыратын адамдардың келісуі бойынша өзге жерлерде де жүргізілуі мүмкін.
184-бап. Неке туралы жазбаны тоқтата тұру Неке туралы жазба жасалғанға дейін некені тіркеу үшін кедергілер бар екендігі туралы арыз түскен жағдайда лауазымды адам жазбаны тоқтата тұруға және арыз берушіден белгіленген мерзімде тиісінше деректі айғақтар беруді талап етуге міндетті. Бұл мерзім бір айдан аспауы керек.
185-бап. Ерлі-зайыптыларға неке туралы куәлік беру Некені тіркеу өткізілгеннен кейін ерлі-зайыптыларға неке туралы куәлік беріледі.
26-тарау. Некенің бұзылуын тіркеу
186-бап. Сот шешімі бойынша некенің бұзылуын тіркеу Некенің тоқтатылуын соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде тіркеу (осы Заңның 22-бабы) сот шешімі шығарылған жердегі азаматтық хал актілерін жазу органында некенің бұзылғаны туралы заңды күшіне енген сот шешімінің көшірмесі және сот шешімі бойынша өндіріп алынуға тиісті соманың төленгені туралы түбіршектің негізінде жүргізіледі.
187-бап. Некенің бұзылуын ерлі-зайыптылардың өзара келісімі бойынша тіркеу 1. Кәмелетке толмаған балалары жоқ ерлі-зайыптылардың өзара келісімі бойынша некенің бұзылуын тіркеу (осы Заңның 16-бабының 1-тармағы) ерлі- зайыптылардың екеуі немесе біреуі тұратын жердегі азаматтық хал актілерін жазу органына некені бұзу туралы ерлі-зайыптылардың бірлесіп берген арызы негізінде жүргізіледі.
2. Некенің бұзылуын ресімдеу және некенің бұзылғаны туралы куәлікті ерлі-зайыптыларға беру олар өтініш берген күннен бастап бір ай өткеннен кейін жүргізіледі.
188-бап. Хабар-ошарсыз кеткен, әрекетке қабілетсіз немесе ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталған адаммен некенің бұзылуын тіркеу 1. Хабар-ошарсыз кеткен, әрекетке қабілетсіз немесе қылмыс жасағаны үшін кемінде үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталған (осы Заңның 16-бабының 2-тармағы) адаммен некенің бұзылуын тіркеуді екінші жұбайдың арызы мен соттың заңды күшіне енген шешімінің немесе үкімінің көшірмесін не шешім яки үкімнен алынған үзіндіні көрсету негізінде азаматтық хал актілерін жазу органы жүргізеді.
2. Азаматтық хал актілерін жазу органы арыз түскен күннен бастап бір апта мерзімде қамауда жатқан жұбайға не әрекетке қабілетсіз жұбайдың қорғаншысына немесе хабар-ошарсыз кеткен жұбайдың мүлкіне қорғаншыға хабарлама алынған күннен бастап он бес күн мерзім белгілей отырып хабарлауға міндетті, осы мерзім ішінде олар арыз бойынша өздерінің арасында дау бар екені туралы хабарлауға құқылы.