2.XIX-ХХ ғасырдың басында Қазақстан аумағында жұмыс істеген білім беретін оқу орындарының ерекшеліктерін сипаттаңыз. ХІХ ғасырдың ортасында патша үкіметінің Қазақстандағы оқу ағарту ісі екі бағытта дамыды: діни және
азаматтық. Діни бағыттағы білім беру мектеп, медреселерде жүргізілді. Мұcылман оқу орындарында
араб алфавитінің негізінде молла, мектептерге мұғалім дайындайтын оқу орны болды. Діни
бағыттағы мектептер мен медреселер – қазақ халықтың өмірінде басты орын алады. Мұндай мектеп-
медреселер Қазақстанға Орта Азия, әсіресе,Бұхарадан тараған болатын.Мектептер – бастауыш білім
ошағы. Мектептерде 8-ден 17 жасқа дейінгі балалар оқыды. Оларды араб, татар және құранның
сүрелерін жатқа айтуға, түрік тілдегі поэтикалық шығармаларды оқуға үйретті. Оқу мерзімі
оқушылардың білім деңгейіне байланысты еді. Мектептерде 1 кейде 2 оқытушы білім
берген.Медреселер – орта білім беретін мектептер. Медреселерде мектепте білім алған және білімдері
әрі қарай тереңдетуге тілек білдірген адамдар оқыған. Медреселер үлкен уездік қалаларда және мешіт
жанында орналасты.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстан Ресей империясының отаршылдық торабына енгеннен
соң орыс әкімшілігі мұсылмандық ағартушылыққа қарсы күрес жүргізді. Мектеп медреселердің жұмысына шек қойып, орыс оқу орындарын аша бастады.Осы мақсатта 1850 жылы отаршыл
әкімшіліктің төменгі органдарына тілмаштар мен хатшылар даярлайтын Орынбор шекаралық
комиссиясының жанынан қазақ балаларын оқытуға арналған жеті жылдық арнаулы мектеп ашылды.
Алғашқыда бұл оқу орнында негізінен діни пәндер оқытылса, 1859 жылдан бастап орыс тарихы,
жалпы және орыс географиясы, математика, геометрия сабақтары оқытыла бастады.Патша үкіметі
қазақтың бай-шонжарларының балаларына Омбы, Орынбор кадет корпустарында оқып білім
алуларына рұқсат еткен болатын. Мысалы, Сібір кадет корпусының қабырғасынын көптеген белгілі
ғалымдар, ағартушылар, саяхатшылар және Сібір мен Орта Азия зерттеушісі Г.Н.Потанин, қазақтың ағартушы ғалымы - Шоқан Уәлиханов, Батыс Сібір зерттеушісі, тарихшы Катанаев, Усов,
революционер В.В.Куйбышев оқып, білім алған. Сонымен қатар, Шоқаннан басқа біз зерттеп отырған
өлкеден Омбы кадет корпусын Шоқанның інісі Махмұт, немере інісі Сұлтан Ғазы Уәлиханов және танымал этнограф, ғалым Есмұрат Ибрагимов тәмәмдаған болатын.Қазақ ұлттық
интеллигенциясының алғашқы өкілі Ш.Уәлихановтың және С.Бабажановтың үлгісінен орыс-қазақ оқуының пайдасын түсінген қазақтардың бірқатары өз балаларын Омбының, Орынбордың және Ресейдің басқа да қалаларының оқу орындарына бере бастады. Қазақ жұрты балаларын орыс тілінде оқуға ынталандырудың шараларын ойластырды. 1870 жылы қабылданған «Ресейді мекендейтін бұратаналарға білім беру жөніндегі шаралар туралы» заң бойынша Ақмола облысында мектептер саны біршама көбейді. Орта білім беретін әкімшіліктің оқу орындары ашылды. қазақ балалары білім алған келесі оқу орны - Омбы техникалық училищесі еді. Училищеде оқушылар кәсіптік–техникалық білім алған. Омбы техникалық училищесінде оқыған қазақ жастары саусақ санарлықтай ғана болғандығы. Тағы да бір мәселе ол қаржыландыру мәселесі болатын. Оқушылар жылына білім алу үшін 200 сом ақы төлеп тұрулары керек еді. Ал училищеде оқыған қазақ балаларының көбісі степенедия арқылы білім алған.Омбы техникалық училищесінің қабырғасынан көптеген қазақ жастары, яғни болашақтағы қазақ зиялылары білім алған. Мысалы, Әлихан Бөкейханов (Қарқаралы уезінен), Жүсіп Сатыбалдин (Ақмола уезінен), Мәмбетәлі Сердалин (Көкшетау уезінен), Нұртай Нұрышов (Семей уезінен), Ілияс Итжанов (Ақмола уезінен) тағы басқалары осы училищеде оқығандығы туралы мұрағат деректерінен кездестіруге болады. Патша үкіметі орыстандыру саясатының аясына шалғай жатқан қазақ ауылдарын да тарту үшін ауылдық мектептер ашуға мүдделі
болды.XX ғасырдың басында патша үкіметі бастауыш және орта білім беретін оқу орындарының
санын көбейткенімен, онда білім беретін мұғалімдермен қамтамасыз ете алмады. Осындай
қажеттіліктің тууы салдарынан, мұғалім мамандар дайындайтын арнаулы мұғалімдер семинариялары ұйымдастырылды. Патша үкіметі қазақтар балаларының негізінен тек бастауыш білім
алуына мүдделі болды. Тек әкімшілік аппаратқа қажетті тілмаш, хатшы сияқты маман иелеріне деген
қажеттілікттің тууынан кейін ғана қазақ балаларының орта арнаулы білім алуына мүмкіндік туғызды.
Қазақстанда бірде-бір жоғарғы оқу орны ашылған жоқ. Ондағы патша өкіметінің қазақ зиялы
қауымының өсіп-өніп, ұлттық сананың жоғарлауына қозғаушы күш болады деген қауіп-қорқынышы
еді. Сонымен қатар, орыс тілін оқып білім алғандардың патша өкіметіне адал қызмет етеді деген
үмітінің ақталмауы да ықпал етті.
Жалпы алғанда, үкіметтің оқу-ағарту саласындағы іс-шараларының сол кездегі қазақ қоғамы үшін
тиімді жақтары болғандығын да ескеруіміз қажет. Біріншіден, бұл қазақ жастарынының белгілі бір
деңгейде еуропалық білім алуына, екіншіден, қазақ ителлегенциясының қалыптасуына ықпал етті.XX
ғасырдың бас кезінде дәстүрлі мектептер мен медреселер коғамның өскелең талаптарын
қанағаттандырудан қалды. Мұсылман мектептерін реформалау қозғалысы басталды. Оны
ұйымдастырушылар жадидшілдер болды. XX ғасырдың бас кезінен бастап жаңа әдістемелік мектептер
пайда бола баста- ды. Оқытудың бұл әдісінің негізін қалаушы белгілі түркі тілдес халық
ағартушыларының бірі, қоғам қайраткері И. Гаспринский болды.
Жадидшілдер мектептерде арифметика, география, жаратылыстану, тарих сияқты басқа да зайырлы
пәндерді оқыту қажеттігін дәлелдеді. Жаңа әдістемелік мектептерде білімді де білікті мұғалімдер
сабақ берді, оларда қажетті оқу құралдары мен жабдықтары жеткілікті болды. Оның үстіне, оқыту
әдістемесі де әлдеқайда тиімді еді Қазақстандағы ең алғашқы жаңа әдістемелік мектеп 1900 жылы
Түркістан қаласында ашылды.Алайда жаңа әдістемелік мектептер елге кең көлемде тарай алмады.
Патша үкіметі жаңа әдістемелік мектептердің ашылуына барынша қатты қарсылық көрсетті. Себебі
ондай мектептерді панисламизм мен пантүркизмнің ошақтары деп білді.1813 жылы Омбыда, ал 1825
жылы Орынборда әскери училищелер ашылды. Омбы кадет корпусын белгілі қазақ ғалымы, зерттеуші
әрі ағартушы Шоқан Уәлиханов бітіріп шықты.
1841 жылы Бөкей хандығында Жәңгір ханның бастамасы бойынша алғашқы қазақ мектебі ашылды.
Ол мектептің оқушылары орыс тілін, математиканы, географияны, бірқатар шығыс халықтарының
тілдерін, сондай-ақ ислам дінінің негіздерін оқып үйренді. Қазақ балаларының сабақ үйренуін Жәңгір
ханның өзі тікелей бақылауға алып, тексеріп жүрді. Неғұрлым қабілетті деген балаларды ол Қазанға,
Ресейдің басқа да қалаларына оқуға жіберіп отырды. Казак станицаларында, бекініс-қамалдарда діни
шіркеулер және казактардың балалары оқитын мектептер болды. Олардағы оқыту деңгейі тым төмен
еді. Мұғалімдердің басым көпшілігін шала сауатты дьяктар, сондай-ақ қызметтік міндетін өтеген
солдаттар мен казактар құрады.
Жалпы алғанда, Қазақстанда халыққа білім беру ісі мен сауаттылық деңгейін қанағаттанарлық болды
деп айтуға келмейтін. Зайырлы мектептер өте аз еді. Маман мұғалімдер жетіспеді. Көшпелі және
жартылай көшпелі өмір салты жағдайында тұрақты мектептер ашу қиын болды.Қазақстанды
өнеркәсіптік тұрғыдан игерудің басталуына байланысты сауатты да білімді адамдарға деген сұраныс
арта түсті. Сондықтан да 1850 жылы Орынборда оқу мерзімі жетіжылдық жаңа үлгідегі мектеп
ашылды. Онда негізінен хатшылар мен аудармашылар даярланды, орыс тарихы, математика,
география, геометрия, сондай-ақ исламның негіздері оқытылды. Ал 1857 жылы осындай мектеп
Омбыда да ашылды.
1861 жылы Троицкіде, басқа да қалаларда орыс-қазақ мектептері ашылды. 1867—1868 жылдардағы
әкімшілік реформалары енгізілгеннен кейін және қоныс аударып келуші шаруалар қатарының арта
түсуіне байланысты зайырлы мектептердің қатары көбейді. Олардағы оқу бағдарламаларын генерал-
губернатордың өзі белгілеп, Халық ағарту министрлігімен келісіп алып отырды. Қазақтардың
балалары орыс поселкелері мен казак станицалары жанындағы мектептерде тегін немесе азын-аулақ
ақы төлеп оқуға құқықты болды.
1879 жылы Ташкентте мұғалімдер институты ашылды. 1879 жылы Торғай облысында алғашқы екі
сыныптық орыс-қазақ мектебі пайда болды. 1883 жылы Орынбор губерниясының Ор қаласында
қазақтарға арналған мұғалімдер мектебі түңғыш рет ашылды. Ол мектептің ашылуына Ыбырай
Алтынсариннің қосқан үлесі орасан зор болды.
1885 жылдан бастап барлық уездерде ауыл шаруашылық мектептері ашылды. Олар қазақ өлкесінде
білім және қолөнер түрлерін дамытуға бағыт ұстады. 1887 жылы барлық жерде бірдей болыстық орыс
мектептері пайда бола бастады. Ал 1891 жылы Торғай, Ақтөбе, Қостанай және басқа қалаларда қыз
балаларға арналған бастауыш мектептер ашылды. 1892 жылдан бастап қазақ балалары үшін ауылдық
көшпелі мектептер ұйымдастырылды.
XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап Омбы, Семей, Орал, Ақмола қалалары халыққа білім беру орталықтарына айналды. Қазақстандағы орыс тілді халықтың арасында сауатсыздардың пайызы тым
жоғары болды. Мұны 1897 жылғы халық санағы айқын көрсетті. Атап айтқанда, халықтың 8,1 пайызын
ғана сауатты деуге болатын еді. Соның ішінде ерлердің 12 пайызы, ал әйелдердің 3,6 пайызы ғана хат
таныды. Орысша сауат ашқан қазақтардың пайызы бұдан да төмен болды. Ал мұсылманша оқып сауат
ашқан дала қазақтарының саны өте көп еді. Бірақ олардың қанша пайызының сауатты екеңдігі халық
санағын өткізу кезінде есепке алынбады.
Ресей империясы қазақтардың орта және жоғары білім алуына жол бермеуге тырысты. Сауатты
қазақтардың қатары өскен сайын олардың Ұлттық сана-сезімі тезірек оянады деп қауіптенді. Мәселен,
1885 жылы Қазақстанда орыс мектептерін ашудың басты идеологта- рының бірі Ильминский былай
деп ашықтан-ашық жазған болатын: «Бізге тиімді болатын бір жағдай бар. Ол — бұратана халықтың
әрбір өкілінің орысша сөйлегенде шатасып, қысыла қызарып тұратын болуы. Ол — орысша жазғанда
да аяқ алып жүргізгісіз қыруар қате жіберіп, өз ойын дұрыс жеткізе алмауы. Олар губернаторлардың
алдында ғана емес, сонымен қатар кез келген бастықтардың алдында да қалтырап-дірілдеп тұруы
керек». XIX ғасырда ауыл шаруашылық және фельдшерлік мектептері ашыла бастады. Олар орта
білімді дәрігер мамандарын даярлап шығарды. Алайда Қазақстанда бірде-бір жоғары оқу орны
ашылған жоқ.
Бірінші орыс революциясының ықпалымен қазақтардың Ұлттық сана-сезімі елеулі түрде өсті.
Неғұрлым алыстан болжап, көре білетін қазақтар өздерінің балаларын Ресей мен шетелдердің орта
және жоғары оқу орындарына оқуға жіберетін болды. Олар білім алуды өздерінің тапталып, аяққа
басылып келген құқықтарын бұдан былайғы жерде сеніммен қорғаудың кепілі деп білді. Қазақ
жастарының елеулі бөлігінің заң факультеттерін тандауы тіпті де тегін емес болатын. Қарқаралыдан түлеп ұшқан Дінмұхамед Сұлтанғазин (1867—1918) өте сирек кездесетін талантты студент болды. Ол
1890 жылы Томск университетінің медицина факультетін, ал 1895 жылы Санкт-Петербург университетінің шығыстану факультетін, 1897 жылы заң факультетін бітіріп шықты. 1908 жылы Петербург әйелдер медицина институтын Асфендиярова Гүлсім Жағыпарқызы (1880— 1941), одан кейін Асфендиярова Мәриям Сейітжағыпарқызы (1887—1937) бітірді. Қазақтардың жаппай білім алуға көшуі олардың патша үкіметіне қарсы Ұлт-азаттық қозғалысынын күшейе түсуіне, өз алдына автономия алуға ұмтылысына жеткізді.