6. Дидактиканың категориялары Дидактиканың негізгі категориялары болып сабақ беру, оқу, оқыту білім беру, білімдер, біліктер, дағдылар, сол сияқты оқытудың мақсаты, мазмұны, ұйымдастырылуы, түрлері, формалары, әдістері, нәтижелері (өнімдері) табылады.
Білім беру – педагогтың оқыту мақсатын (білім міндеттерін) жүзеге асыруға бағытталған іс-әрекеті, ақпараттандыруды, тәрбиелеуді, тануды және білімдерді тәжірибеде қолдануды қамтамасыз ету.
Оқу – барысында таным, жаттығу және алынған тәжірибе негізінде өзін ұстау мен іс-әрекеттің жаңа формалары пайда болатын, бұрынғылары өзгеретін процесс, дәлірек айтқанда біріккен процесс.
Оқыту – қойылған мақсатқа жетуге бағытталған педагог пен оқушылардың өзара іс-әрекеті.
Білім (знание) – адамның теориялық тұрғыда меңгерген идеяларының жиынтығы.
Біліктер – алынған білімдерді тәжірибе жүзінде қолдану тәсілдерін (әдістерін, әрекеттерін) меңгеру.
Дағдылар – қолданылуы автоматты, жетілдірілген деңгейге жеткізілген біліктер.
Мақсат (оқу, білім мақсаты) – оқыту ұмтылатын, оның барлық күшін салатын болашақ.
Мазмұн (оқыту, білім беру) – оқыту барысында оқушылар меңгеруі тиіс ғылыми білімдердің, практикалық біліктер мен дағдылардың, іс-әрекет пен ойлау тәсілдерінің жүйесі.
Ұйымдастыру – белгіленген критерийлер бойынша дидактикалық процесті қалыпқа түсіру, мақсатқа дұрыс жету үшін оған қажетті форма беру.
Форма (лат. forma – сыртқы түр, қабық) – оқу процесінің өмір сүру тәсілі, оның ішкі мәнінің, логикасы мен мазмұнының қабығы. Форма көбінесе оқушылар санымен, оқыту уақыты мен орны, оның орындалу тәртібімен байланысты.
Әдіс (лат. metodos – жол, тәсіл) – оқыту мақстаы мен міндеттеріне жету, оларды іске асыру жолы.
Құрал – оқу процесін заттық қамтамасыз ету. Құрал болып педагог дауысы (сөзі), кең мағынада оның шеберлігі, оқулықтар, сынып жабдықтары, т.б. табылады. Бұл түсінік басқа мағынада да қолданылуы мүмкін.
Нәтижелер (оқыту өнімдері) – оқытудың соңғы нүктесі, оқу процесінің салдарлары, қойылған мақсаттың орындалу деңгейі.
Дидактиканың негізгі категориялары өзара байланысты.