Күшті дамыту амалдары мен әдістері Күшті дамыту үшін жоғарғы қарсылық жаттығулары қолданылады. Олар екі топқа бөлінеді:
1. Сыртқы қарсылық жаттығулары. Сыртқы қарсылықтарға: әр түрлі спорт құралдарының салмағы (штанга, гирлер, батпандар т.б.), серігінің қарсы әрекеті (жұптық жаттығулар), сыртқы ортаның қарсылығы (құмда, қарда, суда жүгірулер т.б) жатады.
2. Өз салмағының ауырлығын басқару жаттығулары ( белтемірде тартылу, еденнен итерілу, отырып-тұрулар, секірулер т.б.).
Ауырлық шамасын білу үшін спортшы неше рет көтере алатыны белгілі салмақ қолданылады. Ол салмақты қайталау шегі (ҚШ) деп аталады. Мысалы, 2 ҚШ дегеніміз – спортшы екіден артық, көтере алмайтын салмақ.
Дене тәрбиесі тәжірибесінде күшті дамытудың көп тараған әдістері бар:
Жоғарғы күш салу әдісі. Бұл әдіс кезінде жаттығулар аса ауыр салмақты заттармен орындалады (ауыр салмақты штанганы көтеру, салмақ қосып тартылу т.б.) Жүйке бұлшық ет аппаратының жұмысы шегіне жете қолданылып, сол арқылы күштің көп өсуіне мүмкіншілік береді. Алайда, бұл әдіс психикалық ширықтыруға соқтырады да, балалармен жұмыс істегенде байқап қолдану керек.
Жоғарғы күш салу әдісін қолдану сипаты мынандай: Қарсыласу шамасы 1-4 ҚШ (ауырлық көтеру шамасынан 90-100 %) бір жаттықтыру сабағында 3-4 тізбекпен орындалады. Орындау аралығында тынығу, спортшы ағзасы толық бастапқы қалпына келгенге дейін, 3-5 минөтқа дейін созылады.
Қайталап күш салу әдісі. Бұл әдіс екі негізгі ауырлық шегі аймақтарына бөлінеді, әрбір аймақта жаттығу әбден шаршағанша немесе көтеруге шамасы келмей қалғанша орындалады. Бұл жағдайда соңғы әрекеттерде күш түсірудің шегіне жету әсері байқалады, жаттығуға көптеген бұлшық еттер саны қатысып, көмектесе бастайды.
Бірінші аймақ: жаттықтыру сабағында қарсыласу шамасы 4-12 ҚШ (ауырлық көтеру шамасынан 50-80%) 3-6 тізбекпен орындалады. Тізбек арасындағы тынығу – 2-4 минөт. Мұнда спортшы ағзасы толық бастапқы қалпына келмейді. Бұл жерде абсолюттік күш және күш төзімділігі дамиды.
Екінші аймақ: қарсыласу шамасы 13-20 ҚШ (ауырлық көтеру шамасынан 30-60 %) 2-4 тізбектен артық қолданылады. Тізбек арасындағы тынығу - 2-4 минөт. Мұнда күш төзімділігі дамиды, жаттығу өте тез қарқында орындалса күш жылдамдығы қасиеті дамиды.
Қайталап күш салу әдісі балаларды зақымдандырмайды, жаттығу техникасын дұрыс орындауға көмектеседі, зат алмасу үрдісін жақсартады, бұлшық етті өсіреді. Жеке бұлшық ет топтарын дамыту үшін қолдануға болады.