Бөлшек сандар арифметикасы алғаш рет Еуропада ХІІI ғасырда Л.Пизанскийдің
«Абак туралы кітабында» жүйелі түрде баяндалады. Кітаптың VI – VII тарауларын автор
жай бөлшектер мен аралас сандарға амалдар қолдануға арнаған.
7.
Мұсылман елдері математикасында пропорцияға, сызықтық теңдеулер мен
олардың жүйелеріне, квадрат және куб түбірлерді табуға, квадрат теңдеулерге, тіптен аса
күрделі жағдайларда куб және жоғары дәрежелі теңдеулерге берілген типтік есептер
топтары қамтылады.
Мұсылмандардың практикалық арифметикасында берілген шамалармен бір немесе
бірнеше геометриялық пропорциялар арқылы байланысатын белгісіздерді анықтауға
берілген есептер жиі кездеседі және бұл есептерді шешу бірнеше ережелерге негізделеді.
Cоған байланысты есептер шешу ережесіне қарай былайша топтастырылып, ұсынылады:
үштік ережеге берілген есептер, шамаларды берілген сандарға пропорционал бөлуге
берілген есептер, қарама-қарсы немесе бір бағыттағы қозғалысқа берілген есептер және т.б.
Үштік ереже мұсылман елдері математиктерінің осы сияқты шығармаларының
латын тіліндегі аудармалары арқылы Батыс Еуропаға кеңінен таралып, XVI ғасырдан
бастап ерекше ардақталған және ол коммерциялық арифметикадағы ең пайдалы ереже
ретінде танылған.
Мұсылман елдерінде бір немесе бірнеше белгісізі бар теңдеулер құруға берілген
күрделі есептерді шешудің неғұрлым жалпы әдістері пайдаланылған. Сондай әдістердің
бірі «Екі рет жалған ұйғару ережесі» деп аталады. Бұл ереже негізінен, математикалық
моделі
𝑎𝑥 + 𝑏 = 0
теңдеуі арқылы жазылатын есептерді шешуде қолданылған. Мұсылман
математиктері әсіресе,
𝑎𝑥 = 𝑏
түріндегі теңдеуге келтіретін есептерді шешуде тиімді
болатын бір рет жалған ұйғару ережесін де пайдаланған. Ал, екі рет жалған ұйғару ережесі
екі белгісізі бар теңдеулер жүйесіне келтіретін есептерді шешуде де қолданылған.
Есептерді екі рет жалған ұйғару ережесі мұсылмандық құқық талаптарына сай мұра
бөлісушілікке байланысты мәселелерді шешуде кеңінен қолданылған.
Үштік ереже және жалған ұйғару ережелерінің екі түрі де мұсылман
математиктерінің еңбектерінің латыншаға аудармалары арқылы Батыс Еуропаға жетті.
Олар әсіресе, осы еңбектердің негізінде жазылған Л.Пизанскийдің «Абак туралы кітабы»
арқылы Батыс Еуропада тарала бастады. Оның осы кітабында коммерциялық арифметика
есептерінің осы ережелерге негізделген шешу әдістері, оның ішінде үштік ережемен,
сондай-ақ күрделі үштік ережелерімен (бес, жеті және тоғыз шамалар ережесі) шешілетін
есептер қарастырылған.
Достарыңызбен бөлісу: