6- дәріс. XV ғасырдан кейінгі мұсылман елдері математикасы
Қарастырылатын сұрақтар (дәріс жоспары):
1. Орталық Азия математикасы.
2. Түркия математикасы.
3. Ұлы моғолдар империясындағы математика.
Дәрістің қысқаша мазмұны.
1.Ғылым қамқоршысы атанған Ұлықбек және ол қалыптастырған мектеп мұсылман математикасының шыңы болды. Алайда, Ұлықбектен кейінгі кезең Орта Азия математикасы үшін Ұлықбек тұсындағы және оның алдындағы кезеңге қарағанда аса қолайлы бола қойған жоқ. Қоғамның мәдени өміріне мұсылман діні өкілдерінің дәл ғылымдардың дамуын қолдамайтын бөлігінің әсері күшті болғандықтан, Орта Азияда математика ғылымы әлсіреп, тоқырауға ұшырады. Математика тарихына арналған еңбектерде Ұлықбектен кейін Орта Азия математикасы мүлде өшіп қалды деген пікір орын алған. Біздіңше, бұл шындыққа жанаспайды. XV ғасырдан кейін де Орта Азия математиктері әлемдік деңгейдегі жаңалықтар аша қоймағанымен, өздеріне дейінгі қалыптасқан мол математикалық мұраны игеруге аянбай атсалысты.
XV ғасырдың соңы мен XVI ғасырдың басындағы Орталық Азиядан шыққан көрнекті астроном және математик Низам ад - Дин әл - Біржанди (? – 1525). Ол Ұлықбек мектебінің ісін жалғастырушы болды, математикадан «Арифметика туралы Күн трактатына түсіндірмелер» және «Достас сандарды түсіндіру туралы достарға арналған жаднама» атты еңбектер, сондай-ақ «Астрономия туралы трактат», «Каленьдарь туралы жиырма тарау», «Бақылау аспаптары туралы трактат», «Күннің шығу мен бату аралығындағы уақытты анықтау туралы кітап» сияқты көптеген астрономиялық шығармалар, Ұлықбектің астрономиялық кестелеріне, Насыреддин ат-Тусидің, әл-Кәшидің және Қазы-заде ар-Румидің шығармаларына түсініктемелер жазған.
Бұлардан басқа Ұлықбек мектебінің өкілдері: Хасан Челеби, Мугин ад–Дин әл – Кәши, Мансұр әл – Кәши, т.б. XVI-XVII ғасырлардағы Орталық Азия математиктері ішінен Бахау ад-дин әл-’Амилиді (1547-1622) ерекше атап айтуға болады. Иранда I Аббас шахтың сарайында қызмет істеген ол аса маңызды 8 математикалық және 13 астрономиялық трактаттар жазған аса ірі ғалым болып табылады. Трактаттары: «Арифметиканың мағынасы», «Арифметикалық ережелер мен геометриялық нұсқаулар туралы трактат», «Арифметика туралы трактат», «Өлеңмен негіздеу сөйлемдері және геометрия туралы поэма», «Өлшеу туралы трактат», «Таудың биіктігінің қатынасы туралы трактат», «Алгебра мен әлмүкабала туралы сегізінші бөлімге ескертулер», «Арифметика теңізі», т.б.
XV ғасырдан кейін негізінен алғанда, өткен ғасырлардағы мұсылман математиктерінің еңбектеріне түсініктемелер, сондай-ақ математикадан мұсылмандық оқу орындарына арналған оқу құралдарын жазу бағытында айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Бұл салада елеулі табыстарға қол жеткізген ғалымдар: ’али әл-Исфахани (XV ғ. екінші жартысы), Жамал ад-дин әд-Давани (1423-1501), әл-Ысқақ (XV ғ. соңы), Қасым Исфахани (XV-XVI ғ.), Фасих ад-дин-Кухистани (1530 ж. қайтыс болған), Әбу Ысқақ ’Абдаллах (XV-XVI ғ.), Ғияс ад-дин аш-Ширази (1542 ж. қайтыс болған), ас-Сағ’иди (1568 ж. қайтыс болған), әл-Абиварди (XVI ғ.), әл-Азхари (XVI ғ. екінші жартысы), Мәлік Мұхаммед Исфахани (XVI ғ.екінші жартысы), әл-Язди(1637 ж. қайтыс болған), ас-Самарқанди (XVII ғ.), Сәки Балхи (XVII ғ.), Ахмет әл-Хатунабади (1708 ж. қайтыс болған), Әбдісамат Әкпар-хан (XVII-XVIII ғ.), Мұхаммед ’али Біржанди (XVIII ғ. бірінші жартысы), т.б. Классикалық математикалық еңбектерге жазылған бұл түсініктемелер мен оқу құралдарында арифметика мен алгебраға, есептеу тәсілдерін жетілдіруге, геометрияға және математикалық білімдерді таза тәжірибелік мәселелерді шешуде, мәселен, мұсылмандық құқық бойынша мұра бөлісушілік істерінде кеңінен қолдануға көңіл бөлінді. Сонымен қатар оларда математика ғылымының жаңа сапаға көшуіне әсер ететін кейбір тың идеялардың да ұсынылғандығын атап айту керек.
Бұл келтірілген деректер XV ғасырдан кейін Орталық Азияда математика мен астрономия ғылымдары мүлде дамымай қалды деген пікірдің шындыққа мүлде жанаспайтындығын көрсетеді. Ол белгілі бір дәрежеде тоқырауға ұшырап, әлсірегенімен, математика мен астрономия саласындағы Ұлықбек мектебінің табыстары мен бай дәстүрлері Ұлықбектің Әли Құсшы, Мейрам Шалаби сияқты дарынды шәкірттері арқылы Түркияда, сондай-ақ Әмір Темірдің Бабыр бастаған ұрпақтары арқылы Үндістанда кеңінен қанат жайды.
2. Осман империясының құрылуы мұсылмандық мәдениет пен ғылымның, сонымен қатар математика мен астрономия ғылымдарының да дамып, өркендеуіне жол ашты. Түрік сұлтандары Әмір Темірдің және Ұлықбектің тұсындағы мұсылмандық өркениетті әрі қарай дамыта түсуге мүдделі болды, өйткені жаулап алынған елдерді озық ғылым мен мәдениетсіз, жоғары деңгейде дамыған ғылымсыз мойындату мүмкін емес еді. Шынында да ұлан-байтақ Осман империясы территориясында өндірісті дамыту, сәулет-құрылыс жұмыстарын жүргізу, плотиналар мен каналдар қазу, сауда істерін дамыту сияқты мәселелерді шешу математикасыз ілгері баспайтын еді. Сондықтан олар мешіттер ашуға, мұсылмандық оқу орындарының жұмыстарын жандандыруға, сонымен қатар оларда математиканың оқытылуына және ғалымдарға жағдай туғызуға ерекше көңіл бөліп отырды. Соның бір дәлелі, Орталық Азияда қуғындауға ұшырауға мәжбүр болған Ұлықбек математикалық мектебінің Әли Құсшы, Мирам Челеби сияқты көрнекті өкілдері Түрік сұлтандарынан пана тауып, өздерінің математикалық қызметтерін жалғастыруға мүмкіндік алды. Олар өздерімен бірге Ұлықбек кітапханасында сақталған математикалық еңбектерді ала келіп, олардың Түркияда және ол арқылы Еуропада таралуына жол ашты. Шын мәнісінде, олар Орта Азия математиктері болып саналғанымен, өздерінің математикалық және астрономиялық трактаттарын Түркияда жүріп жазды. Сондықтан оларды екінші жағынан Түркия математиктері деп санауға да болады.
Әли Құсшы өзінің аса маңызды трактаттарын Түркияда жүріп жазды және көптеген шәкірттер тәрбиеледі (Шалаби,әл-Кухистани, Руяни,т.б.).
Достарыңызбен бөлісу: |