10.2 Өнеркәсіптік уларды токсикологиялық бағалаудың негізгі қағидалары.Өнеркәсіптік улардың жағымсыз әсерінің алдын алудағы негізгі шаралардың біріне жаңа заттар мен қосылыстарды токсикологиялық бағалау, жұмыс орындарында заттардың рұқсат етілген әсер деңгейлерін шектеу жатады.Біздің елімізде өнеркәсіптерде қолданылатын барлық химиялық заттарды зертханаларда зерттеп, жете бағалаудан бастап, химиялық өнімді жаппай өндіру және қолданумен аяқталатын көп сатылы токсикалогиялық бағалау жүргізіледі.
Егер гигиеналық стандарттар (нормативтер) дайындау мақсатында затты тереңірек токсикологиялық бағалау, оның ағзаға қауіптілігімен зиянды әсер ету сипаты туралы мәселе тұрса, онда ӘШҚД – әсер етудің шамамен алынған қауіпсіз деңгейін, содан соң шектік рұқсат етілген концентрацияларын (ШРЕК) дайындау жөнінде арнайы токсикологиялық зерттеулер жүргізіледі.
Жұмыс зонасы ауасындағы зиянды заттардың ШРЕК-і – бүкіл еңбек өтілі бойына, күнделікті (демалыс күндерінен басқа) 8 сағат шамасында және аптасына 40 сағаттан аспайтын уақыт жұмыс істеген кезде, жұмыс үрдісінде немесе біраз уақыт өткеннен кейінгі өміріндегі, қазіргі және келешектегі ұрпақтардың денсаулық жағдайында, бүгінгі таңдағы зерттеу әдістерімен анықталатын ауытқулар туғызбауы тиіс концентрациялары. Зиянды заттардың ШРЕК деңгейіндегі әсері сезімталдылығы жоғары адамдардың денсаулық жағдайында бұзылулар болуына кепілдік бере алмайды.
Биологиялық ШРЕК-і – зиянды заттардың тікелей әсер ету үрдісінде немесе әсер еткеннен біраз уақыт өткеннен кейінгі өміріндегі қазіргі және келешектегі ұрпақтардың денсаулық жағдайында бүгінгі таңдағы зерттеу әдістерімен анықталатын аурулар немесе ауытқулар тудырмайтын, жұмысшының ағзасындағы (қан, зәр, тыныс алғаннан шыққан ауа, шаш және т.б.) зиянды заттардың деңгейі немесе ағзаның ең зақымданғыш жүйесінің биологиялық жауабының деңгейі.
Гигиеналық нормативтерді орнатудың негізгі қағидалары:
1. Токсикологиялық зерттеулер, гигиеналық нормативтерді ғылыми тұрғыда негіздеу өндірісте қолданылуынан бұрын жүргізілуі және алдын-алу шараларын жаңа технологиялық үрдістерді, жабдықтарды, химиялық заттарды және т.б. өндіріске енгізгенге және қолданғанға дейін және одан кейін де жүргізу.
2. Гигиеналық нормативтерді негіздеу кезінде қазіргі таңдағы техникалық тұрғыдан табысқа жету керектігімен және экономикалық талаптармен салыстырғанда, медициналық және биологиялық көрсетілімдері бірінші орында тұруы керек.
3. Химиялық заттардың әсер етуінің табалдырықты болуы.
Зиянды әсерінің табалдырығы – әсер етуі кезінде адам ағзасында физиологиялық бейімделу реакцияларының шегінен шығатын өзгерістер туғызатын немесе жасырын (уақытша орнына қайта келген) патология дамытатын жұмыс зонасы ауасындағы заттардың ең аз концентрациясы.
Зиянды заттардың гигиеналық нормативтерін негіздеу кезінде әр түрлі зертханалық жануарларға (жиі – ақ тышқандар, егеуқұйрықтар, қояндар, теңіз шошқалары) қойылаған эксперименттерде ағзаға әр түрлі жолдармен түсіп (ингаляция, ауыз немесе тері арқылы түсу) әсер етуі кезіндегі улылық дәрежесі, тері мен көздің шырышты қабығын тітіркендіргіш әсері, зақымдалмаған тері арқылы ену және улану тудыратын қабілеті, сондай-ақ ағзада жинатын қабілеті де анықталады. Теріге ұзақ уақыт жабыстыру кезінде заттың аллергиялық реакциялар тудыратын қабілеті бағаланады. Бір реттік және бірнеше рет қайталап ингаляциялық жолмен әсер еткен кезінде (эксперимент ұзақтығы 4 айға дейін, күнделікті экспозициясы 4 сағат) зиянды әсерінің жалпы және спецификалық көрсеткіштері бойынша заттардың әсер ететін минимальды (табалдырықтық) концентрациялары анықталады. Осы мақсатта адекватты әдістер кешенінің көмегімен әр түрлі мүшелер мен жүйелердегі функционалдық, биохимиялық, және морфологиялық өзгерістерді тіркейді.
Затты өндіріске енгізген кезде, әдетте, 3-5 жылдан кейін эксперимент арқылы орнатылған ШРЕК-ң қауіпсіздігін анықтау үшін, оның әсеріне ұшыраған жұмысшылардың еңбек жағдайы мен денсаулық жағдайы зерттеледі. Басым көпшілік жағдайларда ШРЕК зиянсыз болып шығады, дегенмен де регламентті өзгерткен жағдайлар да болған, мысалы, хлорлы винилдің ШРЕК-і 30-дан 5 мг/м³ дейін төмендетілгені белгілі.