1 дәріс. Сөзжасам – тіл білімінің жеке саласы


СӨЗЖАСАМНЫҢ ТІЛДІҢ БАСҚА САЛАЛАРЫМЕН БАЙЛАНЫСЫ



бет2/75
Дата31.12.2021
өлшемі231,81 Kb.
#23325
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   75
СӨЗЖАСАМНЫҢ ТІЛДІҢ БАСҚА САЛАЛАРЫМЕН БАЙЛАНЫСЫ

Жоспар:



  1. Сөзжасамның морфологиямен байланысы

  2. Сөзжасамның синтаксиспен байланысы

  3. Сөзжасамның лексикологиямен байланысы

  4. Сөзжасамның тілдің фонетика мәселесімен байланысы.

Сөзжасам тіл білімінің жеке саласы болып танылуы оның тіл білімінің басқа салаларымен байланысын және олардан ерекшелігін анықтауды қажет етеді.

Сөзжасамның тіл білімінің жеке саласы болып танылуы ерекше тілдік құрылымның болуы, тілдің басқа салаларына ерекшеленетін сөзжасамдық деңгейі, оның өзіндік нұсқалары барына байланысты. Сөзжасамның өзіндік нұсқаларына сөзжасамдық түр (тип) мен сөзжасамдық үлгілер жатады.

Тіл білімінің салаларының ішінен сөзжасамның морфологиямен байланысы ертеден назарға ілінген. Сондықтан да сөзжасам соңғы кезге дейін көп тілдерде морфологияның құрамында қаралып келеді. Бұл екі саланың байланысы болатын себебі екеуі де сөздің ең кішкене бөлшегі морфемамен байланысты. Тіл білімінің сөзжасам саласы да, морфология саласы да морфеманы зерттейді. Бірақ сөзжасам жаңа сөз жасаушы морфеманы зерттейді де, морфология грамматикалық тұлғаларды (формаларды), яғни сөз түрлендіруші тұлғаларды зерттейді.

Қазақ тіл білімінде еркелету, кішірейту, сыйлау мәнін беретін жұрнақтар әлі күнге дейін дау туғызып жүр. Ғалымдардың бір тобы оларды сөзжасамға жатқызса, бар топ ғалымдар оларды сөз түрлендіруші деп дәлелдейді. Бірсыпыра жұрнақтардың дерексіз мағынасы оларды сөз түрлендіруші, сөз тұлғасын жасаушы жұрнақ деп қарауға себеп болып жүр. Мәселен, сын есімнің қызғылт, сарғыш, көкшілт, көкшілтім, бозаң, сарғылтым сияқты туындылардың құрамындағы жұрнақтарды біраз ғалымдар шырай жұрнағы деп қараған. Сол сияқты көптік жалғауын жұрнақ деп санау керек деген де ұсыныстар болған.

Етіс жұрнақтары да бірде сөз тудырушы деп, кейде категорияның тұлғасын жасаушы сөз түрлендіруші деп сипатталып келгені белгілі. Сонымен бірге кейбір жалғаулар сөз құрамында көнеріп, түбірмен кірігіп, тұтас алғанда, жаңа мағынаға ие болған. Мысалы, өзге, басқа, шалқасынан, етпетінен, бірге сияқты қазір үстеуге көшкен сөздер бар, олардың құрамындағы жалғаулар өздерінің сөйлемде сөз бен сөзді байланыстыру қызметінен айырылған, бұлар қазір сөзжасамдық қызметте.

Бұл келтірілген дәлелдердің бәрі сөзжасам мен морфология саласының байланысына толық дәлел бола алады. Сөзжасам да морфология сөздің құрамын зерттейді. Екеуінде де сөздің құрамы негізгі морфема мен қосымша морфемадан тұрады. Айырмашылық көмекші морфеманың мағынасы мен қызметіне қатысты. Сөзжасамдық жұрнақ сөз мағынасын өзгертіп, жаңа мағына береді, не сөз мағынасына өзгеріс қосады. Мысалы, етік+ші – етікші (мамандық), ал кітап+ты, кітаптан, кітаптар дегенденрдің бәрі бір сөздің сөйлемде қолданатын түрлі тұлғалар.

Сөйтіп, сөзжасамның да, морфологияның да зерттеу нысанасы көмекші морфема, бұл жағынан ұқсастық бар. Бірақ сөзжасамның нысанасына көмекші морфеманың, яғни қосымшаның сөзжасамдық жұрнақ түрі жатады да, морфологияның зерттеу нысанасына қосымшаның жалғаулар түрі мен жұрнақтың грамматикалық категориялардың көрсеткішіне жататын сөз түрлендіретін түрлері жатады. Сөзжасам тілдегі сөзжасамдық жұрнақтарды толық қамтиды, олардың сөзге тіркесу қабілеті, туынды сөздегі мағынасы, сөзжасамдық қызметі, қай сөз табына қатысты сөзді жасайтыны сияқты тек сөзжасамға қатысты мәселелерді зерттейді. Морфология сөйлемдегі сөздерді бір-бірімен байланыстыру қызметінде қолданылатын жалғаулардың сөз таптарына қатысын, сөз таптарының категорияларының көрсеткіші екенін, олардың сөзге қосатын грамматикалық мағыналарын зерттейді.

Сөзжасам синтаксиспен байланысы да тілде белгілі орын алады. Сөзжасамның синтаксистік тәсілі арқылы жасалған күрделі сөздер өзінің шығу тегі жағынан сөз тіркестеріне барып тірелетіні жалпы тіл білімінде әбден танылған, даусыз мәселе деп саналады.

Сөз тіркесі мен сөзжасамның арасындағы қатыс өз ізін қалдырып отырған. Күрделі сөздердің құрылысында, сыңарларының бір-бірімен байланысу жолында, сыңарлардың орналасуында өз ізін қалдырмауы мүмкін емес. Сондықтан қазақ тілінің күрделі сөздерінен сөз тіркесінің көп белгілерін көруге болады. Күрделі сөздердің қазіргі жасалу үлгілерінен сөз тіркесінің бәріне қатысты үлгілерді көруге болады: атқамінер, қолкесті, бата оқу, бәйге тігу т.б. Осымен байланысты күрделі сөз бен сөз тіркесінің арасында ұқсастық бар. Бұл ұқсастық бірсыпыра күрделі сөздердің танылуына кедергі де келтіреді: мал қора, қой қора, қара тоғай, боз торғай сияқты сөздерді бір ғалымдар сөз тіркесі деп тану да жиі кездеседі.

Бұл жағдайлардың бәрі – сөзжасам мен синтаксистің байланысына қатысты мәселелер. Тілде бір-бірімен байланыспайтын мәселелерді кездестіру өте қиын. Сөз дыбыстан тұрады, ал сөз бен дыбыс тіл білімінің түрлі саласына жатады. Сөз жасалады, сөз түрленеді. Сөз жасалыс сөзжасамға жатса, сөз түрленім морфологияға жатады, бірақ жасалған сөз дайын күйінде сөйлемде қолданылады, ал сөздің түрленуі оның сөйлемде, сөйлем ішінде қолданылуында іске асады. Сондықтан сөзжасамның тіл білімінің түрлі салаларымен байланысы - заңды құбылыс.

Сөзжасамның лексикологиямен байланысы. Лексикология сөзді, тілдің сөздік құрамын зерттейді. Сөзжасам тілдің сөздік құрамының туынды сөздер арқылы толығуын зерттесе, лексикология жалғыз туынды сөзбен емес, оның сөздің, түбірдің барлық түрімен толығуын зерттейді, оған басқа тілден енген сөздер де кіреді.

Сөзжасам лексикалық нұсқаларды жасағанда, тілдік қарым-қатынасқа қажетті атау жасайды. Ол қажеттік қоғамда туады, атаудың лексикалық жүйеде жоқ екенін лексика білдіреді. Ал жаңа ұғымды қалай атаудың жолын іздеу, сөзжасамның жұмысы, сондықтан ол жоқ атауды тілдің сөзжасамдық нұсқаларының қайсысымен жасауды сөзжасам жүзеге асырады. Сөзжасам да, лексикологя да сөздің мағынасын зерттейді. Бірақ екеуі сөз мағынасын түрлі мақсатпен зерттейді. Сөзжасам сөз мағынасын жалпы лексикалық мағына ретінде емес, сөзжасамдық мағына ретінде қарайды. Туынды лексикалық мағынаның қандай негіз сөздің мағынасы арқылы жасалғанын анықтамайынша, сөзжасамдық мағынаны белгілеу мүмкін емес. Мәселен, ақта деген туынды сөздің мағынасы оған негіз болған ақ деген сөздің мағынасы арқылы дәлелденеді. Туынды сөз жасалғанан кейін, ол лексикологияның нысанасына жатады, өйткені ол тілдегі басқа сөздер қызметі атқарады. Бұл ретте сөзжасам мен лексикологияның байланысы анық байқалады.

Сөзжасамның морфонология саласымен байланысы. Сөзжасамның ең кіші нұсқасы морфема, яғни жұрнақ. Ал тіліміздегі жұрнақ атаулының басым көпшілігінің дыбыстық варианты бар. Қосымшалардың дыбыстық варианттары фонетикалық заңдылық негізінде қалыптасқан. Оны морфонология саласы зерттейді. Сонымен бұл арада сөзжасам өзінің жұрнақтарының (-хана, -қой,- паз) дыбыстық қолданылуы арқылы тілдің фонетика, морфонология салаларымен байланыстылығын анықтайды.
Пайдаланылған әдебиеттер:


  1. Оралбай Н. Қазақ тілінің сөзжасамы. -Алматы, 2002.

  2. Оралбай Н. Қазіргі қазақ тіліндегі сан есімнің сөзжасам жүйесі. -Алматы, 1988.

  3. Салқынбай А. Тарихи сөзжасам. –Алматы, 1999.

  4. Салқынбай А. Қазақ тілі сөзжасамы. –Алматы, 2003.

  5. Бейсембайқызы З. Сөзжасам пәнін модуль бойынша оқыту.-Алматы, 2000.

  6. Қазақ грамматикасы. –Астана . 2002.

3дәріс.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   75




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет