№1 Дәріс тақырыбы: Стилистиканың ғылым және пән ретінде қалыптасуы



бет2/4
Дата05.06.2022
өлшемі21,25 Kb.
#36369
1   2   3   4
Құрылымдық стилистика тілдік құралдардың стилистикалық сапа-қасиеттерін олардың нақты қолдану жағдайына қатыссыз тұрғыда зерттесе, қолданымдық стилистика, керісінше, тілдік құрылымдардың қызмет ету ерекшеліктерін олардың белгілі бір жағдайларда (мысалы, белгілі бір жанрлық ерекшелікте, ауызша, жазбаша т.б.) қолдануымен байланысты қарастырады. Көркем әдебиет стилистикасы тілдік құралдардың ерекше салада, ерекше жағдайдағы қолданысын: көркем шығармада өнер тудырушы, өнер құбылысы ретіндегі қолданысын, яғни көркем шығармадағы өмірін зерттейді. Ал, практикалық стилистиканың міндеті-стилистикалық тілдік мәдениетті қалыптастыру. Бұған негіз болатын тілдің стилистикалық қорын және оның қызмет ету заңдылықтарын меңгеру, мұның өзі сөз қолданудың стилистикалық нормаға сәйкес дағдысын қалыптастырады.
Бұлардың ішінде тілдің стилистикалық қорын зерттейтін құрылымдық стилистика саласы-әріден келе жатқан дәстүрлі сала. Оны сипаттама стилистика десе де болады. Ол тілдің стилистикалық бояуға ие құралдарын, тілдік тұлғалардың (дыбыстан мәтінге дейінгі) мәнерлегіш мүмкіндіктерін, мағыналық-қолданымдық реңктерін зерттейді. Жазушы тілінде қолданылатын көріктеуіш-бейнелеуіш құралдар да осы стилистиканың қарамағына жатады. Тілдің стилистикалық синонимдік қатары-оның негізгі зерттеу аймағын құрайды. Бір сөзбен айтқанда, жалпыхалықтық тілдік қордың (байлықтың) стилистикалық құрамын зерттейді, ал ол стилистиканың негізгі базасын құрайды.
Тіліміздегі лексикалық, фонетикалық, грамматикалық тәсілдерді қолдану принциптерін ретке келтіретін лингвистикалық стилистиканың орны ерекше маңызды. Лингвистикалық стилистиканы түрлерге бөліп жүйелеудегі негізгі принцип - оның негізгі зерттеу бағыттары болуға тиіс. Олардың бірі - мәтіннен тысқары стилистикалық ресурстар (мүмкіндіктер). Бұл аспектіні тіл ресурстары стилистикасы деп те атайды. Ал екінші-қоғамның әртүрлі аяларында тілдің қолданысқа түсу заңдылықтары. Бұл аспектіні функциональдық стилистика деп атайды.
Қазіргі тіл білімінде стилистика тармақтарының жіктелуіне байланысты, салыстырмалы-салғастырмалы (контрастивтік) стилистика, дара (индивидуальдық), функциональдық стилистика, зерттеу әдістемесіне байланысты синхронды стилистика және диахрондық стилистика, материалдардың ғылыми тереңдігі мен нақтылы шығарманы талдау үстіндегі деректерді сипаттауға байланысты теориялық стилистика және практикалық стилистика деп жүйеленеді.
Лингвистикалық стилистиканың тіл білімінің басқа салаларымен байланысына келетін болсақ, олар бір-бірімен тығыз байланыста. Әр түрлі стильдік сапа, мәнерлегіштік сипат тілдік единицалардың барлығында да болады. Сондықтан стилистиканың зерттеу объектісі – лексикология, семасиология, грамматика және фонетика зерттейтін единицалар.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет