4- қателік: «Кіріспе» бөліміне дұрыс көңіл бөлмеу.
Көп жағдайда «Алдымен жұмысты жазып алайын, кіріспені соңынан жаза салуға болады», «Жұмыс дайын болсын, кіріспені кейін жазамыз» деген пікірлерді естиміз. Бұлай ойлау – ең басты қателік. Адам алдына нақты қандай мақсат қойылғанын, қандай міндеттерді шешуі керек екенін білмей тұрып, жұмысты дұрыс жаза алмайтыны белгілі. Сондықтан кіріспені алдымен дайындап алмау жұмыстың созылып кетуіне, орынсыз шатасуларға алып келеді. Сонымен, кіріспе алдымен жазылуы керек. Бұл, әрине, оны кейін мүлде өзгертуге болмайды деген сөз емес. Жоба жазушы өзін соңғы мақсатты болжамы, мақсат, міндеттерін ең әуел бастан дұрыстап нақтылап алса, оның жұмыс істеуі әлдеқайда жеңілдейді.Әсіресе жұмыстың мақсаты айқын болуы тиіс. Ол ең алдымен нақты орындай алатындай қолжетімді болуы керек. Егер жұмыстың мақсаты жалпылама түрде «Зерттеу…», деп берілсе, оған қол жеткізу үшін шексіз уақыт қажет болады. Жұмыстың мақсаты мен міндеттерін дұрыс жаза алмау да жиі кездесетін қателердің бірі. Әдетте болжамды (гипотезаны) тексеру мен дəйектеуге арналған зерттеу мақсат-міндеттері белгіленуі керек. Жұмыстың мақсаты оның тақырыбымен, міндеттері тиісті тараулар мен тармақтарының атауларымен сәйкес келуі қажет.
5- қателік: Алдымен практикалық бөлігін жазып алып, жұмыстың теориясын соңынан жазамын деп ойлау
Әдетте ғылыми теориялық әдебиеттермен жұмыс істеуден гөрі жұмыстың практикалық бөлігіне бірден кірісіп кету жеңіл көрінеді. Әзірге кітапханаға баратын мүмкіндік жоқ, теориялық бөлігін соңынан жаза саламын деген ойлар болатыны рас. Алайда ол жұмыстың сапасын төмендете түсетін басты қателік болып табылады. Кез келген ғылыми жұмыс ең алдымен ғылыми теорияға негізделуі қажет.
Ғылыми логикасы айқын болмаған жұмыс ешқашан дұрыс жазылмайды. Яғни теориялық мәнін түсінбегеннен кейін, адам практикалық бөлігінде қателесуі мүмкін.
6- қателік: Жұмыстың тек қана теориялық материалдардан тұруы немесе практикалық бөлігінің болмауы
Әсіресе жеңіл жол іздеушілер уақыт аз қалғанда кірісіп, жобаны тез арада аяқтау керек деп, асыққан кезде, осындай қателікке ұрынады. Бұл - алдымен тақырыпты толық меңгермеген адамның ісі. Әдетте, ондай жобалардың негізгі бөлімі түгелдей тек қана теориялық материалдан тұрады, жұмыстың өзіндік талдауы, яғни, практикалық бөлігі болмайды. Ал тұтасымен теориядан тұратын жұмыстың қайдан алынып, жазылатыны өз-өзінен белгілі. Әрине, кітаптан тұтасымен көшірілген дүние болып шығады. Оқушының өзіндік еңбегі сіңбеген ондай жұмысты тексеруші комиссия мүшелері бірден байқайды.