81.Шешендік сөздердің шығуы мен зерттелуі.
Шешендік өнер елдің қоғамдық-әлеуметтік өмірінде өте маңызды рөл атқарған. Екінші жағынан, халық шешендікті сөз өнерінің биік сатысы ретінде жоғары бағалаған. Бір кездері ел ішінде болатын сан түрлі талас-тартыстың бәрі де халықтың жол-жоралғысын алға тарта отырып айтқан шешен-билердің аталы сөздері, әділ биліктері арқылы шешіліп отырған. Сондықтан қара қылды қақ жаратын әділ шешен-билерді халық қадірлеп, сыйлаған. Олардың табан астында тауып айтатын үлгі сөздерін жадында сақтап, ауызша таратқан. Сөйтіп, бастапқы нұсқасы сан ұрпақтың елеп-екшеуінен өтіп бізге жеткен.Шешендік сөздерді алғаш зерттеушілердің бірі – М.Әуезов. "Қазақ әдебиеті тарихы" (1927 ж.) еңбегінде "Билер айтысы" деген арнаулы тақырыппен шешендік сөздердің кейбір түрлеріне мысалдар келтіреді. Ауыз әдебиетінде алатын орны мен халықтық сипатына дәлелді ғылыми тұжырымдама береді. Ауыз әдебиеті мұраларын зерттеп, жинап, ерекше еңбек сіңірген ғалым-лингвист А.Байтұрсынов шешендік өнерді жеке алып қарастырып, құнды пікірлер білдірді (1926 ж.). Шешен сөз, көсемсөз, дарынды сөз деп үш топқа бөліп, әрқайсысын қолданыс орнына қарай (саясатқа қатысты, сотта сөйлеу, қошемет сөздер, ғалымдардың ғылыми тақырыптағы сөзі, діни уағыз сөздер) іштей тағы беске бөліп, әрқайсысына қысқаша түсініктер, тың анықтамалар берген.Шешендік өнер ғылымының тарихына назар аударғанда алдымен шығыстың ұлы ғұламасы Әбу Насыр әл-Фарабидің (870-950) есімін айтқан орынды. Оның “Риторика” атты трактатында шешендік өнер хақында ғылыми-теориялық тұжырымдар айтылады. Шешен де шебер сөйлеудің қыр-сырын түсіндіреді. Пікірдің екі түрлі әдіспен қорытылатынын: не анық дәлелдеме арқылы, не иландыру арқылы болатынын айқындайды.
Достарыңызбен бөлісу: |