1. Иса Байзақов (1900-1946) қазақтың халық ақыны, әнші, әртіс, домбырашы, композитор. Павлодар облысы Ертіс ауданы Үлгілі ауылында туған



Дата02.05.2023
өлшемі19,48 Kb.
#89028

1.Иса Байзақов (1900-1946) — қазақтың халық ақыны, әнші, әртіс, домбырашы, композитор. Павлодар облысы Ертіс ауданы Үлгілі ауылында туған. Семейдегі жұмысшылар факультетін, Орынбордағы қазақ халық ағарту институтын, Қазақ педагогикалық институтын бітірген. 1926 жылы Қызылордада Қазақтың тұңғыш ұлттық театры ашылғанда Әміре Қашаубаев, Қалыбек Қуанышбаев, Құрманбек Жандарбеков, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, тағы басқа актерлармен бірге жаңа театрдың негізін қалаушылардың бірі болды. Жас театр қойған алғашқы пьесаларда — Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебегі» мен «Бәйбіше-тоқалында» басты рөлдерде ойнаған.Ал өзі инсценировка жасаған «Біржан-Сара» қойылымында Біржан болып ойнап, ақындық, әншілік, домбырашылық өнерімен жұртты ерекше сүйсіндіреді. Театрда спектакль соңынан үнемі қойылатын концерттерге де белсене ат салысқан. Әншілік, артистік, домбырашылық өнерінің үстіне, серіктес артистері Әміре Қашаубаев, Елубай Өмірзақов, тағы басқалардың айтатын халық әндеріне жаңа мазмұнды мәтіндерін жазып берген. Мысалы: «Заулатшы-ай», «Қалқа», «Ісмет», «Назқоңыр», тағы басқалардың сөзін Иса Байзақов қайтадан жазған. Халыққа кең тарап кеткен мұндай ән мәтіндерінің саны қырықтан асады.Қазақтың халық әндерін тұңғыш жинап бастырушы Александр Затаевич Иса Байзақовтың аузынан бірнеше халық әндері «Кәкен», «Бике», «Жар-жар», тағы басқаларын жазып алып, нотаға түсірген. Иса Байзақов орындайтын бірсыпыра халық әндері «Айман-Шолпан», «Ер Тарғын» операларының музыкасына енген.Ал атақты «Гәкку» әні Иса Байзақовтың орындауымен ешбір өңдеусіз «Қыз Жібек» операсына көшті. Театрға жиналған жұрттың қалаған тақырыбына іркілместен суырып салып, өлең шығаруымен «ақын-артист» атанған Иса Байзақовтың ақындық дарыны да шарықтап өсе берді. Күн сайын театрда суырып салып айтатын жаңа жырлары, газеттерде жарияланып жататын ұсақ өлеңдерінен басқа, оның этникалық шығармалары да жиі-жиі жарық көріп отырды.«Құралай сұлу», «Қойшының ертегісі», «Алтай аясында», «Кавказ», «Қырмызы-Жанай» (аяқталмаған), «Ақбөпе» поэмаларында Иса Байзақов адамгершілікті, адал махаббатты жыр етеді. Өткен өмірдің өкінішті, қайғылы кезеңдерін көз алдыңа елестетіп, қазақ пен қалмақтың ірі бай-феодалдарының зұлымдығын әшкерелейді, тап қайшылығын көрсетеді.Иса Байзақов өмір шындығына «Неге Алатау шаттанды?», «Ұлы құрылыс», «Он бір күн, он бір түн» поэмаларын арнаған. Соңғы поэмасында ол Кеңес Одағының Батыры Марина Раскованың бейнесін жасады.1932-1940 жылдар аралығында Алматы, Қарағанды, Семей қалаларында радиода, филармонияда, Жазушылар одағында қызметтер атқарған. Ұлы Отан соғысы жылдарында Оңтүстік Қазақстан облыстарында тұрып, ел аралап, үгітшілік қызмет атқарды. Халықты жауын жеңуге шақырды. Бұл кездерде оның композиторлық дарыны да кең өрістеді. Оның атақты «Желдірмелері» (бес желдірме) халықтың жан-жүрегін тербеді.Иса Байзақовтың өмірі мен шығармаларын Есмағанбет Ысмайылов, Мәди Хасенов, Рахманқұл Бердібаев, тағы басқалар зерттеген. Жазушы Николай Ановтың «Ән қанаты» романында, осы аттас кинофильмде әнші-ақынның көркем бейнесі жасалған.Еңбек Қызыл Ту орденімен және көптеген медальдармен марапатталған. Әнші-ақынның есімі Павлодар облысы Ертіс ауданыдағы ауылдық округке, Үлгілі ауылындағы орта мектепке берілген.
2. Иса Байзақов «Он бір күн, он бір түн» поэмасында Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш қыз Марина Раскованың бейнесін жасады. Аталмыш туынды алғашында импровизация ретінде 1938 жылы орындалып, соңынан хатқа түскен. 1940 жылы «Әдебиет және искусство» журналының 7-8 нөмірлерінде. баспа жүзін көрген .Исаның «Он бір күн, он бір түн» атты дастаны қазақ совет поэзиясының елеулі шығармаларың бірі саналады. Бұл дастанның текстін жазылған күйінде Иса толық жатқа білмейтін, бірақ оның есесіне ол, сюжеттік желісін сақтай отырып, кез келген мезгілде оны жаңа тектспен үздіксіз суырып салып жатқа айтып шығатын. Бұл поэмада импровизаторымыз халқының болашағы үшін қанын шашқан асыл ерлердің ерліктерін ұмытпауға үндейді. Бұл шығарманы оқыған әрбір жан көзсіз ерліктің куәсі болады.Поэманың бас кейіпкері Марина арқылы, қиындыққа тап болғанда қол қуысырып отыруға болмайтындығын көрсетіп, жан-жануарлар мен табиғат арасындағы байланысты, жас ананың өжеттілігін, Саян, Алтай тауы, Байкал көлі тағы да басқа жер-су атауларының суреттерін әдемі кестелеген. Адамның бойындағы сенімділік, қайсарлық пен ержүректік бас кейіпкердің бойына жинақталған.
3. Ғасырға жуық ғұмыр кешкен Кенен өзі өмір сүрген замандағы әйгілі «июнь жарлығы», сонымен сабақтас 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы, одан соңғы Қазан төңкерісі, ұжымдастыру науқаны, халық дәулетінің жаппай тәркілеуі, халықты қынадай қырып кеткен ашаршылық, репрессия, соғыс, одан кейінгі тың игеру мен екпінді құрылыстар салу барысындағы желбуаз ұраншылдық сияқты халық тағдырына түбегейлі өзгеріс енгізген тарихи оқиғалардың бел ортасында болды. Жай сырттай бақылаушы емес, сол тарихи оқиғаларға. Кенен сергек араласып, өзінің азаматтық позициясын бойындағы буырқанған дарыны арқылы айғақтап отырды. Бұл ретте, Кененнің әнші, ақын, жырау, күйші ретіндегі алуан арналы шығармаларын өзі өмір сүрген заманының жанды шежіресі деуге болады. Ол өз ғұмырында жүзден аса ән шығарып, оның өлеңін де өзі туындатып, бұған қоса асқан шеберлікпен өзі орындаған біртуар дарын иесі.Сондай-ақ, екі жүздей лирикалық, дидактикалық арнаулар мен толғаулардың авторы. Оның репертуарында оңдаған эпикалық жыр-дастан болған. Сол жыр-дастандарды таңды таңға ұрып жырлап, тыңдаушысының құлақ құрышын қандырып, халықтың рухани ұйтқысы болған тұлға. Ол ән мен жырдың кенші атанған Жетісудың ғана емес, исі қазақтың әншілік – күйшілік, ақындық жыршылық, сал-серілік дәстүрін терең игерген өнер тарланы.Кененнің дарын тегеуріні қазақтың ән өнерін әуендік интонациялық жағынан байытып, әннің түр-тұлғасын жаңа биіктерге көтеріп, тақырып аясына тарихиәлеуметтік тың мазмұн дарытып, соны өрістерге алып шықты. Оның «Бозторғай», «Көкшолақ», «Ой, бұлбұл», «Он алтыншы жыл» сияқты әндері әуендік толымды жаңалықтарына қоса, бітім құрылысы мен тақырыбы тұрғысынан да өзіндік төл сипатымен дараланады.Кенен – ең алдымен айтыс ақыны. Оның есімін ел есінде сақтаған да осы өнері. Бұл анықтама өнердің өзге саласындағы қырларын жоққа шығармаса керек. Шәлипа, Ләтипа, Бөдене және Шәйнек, Бопина, Халима, Жамбыл, Кенжеқожа, Әбдіғали, Шашубай, Есдәулетпен айтыстары бұл айтқанымыздың анық дәлелі. Ол қазақ халқының айтыс өнерінің насихатшысы, осы өнерді кейінгі ұрпаққа жеткізуші тәлімгер ұстаз да бола білді.Өзінің сөздік қорын байыту үшін халық әдебиетінің мол мұрасын ауқымды түрде игерген, оның сан-салалы құбылыстарын жете түсінген, әр сөз тіркесінің мәні мен мағынасындағы ерекшеліктерді, құбылтулар мен құлпыртуларды жетік меңгерген, қазақ айтыс өнерін жалғастырушы әрі дамытушы Кенен Әзірбаев – дәстүрлі ақындық поэзия мен халық әдебиетінің озық үлгілерін өз шығармашылығына көркемдік құрал ретінде молынан пайдалана білген шебер ақын. “Әсерлі, қызулы, тасқынды, екпінді жырларыңмен оттай шалқып, еркін көсіліп сөйлеңдер!” деп үн тастайды. Асылы, ақынның бұл лебізінде өлең сөздің көркемдік болмысына, эстетикалық табиғатына қатысты құнды ойлар көрініс тапқан.Кенен өзін жыр әлеміндегі желмен жарысқан сәйгүлікке балау (оза шапқан тұлпар, топ бастаған жүйрік т.б.) арқылы халық поэзиясындағы метафораларды, әсіресе, күрделі метафораларды туындыларына шебер пайдаланады. Шалқыған шабытын тұлпардың шабысына, арғымақтың қарышына, жорғаның шалысына салыстыра бейнелейді. Бұл Кененнің айтыстарында жүйелі сипатқа ие. Айтыстағы әр сөз, тіркес, тармақ кестелі орамдармен көмкеріліп отырады. “Тайымда атқа қосып елім мені”, “Жүйрік аттай замғаймын көсілгенде”, “Тең жорға төрт аяғым бірдей шалыс” – мұның бәрі метафоралық үзілістер. Егер өлең жолдарындағы метафоралық үзілістерді жеке қалдырар болсақ, онда ақынның жеткізбек ойы төмендегідей болып сүреңсіз шығар еді: “[Мені] – тайымда атқа қосып”, “[Мен] жүйрік аттай самғаймын,” “[Мен] жорға едім”.
Ақын күрделі метафораларды қосу арқылы өз ойына күшейтпелі мағына беріп, оларды жүйе-жүйесімен түрлендіре құлпыртуды мақсат тұтады. “Тайымда атқа қосып елім мені” деген түйінді сөз тіркесінде шынайылықтың белгісі жатыр. Жыр алыбы Жамбылдың ақындық мектебінен тәлім алған Кенен өнер аренасында ерте көрінді әрі өткірлігінің, дарындылығының арқасында қазақ даласына тез танылды. Ақын соны меңзеп отыр. “Тең жорға төрт аяғым бірдей шалыс” дегенде, бойына өнердің бар саласы тоғысқанын, мұндай қабілет екінің біріне қона бермейтінін паш етеді. Қазақта төрт аяғын бірдей шалыс басатын жорға жылқы тым аз кездеседі. Ал шала жорғаларды кез-келген үйірден табуға болады. Бұл орайда ақын халық поэзиясында сирек көрінетін көркем бейненің озық үлгісін ұсынады.Ақынның шығармашылығын әсерлі айшықтармен ажарлай түсетін метафоралардың бір бөлігі қыран құстарға қатысты. Жан–дүниесінің сілкінісін, ақындық қиялдың серпілісін сипаттағанда, “көк тұйғындай сілкінді”, “ақ сұңқардай түледі”, “тастүлектей таранды”, “тау бүркіттей шаңқылдап”, “ақиықтай таранды”, “қыран құстай қаранды”, “ақиықпен талпынды”, “ақбөкендей желейін”, “құстай ұшып”, “сұңқардай қиялап” деген халықтық тіркестерді, бейнелі оралымдарды тапқырлықпен пайдаланады. Сөйтіп, бір ойдың өзін сан түрлі киіндіріп, өрнектеп, әдемілеп жеткізеді. Алуан түрлі, нешеме сырлы мән-мағынадағы сөздер немесе құс атаулары ой тиегін ағытуда, белгілі бір ой-пікірді білдіруде поэзиялық қызмет атқарады.
Қазақ поэзиясындағы айтыс жанрының бір бұтағы ақындардың өзара дидарласу кезіндегі сәлемдесу, қоштасу, көңіл айту мазмұнындағы сөз жарыстары.Мысалы: Жамбылдың “Майкөтпен дидарласу”, Нартайдың “Жамбылдың қазасына” т.б. Бұнда ақындардың төкпе ақындықтағы жырлау шеберлігі барынша ашылады. Осы жырлау шеберлігінің – замандас ақынның шығармашылық келбеті, оған арналған жырлаушы ақынның сезім пернелері шертіледі

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет