14-15-тақырып:Жедел-іздестіру қызметін бақылау және қадағалау Жедел-iздестiру қызметiн қадағалау
Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыру кезiндегi заңдылықтың сақталуын қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры және оған бағынысты прокурорлар жүзеге асырады.
Жедел-iздестiру қызметiн қадағалауды жүзеге асыру кезiнде прокурор:
1) жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыратын органдармен жасырын негiзде қызмет ететiн немесе қызмет еткен азаматтардың жеке басы туралы мәлiметтердi қоспағанда, жедел-iздестiрудi жүргiзу iстерiн, жедел-iздестiру қызметiнiң барысы туралы материалдарды, құжаттар мен басқа да қажеттi мәлiметтердi алады;
2) жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыратын органдардың арнаулы жедел-iздестiру шараларын жүргiзуiнiң заңдылығын тексередi;
3) жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыру кезiнде заңды, адам мен азамат құқықтарын бұзушылық анықталған жағдайда өз қаулысымен жедел-iздестiру шараларын тоқтатады;
4) жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыратын органдардың лауазымды адамдарының iс-әрекеттерi мен шешiмдерiне шағымдар мен арыздарды қарайды;
5) Конституцияға, заңдар мен Республика Президентiнiң актiлерiне қайшы келетiн, жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыратын органдар шығаратын жедел-iздестiру шараларын ұйымдастыру мен жүргiзу тактикасын регламенттейтiн нормативтiк құқықтық актiлерге наразылық келтiредi;
6) жедел-iздестiру шараларын жүргiзу кезiнде құқыққа қарсы iс-әрекеттерге жол берген қызметкерлерге қатысты қылмыстық iс қозғау, тәртiптiк iс жүргiзу туралы қаулылар шығарады;
7) жедел-iздестiру қызметiнiң заңдылығын қадағалауды жүзеге асыру кезiнде анықталған тәртiп бұзушылық фактiлерi бойынша прокурорлық қадағалаудың басқа да актiлерiн шығарады;
8) заңсыз ұсталған адамдарды өзiнiң дәлелдi қаулысымен босатады не адамдарды ұстау туралы заңсыз қаулылардың күшiн жояды;
9) қажет болған жағдайда жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыратын органдардың басшыларынан өздерiне бағынышты органдарда заң бұзушылықты жою мақсатында тексеру жүргiзудi талап етедi;
10) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларда жедел-iздестiру шараларын жүргiзуге санкция бередi.
Жедел-iздестiру қызметiнiң заңдылығына қадағалауды Республиканың Бас Прокуроры және өзге прокурорлар заңдарда белгiленген құзыретi шегiнде жүзеге асырады.Z944000
Бас Прокурор өз құзыретi шегiнде, жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыратын органдардың орындауы үшiн мiндеттi, жедел-iздестiру қызметi туралы Қазақстан Республикасы заңдары нормаларының қолданылу мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық актiлер қабылдайды.
Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыратын органдар тарапынан заңдылықтың бұзылуын анықтау мақсатында прокурор арнаулы техникалық құралдарды пайдалана отырып, прокуратура органдарының мамандары мен өзге де мамандарды тартуға құқылы.