23-бап. Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асырушы органдарға жәрдемдесушi азаматтарды әлеуметтiк және құқықтық қорғау 1. Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асырушы органдарға жәрдемдесетiн азаматтар мемлекет қорғауында болады.
2. Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асырушы органдарға жәрдемдесуге келiсiм бiлдiрген азаматтарға мемлекет осы Заңға, Қазақстан Республикасының басқа заңдарына және қалыптық құжаттарына сәйкес олардың құқықтарын қамтамасыз етуге және мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк бередi.
3. Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыратын органдарға жәрдемдесуiне байланысты азаматтардың өмiрiне, сондай-ақ олардың отбасы мен жақын туыстарының денсаулығына немесе мүлкiне, заңға қайшы қол сұғушылықтың анық қаупi төнген кезде, бұл органдар құқыққа қарсы әрекеттi болдырмау, айыптыларды анықтап, оларды жауапқа тарту, сондай-ақ қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оларды қорғау жөнiнде арнаулы жұмыстар жүргiзу үшiн барлық қажеттi шараларды қолдануға мiндеттi. Z000072
4. Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асырушы органдармен құпия негiзде қызмет iстейтiн немесе қызмет iстеген азаматтар туралы мағлұматтар мемлекеттiк құпия болып табылады және олардың жазбаша келiсiмiмен ғана жария етiлуi мүмкiн.
5. Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асырушы органдармен қызмет iстейтiн азаматтар сыйақы алуға құқылы.
6. Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асырушы органдармен азаматтардың айналысатын қызметiнiң негiзгi түрi ретiнде ақылы негiзде келiсiм-шарт бойынша ынтымақтасып қызмет iстеу кезеңi олардың жалпы еңбек стажына кiредi. Олар Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес және Үкiметi белгiлеген тәртiппен зейнетақымен қамтамасыз етiлуге, қаза болған ретте олардың отбасылары мен асырауындағы адамдар асыраушысынан айырылуына байланысты зейнетақы алуға құқылы.
7. Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асырушы органдармен ынтымақтасып қызмет iстеген азамат жедел-iздестiру шараларын жүргiзуге қатысуына байланысты қаза болған жағдайда оның отбасына және асырауындағы адамдарға:
- ақылы негiзде ынтымақтасып қызмет iстеп, қаза болған адамның он жылдық ақшалай ақысы мөлшерiнде;
- ақысыз негiзде ынтымақтасып қызмет iстеген адам үшiн он жылдық ең төменгi жалақы сомасы мөлшерiнде бiр жолғы жәрдемақы төленедi.
8. Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асырушы органдармен ынтымақтасып қызмет iстеген азамат өзiнiң қатысуымен болған жедел-iздестiру шараларын жүргiзген кезде мертiккен не денсаулығына өзге де зақым келген кезде оған:
- ақылы негiзде ынтымақтасып қызмет iстеген адамдар үшiн бес жылдық ақшалай ақысы мөлшерiнде;
- ақысыз негiзде ынтымақтасып қызмет iстеген адамдар үшiн бес жылдық ең төменгi жалақы сомасы мөлшерiнде бiр жолғы жәрдемақы төленедi.
9. Жедел-iздестiру шараларын жүргiзуге қатысуға байланысты қаза болуға, мертiгуге не денсаулықтың өзгедей зақымдануына орай келтiрiлген залалдың орнын толтыру Қазақстан Республикасы Үкiметi белгiлеген тәртiппен жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асырушы органның қаржысы есебiнен жүргiзiледi.