Құтырма Құтырма – вирус арқылы таралып, тез өрбитін жұқпалы ауру. Бұл ауру адам баласына ерте заманнан бері таныс болғанымен, әлі күнге дейін ауруды тудыратын қоздырғышқа тікелей әсер ететін емі жоқ қауіпті аурулардың қатарына жатады. Бұл дерт елімізде де күрделі мәселелердің бірі. Дүниежүзінде жыл сайын құтырма ауруынан 55 мың адам қайтыс болады. Гидрофобиямен ауырған 55 мың адамның 99 пайызы ауруды ит пен мысықтан жұқтырған. Қазақстанда соңғы 5 жылда тіркелген 41 құтырма ауруының 23-і – Оңтүстік Қазақстан облысында, 6-ы – Қызылорда облысында, 3-і– Батыс Қазақстан облысында, ал Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қарағанды облыстарында – 2-ден және 1 жағдай Атырау облысында тіркелген. Бұл облыстар құтырма ауруының негізгі ошағы болып тұр. Құтырма ауруымен ауырған 41 адамның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар – 12 (29,3%) және жасөспірімдер – 3 (7,3%). Айта кетерлік жай, үй жануарынан жарақат алғаннан кейін адамдар дәрігерге қаралмаған. Құтырма ауруы, әдетте үй жануарларынан (ит, мысық) жұғады және соңғы 5 жылда жануарлардың бұл категориясы барлық жұқтыру көзінің 95,7 пайызын құрады. Бұл белгілі бір деңгейде үй жануарларына құтырмаға қарсы екпенің жеткіліксіз жүргізілуінен, оларды күтіп-ұстау ережесінің сақталмауынан және қаңғыбас ит пен мысық санын азайту мақсатындағы жұмыстардың төменгі деңгейде жүргізілуінен болып отыр. Ауру белгісі үй немесе жабайы жануарлардан жарақат алған соң 10 күн мен 1 жыл аралығында, кейде 1 жылдан астам мезгілде байқалады, көбіне 20 – 60 күннің ішінде адамда құтыру белгілері анықталады. Аурудың қоздырғышы адамдарға ауырған жануарлардың сілекейі арқылы жұғады. Ауруды таратушы жабайы жануарлар: қасқыр, түлкі, қарсақтар. Олар ірі қара, жылқы, қой, ешкілерге, ит пен мысыққа ауру жұқтырады.
Соңғы 5 жылдағы қайғылы жағдайлардың негізгі себептері құтырған үй жануарларының тістеуінен орын алған. Сондықтан ит қауып, мысық тістеп алған жағдайда міндетті түрде дәрігерге көріну қажет. Неғұрлым ерте жасалған ем соғұрлым нәтижелі болмақ. Құтырма ауруы белгілі бір мерзімді талғамайды, жылдың кез келген уақытында кездеседі. Құтырмамен ауырған адамдар суды көрсе, судың сылдырын, тіпті су деген сөзді естісе, оларда қорқыныш пайда болып, артынан жұтыну қабілетінен айырылып, қатты қиналып қайтыс болады. Сондықтан да бұл ауруды «гидрофобия» немесе « судан қорқу » деп те атайды. Құтырмамен ауырған жануарлардың мінез-құлқы, жүріс-тұрысы әдеттегіден өзгеріп, оларда оғаш қылық пайда болады : мысалы, ит себепсіз үріп немесе еңсесі түсіп, адамға, малға, заттарға себепсіз тап беріп, өзін-өзі тістеп, тамақ ішпей, көзіне көрінген заттарды : ағашты, тасты, сабынды тістеп шайнайды. Үрген дауысы қырылдап, аузынан сілекей мол бөлінеді. Егер ауырған ит босанып кететін болса, ол бұрылмай, тура жүріп, жолдағы кездескен жануарлар мен адамдарды алдын ала ырылдамай-ақ, бірден тістейді. Бұл аурумен ауырған ит ауру басталғаннан кейін 5 немесе 6-ы күні өледі. Қазіргі кезде көрсетілетін антирабиялық көмек ( арнайы иммуноглобулин мен вакцина) бұл аурудың алдын алуда өз септігін тигізеді. Айта кетерлік жай, Алматы қаласында жылдан-жылға қаңғыбас иттер мен мысықтардың көбеюіне байланысты адамдардың антирабиялық көмек сұрау көрсеткіші жоғары деңгейде. Алматы қаласында тек 2013 жылы жануарлар тістеп, тырнап, сілекейінен зардап шеккен 4801 адам қаралды. Былтырғы көрсеткіш 2012 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 0,6 пайызға өскен. Алматы қаласы бойынша антирабиялық екпелердің 96,2 пайызы үй жануарларының тістеуінен, әсіресе, иттердің тістеуінен 86,2 пайызы тағайындалған. Бұл белгілі бір деңгейде үй жануарларын күтіп-ұстау ережесінің сақталмауынан және қаңғыбас ит пен мысық санын азайту мақсатында жүргізілетін жұмыстардың төменгі деңгейде жүргізілуінен болып отыр. Көп жағдайда ит қапқан 14 жасқа дейінгі балалар жиі қаралады, ол 31,1% құрап отыр.