11-лекция. Айқындауыш мүше мен сөйлемнің бірыңғай мүшелері
1. Айқындауыш мүше, оның түрлері
2. Сөйлемнің бірыңғай мүшелері
3. Жалпылауыш сөздер
Айқындауыш – анықтауыштың ерекше түрі. Ол өзі анықтайтын сөзінен кейін тұрып, оның қосымша сапасын нақтылай, ерекшелеп көрсетеді. Соның арқасында сөйлемге қосымша, үстеме мағына беріп, ерекше екпінмен айтылып, басқа мүшелерден оқшауланып тұрады. Айқындауыш сөйлемнің басқа мүшелерінен үтір, сызықша, қос нүкте, жақша арқылы бөлініп жазылады, жалпылау мәнді сөздерден кейін келеді.
Айқындауыш заттың, нәрсенің елеулі ерекшелігін, назар аударарлық белгісін, кәсібін, мамандығын, ұлтын т.б. ерекшеліктерін нақтылап көрсетеді. Ол өзі айқындайтын мүшемен берік байланысады. Көбіне байланысатын мүше қай септік жалғауында тұрса, айқындауыш та сол септікте тұрады. Айқындауыштың кейбір түрі айқындалатын мүшемен жекеше, көпше тұлғада да қиысады.
Айқындауыштар құрылысына қарай үш топқа бөлінеді:
1. қосалқы айқындауыш;
2. қосарлы айқындауыш;
3. оңашаланған айқындауыш.
Қосалқы айқындауыш зат есімнің қосымша сыны ретінде жұмсалатын сөздер болады, сөйлемде анықтайтын сөзімен қосылып, бір-ақ күрделі мүшенің қызметін атқарады.
Қосалқы айқындауыш болатын сөздер: ақсақал, қарағым, ағай, атай, сұлу, сері, сал, батыр, мырза, мерген, қалқам, т.б. Ақан сері, Қамар сұлу Итбай болыс, Асан мерген, Біржан сал, т.б.
Қосарлы айқындауыш (-) анықтайтын сөзімен қосарлана айтылып, оның мән-мағынасын дәлдеп, нақтылап тұрады: ұшқыш-космонавт, телефон-автомат, инженер-технолог, ғалым-жазушы, т.б.
Оңашаланған айқындауыш (,,) айқындалатын сөзге ой екпінін түсіріп, оған ерекше мән беріп, назар аудару керек болғанда және сөз мағынасын дәлдеп ашу мақсатында қолданылады. Ол айқындалатын сөзімен бірдей грамматикалық тұлғада жұмсалады.
Мыс. Мен қарындасымды, Айнашты, күтіп тұрмын. Ертең, онында, жиналыс болады. Оңашаланған айқындауыш жазуда көбіне үтірмен немесе сызықшамен бөлінеді.
Достарыңызбен бөлісу: |