Байланысты: 1 М дениет тарихында ы философия ж не оны адам мен о ам мірін
Әл-Кинди (800-879) - араб философиясын европаландыруға қадам жасаған алғашқы ойшыл. Бірінші болып арабтарға ежелгі грек философиясын, Аристотельді ашты. Аристотель философиясының әсерімен категориялар ұғымы, логика, таным туралы ілім, т.б. материалистік идеялар жетті. Әл-Киндидің «Бес мән туралы кітап» деп аталатын еңбегінде аристотелизмнің кейбір негізгі ілімдері айқын көрініс табады. Сондықтан Аристотель тұжырымдаған «форма» туралы түсінік пен «орын» туралы пайымдауларды сараптаған әл-Киндидің дүниетанымын шығыстық ойлау машығындағы идеялар бойынша зерделеу қажет. Мәселен, оның: «Олай болса, біз ең бірінші мынадай түйін жасауымыз керек: осы бес барлықтың екеуі, атап айтқанда, материя мен форма әрбір заттың бар болуының бастауы болып табылады... материя мен форма болса, олар осы төрт түр үшін бастау, яғни, бастаудың бастауы, олар қарапайым, олардан ілгеріде ештеме жоқ, өйткені сол төрт түрдің өзі дене, ал материя мен форма дене емес, денені құрастырушылар»,-деген ой пікірлері Аристотельдің ілімінің шығыстық философиясымен жалғасын табуы болса да, екі аймақтың ойшылдары өзіндік ерекшеліктерімен де айрықшаланады. Яғни, аристотельшілдерде форманың бастапқылығы материядан да алғашқы болатын болса, бұл идеяларда екеуінің қатар қойылатын дуалистік ұстанымы қамтылады. Яғни, форма мен материя араб фәлсафашысы атап өткендей, «бастау», бастаудың бастауы, олардан ілгеріде ештеңе жоқ» болса, «бастапқы субстанционалдық» деп тиянақтап атауға болатын феномен. Ойшылдың «одан ілгеріде ештеңе жоқ» түсінігі – Ештеңе «бар» ұғымын білдіреді, әл – Киндидің ойтолғамында осы мәселелер әрі қарай былайша пайымдалады: «Қарапайым материяда әлдеқандай бір потенция бар. Заттар материядан соның арқасында құралып, пайда болады. Бұл потенция – форма. Яғни, форманың өзі потенция деген сөз». Осы терең мәнді идеяны түйсінген әл – Кинди оған түсініктеме беріп, анықтап алуға тырысады: «форма бір затты екінші заттан көзбен көріп ажырататын түр өзгешелігі, сонымен бірге осы жерде көру аталатын білім дегенді білдіреді». Әл – Киндидің «Бес мән туралы кітап» еңбегіндегі қозғалыс жөніндегі толғаныстар онтологиялық модустардың және оның динамикасының қозғалысқа түйісетін тұстарын пайымдап, оларды түрге бөлу мәселелерін де ұсынады. Ол қозғалыстың алты түрін атап көрсетеді: пайда болу, жойылу, құбылу, ұлғаю, кішірею, бір орыннан басқа орынға жылжу. Бұларды толығырақ ашып көрсеткен ойшыл: «Пайда болуға келсек, ол субстанцияларда ғана болады. Мәселен, адамның жылы мен суықтан пайда болуы тәрізді. Дәл осылай жойылу да субстанцияларда ғана болады, мәселен адамдардың тозаңға айналуы», - деп түсініктеме береді. Бұл мысалда ұсынылғандай, «адам» болмысы «тозаң» болмысына айналады (құбылады). Бірақ осы процесте нақ сол адамның болмысы түбегейлі жойылады, ал пайда болу процесінде жылы мен суықтық қала береді де, одан адам туындайды. Соңғысы құбылу емес, туындау, яғни, ғылыми тұрғыдан алғанда, генетикалық және логикалық қатыссыздық себепсіздігі (индетерминизм) үстемдік етеді. «Құбылуға келсек, ол субстанцияда бар сапада ғана болады, мәселен әлдебір қараның аққа айналуы немесе суықтың өзгеріске ұшырап, жылынуы немесе тәттінің ащыға айналуы сияқтылар», - деп ойын әрі қарай сабақтаған ойшыл бір сапаның екінші сапаға өтуін дәйектейді. Сонымен, Әл – Кинди философиясының танымы әрі қарай «мекен» туралы пайымдаулармен жалғасын табады. Ойшыл, Аристотель ілімін басшылыққа алғандықтан, оның «мекен» проблемасын қозғауы Аристотель мен аристотельшілердің «орын» мәселесін қарастыруынан туындайды. Дегенмен, әл – Кинди Антикалық туындыларды қайталамайды, өзіндік ой – тұжырымдарын былайша дәйекті ұсынады: «Мекенге қатысты, оның не екені күңгірт және нәзіктігі себепті, философтардың пікірлері әртүрлі. Олардың кейбіреуі мекен мүлде жоқ деген сенімге ойысады. Кейбіреулері ол дене деп бекемдейді Мәселен Платон, қайсыбірі ол бар, бірақ дене емес дегенге табан тірейді... Денені осы қамтып тұрғанды біз мекен дейміз. Шындығында да, сен бұрын бос жерден ауаны, ауа болған жерден суды көресің. Бұлай болатыны су келгенде ауа ығыстырылып шығарылады. Бірақ орын қалады, біріншісінің немесе соңғысының жойылуымен ол жойылмайды. Осылайша айқын болды: мекен бар және айқын нәрсе... Мекен дене бола алмайды, ол – қамтылатын денеден тыс жазықтық. Мекен ұзындығы, ені мен тереңдігі бар материяға қосылмайды, ол ұзындығы мен ені бар материя». Әл – Киндидің түсінігінде орын айқын нәрсе, яғни, болмыстық, бірақ дене емес, денеден тыс болатын, қандай – да бір жазықтық, олай болса, бұл түсінік кеңістік ұғымының анықталуына келіп тоғысады да, орын кеңістіктің шартты бір бөлшегі немесе нақты көрінісі болып табылады. Яғни, ойшылдың айтайын деген тұжырымы: егер дененің ығыстырылуымен қатар мекен жойылса, оның орнын басатын өзге материяға мекен де қалмас еді. Сондықтан мекеннің сақталуы оны «бар» ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Кеңістіктегі денелер орын ауыстырған сайын, мекен жойылып отырмайды деген түсініктерге саяды.