2. Мәмілелер және азаматтық құқықтық қатынастардың пайда болуының өзге де негіздері. Мәміле дегеніміз - азаматтар мен заңды тұлғалардың азаматтық құқықтары мен міндеттерін белгілеуге, өзгертуге немесе толықтыруға бағытталған әрекеттері. Мәміле тараптардың еркі мен ерік білдіруі негізінде жасалынады. Ерік білдіру ауызша, жазбаша, конклюденттік және үндемей қалу жолымен жүзеге асырылады. Мәміле жасауға деген тұлғаның ішкі ниетін, қалауын білдіретін әрекеттер конклюденттік әрекеттер деп аталады. Мысалы, конклюденттік әрекетке мұрагердің мұраға қалдырылған мүлікті іс жүзінде иеленуге кірісуін не оған билік етуін, не оның осы мүлікке құқықтарын куәландыратын құжаттарды алуға өтініш жасауын жатқызуға болады. Осы әрекеттерді жасау арқылы мұрагер мұрадан бас тарту құқығынан айырылады. Мәмілелердің мынадай түрлері бар: а) бір жақты және екі немесе көп жақты; ә) ақылы және ақысыз; б) нақты және консенсуалды; в) казуалды және абстрактылы; г) шартпен жасалған; д) биржалық.
Біржақты мәміле дегеніміз - заңдарға немесе тараптардың келісіміне сәйкес жасалуы үшін бір тараптың ерік білдіруі қажет және сол жеткілікті болатын мәміле (мысалы, өсиет). Шарт жасасу үшін екі не үш, болмаса одан да көп тараптың келісілген ерік білдіруі керек. Тарап өз міндеттемелерін орындағаны үшін ақы алса немесе тараптар бір-біріне бір нәрсе беруі керек болса бұл ақылы мәміле болып табылады. Бір тарап екінші тарапқа одан ақы алмай немесе ешнәрсе бермей бір нәрсені ұсынуды міндетіне алған мәміле ақысыз болып есептеледі. Консенсуалды мәмілелер бойынша келісімге келген сәттен бастап тараптардың құқықтары мен міндеттері туындайды. Нақты мәмілені жүзеге асыру үшін келісім жеткіліксіз, оған қоса затты тапсыру қажет. Шартпен жасалған мәмілелер қандай да бір жағдайға тәуелді болып келеді, шарт ретінде көзделген жағдай туындауы да туындамауы да мүмкін. Казуалды мәміле белгілі бір негізге байланысты туындайтындықтан, сол негізге тәуелді болып келеді. Мәміле негізінің жойылуы осы мәміленің жарамсыздығына алып келеді. Абстрактілі мәміледе мәміленің негізі есепке алынбайды, мұнда мәміле жасаушының сол мәмілені жасауға түпкілікті еркі басшылыққа алынады. Азаматтық кодекстің 156 бабына сәйкес нысаны биржадағы айналысқа жіберілген мүлік болып табылатын және тиісті биржалар (тауар, қор және басқа) туралы Қазақстан Республикасының заңдары мен биржалық сауда ережелеріне сәйкес онымен сауда-саттық жүргізуге қатысушылармен жасалатын мәмілелер биржалық мәмілелер болып табылады.