Түсініп оқу Түсініп оқу – оқыған сөз немесе сөйлемнің мағынасын, ондағы айтылған ойды дұрыс түсініп, оны екінші бөлімде айтылған оймен байланыстыруы, оқылған мәтін мазмұнын анық, терең ұғынуы.
Түсініп оқу дұрыс оқу сапасы арқылы іске асады. Түсініп оқу барысында оқушыларда елес, ұғым, бейне, жоғары сезімдер пайда болады. Түсініп оқуға дағдыландырудың маңызды бір жолы – кіріспе әңгіме. Сонымен қатар оқудың алдында саяхатқа шығу, тәжірибе, бақылау жасау да түсініп оқуға дағдыландырады. Қорытынды әңгіме де оқушының түсініп оқуына септігін тигізеді.
Жаңа материалды түсініп қабылдау үшін сабақ үстінде жүргізілетін жұмыстар:
1. Кіріспе әдгіме.
2. Мұғалімнің мәтінді тұтас баяндауы не оқып беруі.
3. Сөздік жұмысы.
4. Бөлім-бөлім бойынша оқушыларға дауыстатып оқыту.
5. Сұрақ-жауап арқылы не түсінгендерін, қалай түсінгендерін байқау.
6. Іштен оқу.
7. Қажетті жағдайда оқудың басқа түрлерін іске асыру. Мысалы: рөлге бөліп оқу, теріп оқу, бөлімге бөліп оқу.
8. Түсінгендері бойынша бөлімге ат қою, мазмұндық сурет салу, мазмұнына сәйкес мақал-мәтел айту.
9. Осы әңгімеге ұқсас, идеялық ойын аша түсетін қосымша әңгімеге өлең, т.б. айту.
10. Мәтінді қалай қабылдағанын байқау, алған білімін білікке айналдыруға бағытталған қорытынды әңгімеге өткізу.
5. Шапшаң оқу не үшін керек?
Шапшаң оқу. Шапшаң оқуға үйрету сауат ашудың әліппе сатысының соңына таман жүргізіле бастайды. Дұрыс оқуға төселген бала біртіндеп шапшаңдықты қосып отыруы керек.
Шапшаң оқу – оқығанды түсінетіндей қалыптағы шапшаңдықпен оқу. Мәтінді тым баяу оқыған оқушы мәтін мазмұнын түсінбек түгіл, бір сөйлемде не туралы айтылғанын да аңғара алмай қалады. Сондықтан оқушыдан мәтінді белгілі бір түсінетіндей шапшаңдықта оқуды талап ету қажет. Шапшаң оқу – қалай болса, солай тез оқу деген сөз емес. Яғни, шапшаң оқу – түсініп, мәнерлеп оқу. Сондықтан да оқу бағдарламасында оқушылардың оқу шапшаңдығына, икемділігіне қойылатын талаптың бірі – оқушылардың 1 минутта оқу жылдамдығының сөз санымен берілуі. Мысалы: 1-сыныпта – 15-20 сөз, 2-сыныпта – 25-30 сөз, 3-сыныпта – 60-75 сөз, 4-сыныпта – 80-90 сөз.
Шапшаң оқу баланың нерв жүйесінің типологиясына байналысты. Нерв жүйесі күшті типті балалар мейлінше тез оқитындықтан олардың 1 минутга оқыған сөз саны әлсіз типті нерв жүйесі балаға қарағанда әлдеқайда көп болады. Минутына сөзді санына қарай ең көп оқитын холерик темпераментті (күшті тип) оқушы, онан гөрі қайтыстау оқитын сангвиник темпераментті (күшті тип) оқушы, ең баяу оқитын флегматик темпераментті (күшті тип) оқушы, ал ең баяу меланхолик темпераментті (әлсіз тип) оқушылар.
Шапшаң, дұрыс, түсініп, мәнерлеп оқу бір-бірімен тығыз байланысты.
Шапшаң оқуға дағдыландырудың тағы бір түрі — сыныпта дауыстап оқу. Мұндай жұмысты орындатқанда мұғалім оқушыларды тақтаға біртіндеп шығарып, әрқайсысына тапсырма береді де, дауыстап оқытады (кейде әрқайсысына әр түрлі мәтін, кейде бір түрлі мәтіннің өзін беруге де болады).
Шапшаң оқу оқушылардың сөйлеу мүшелерінің жетілуіне де байланысты. Мұғалім әр баланың сөйлеу мүшелерінің қалай жетілгенін байқау үшін оқушыларға мәтінді хормен де, жеке-жеке де оқытып көреді. Айтылуы қиын жаңылпаштарды қайта-қайта айтқызып жаттықтыру әрі дұрыс оқуға, әрі шапшаң оқуға септігін тигізеді.
Шапшаң оқуға жаттықтыру жұмысы барлық сабақтарда да жүргізіледі. Оқушыларда шапшаң оқу дағдыларын жетілдіру мақсатында арнайы уақыт та бөліп отыру қажет. Ол:
- көз бен кітап арасындағы қашықтықты дұрыс сақтау;
- мәтінді алдын ала іштен оқып шығу;
- шамамен қандай жылдамдықпен оқылуы керек екендігін мұғалімнің өзінің оқып көрсетуі;
- сынып оқушыларына бір мәтін беріледі, оны белгілі бір мезгілде барлық оқушыға бастатып оқытады, белгілі бір уақытта барлығының бір мезгілде оқуларын тоқтату талап етіледі. Сонда әр оқушы өзінің тоқтаған жерін белгілейді, ал мұғалім әркімнің неше сөз оқығанын есептеп шығады.