Курстық жұмыстың құрылымы: Курстық жұмыстың кіріспе бөлімінде зерттеу жұмысы туралы қысқаша мәлімет берілген. Кіріспеден кейін негізгі бөлім үш тараудан тұрады. Бірінші тарау 3 тақырыпшадан, ал екінші және үшінші тарау 2 тақырыпшалардан тұрады. Сонымен бірге, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер қарастырылған.
Курстық жұмыстың зерттеу әдісі: - Зерттеу тақырыбына байланысты әдебиеттермен және ғаламтор желісімен оқып танысу және пайдалану;
- оқулықтарды талдау;
- есептер жинақтарын іздеу;
- есептерді талдау.
Зерттеу объектісі:Квадраттық теңдеулерге арналған стандарт емес есептер.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
1 ОҚУШЫЛАРДЫҢ МАТЕМАТИКАЛЫҚ ОЙЛАУ ҚАБІЛЕТІН ДАМЫТУ
1.1 Математикалық ойлау ұғымы Математика – оқушылардың ой-өрісін, шығармашылық қабілеттерін дамытуда мақсатты жұмыстар жүргізетін пән. Шындығында, мектеп оқушыларының ойлауын дамыту олардың оқу іс-әрекеті процесінде ойлау әдістерін қалыптастырумен тығыз байланысты. Бұл ойлау әдістері (анализ, синтез, жалпылау, абстракциялау және т.б.) математиканы оқыту кезінде және, атап айтар болсақ, есептерді шешу барысында айқын байқалатын ғылыми зерттеудің нақты әдістері ретінде әрекет етеді. Белгілі бір заңдылықтарға бағынатын білім беру жүйесі мен оқушылардың психикалық даму барысы арасында өзара тығыз байланыс бар екені анық, оны іздеу қазіргі кезде педагогиканың басты мәселелерінің бірі болып табылады.
Математикалық ойлау, ең алдымен, нақты ғылым – математиканы меңгеру процесінде ойлаудың көрінетін формасы деп есептеледі. Математикалық ойлаудың өз ерекшеліктері мен белгілері бар, олар зерттелетін объектілердің ерекшеліктерімен және оларды зерттеу әдістерінің ерекшеліктерімен анықталады.
1.2 Оқушылардың математикалық ойлау қабілетін дамытудың маңызы Мектеп оқушыларының математикалық ойлауын дамыту мәселелерін қарастыратын әдістемелік-математикалық еңбектерде математикалық ойлау және оның басқа да түрлерін білдіретін терминдер бар. Мысалы, мектеп оқушыларында логикалық, функционалдық ойлауды, кеңістіктік қиялды және т.б. дамыту қажеттілігі туралы жиі айтылады.
«Интуитивті ойлау» терминін әдістемелік және математикалық әдебиеттерде көп кездестіре бермейміз. Алайда, тәжірибелі педагог әрқашан оқушылардың интеллектісі мен болжау қабілетін дамытуға аса назар аударады. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін оқытудың басқа әдістері мен элементтерін үйлестіре пайдалану қажет.
Баланың қабілеті оқу процесінде меңгерген материалдық мәдениеттің, ғылымның, өнердің, техниканың мазмұнын меңгеру арқылы қалыптасады. Қабілеттердің дамуының маңызды алғы шарты - баланың бойындағы тума дарыны. Алайда адамның биологиялық тұқым қуалайтын қасиеттері оның бүкіл қабілетінің көрінісі емес. Адам миында тек оларды дамыту қабілеті бар.
Дарынды мектеп оқушыларына есептің ең қолайлы жолын табу, тапсырманың дұрыс әрі жеңіл жолын іздеу тән. Математикаға қабілетті оқушылар қарапайым оқушылардан ойлау процесінің бағытын жылдам қайта құру қабілетімен және ой қорытудың шапшаңдығымен ерекшеленеді.
Жиі дарынды оқушылар белгілі бір уақытта шешкен мәселесінің түрін, іс-әрекеттердің жалпы сипатын ұзақ уақыт есте сақтағанымен тапсырмаға байланысты нақты мәліметтерді жадында сақтай алмайды.
Стандарт емес тапсырмалардың оқушылардың математикалық ойлауын дамыту барысында ең нәтижелі және ең тиімді құралы екенін ескерген жөн.
Математикалық ойлау мен шығармашылық қабілеттерді дамыту мектеп оқушыларының есептерді шығару барысында жүзеге асады. Математика пәнін оқытуда мектеп оқушыларының есептерді шешудегі өз бетінше қабылдаған шешімдері мен әрекеті ерекше орын алады. Есептерді шығара білу математика пәнін меңгерудегі ең басты критерий болып есептеледі.
Оқыту теориясында арифметикалық есептердің маңыздылығы өте зор. Кез келген математикалық тапсырма қандай да бір оқу тізбегінде орындалады, дегенмен оның басты мақсаты – оқушылардың шығармашылық және математикалық ойлауын дамыту және математика пәніне деген қызығушылықтарын арттыру. Арифметикалық есептерді шығаруға үйрету барысында оқушылардың логикалық ойлауы дамиды, математикалық аппаратты қолдана білу дағдылары артады.