Педагогика әдіснамасының деңгейлері: Ғылыми танымда әдіснамалық талдаудың әр түрлі деңгейлері көрсетіледі.
Әдебиеттерде әдіснамалық талдау үдерісі төрт деңгейлік иерархия түрінде беріледі: 1) философиялық әдіснама, яғни, таным мен жалпы ғылымның категориялық құрылымы негізінде педагогикалық зерттеу мәнін, оның әдіснамалық іргетасын білдіретін және белгілі бір әлем сипаты тұрғысынан педагогикалық зерттеу нәтижелерінің танымал түсіндірмесіне қатысты жалпы қағидалар жатады;
2) жалпы ғылымилық әдіснама, жалпы ғылымилық қағидалар мен зерттеу формаларын қамтиды (жүйелілік, кибернетикалық, кешенді, бағдарламалы-мақсаттық секілді жалпы ғылымилық әдістер, идеалдау, модельдеу секілді жалпы ғылыми рәсімдер мен тәсілдер және т.б қатысады).
3) нақты ғылымилық әдіснама педагогика ғылымының зерттеу әдістері, зерттеу қағидасы мен рәсімдерінің жиынтығынан тұрады. Педагогикалық зерттеу барысында бір мәнді түсінуге қажетті психология, әлеуметтану және т.б ғылымдардың және педагогиканың ұғымдық-түсініктік аппараттының бірегейлігін қамтамасыз етеді;
4) зерттеудің әдістемесі және техникасы (технология), яғни, бір сипатты және шынайы эмпирикалық материал жинап, оны алғашқы талдау үшін қажетті болатын рәсімдері жиынтығы.
Педагогикалық теория дегеніміз педагогикалық сан алуан құбылыстарды зерттейтін, бейнелейтін және түсіндіретін білімдер жүйесі. Педагогикалық теория оқыту мен тәрбиелеудің нәтижесін тек практикаға ғана қатысты емес, оны зерттеу нәтижесінде пайда болатын теорияны алдын-ала болжауға мүмкіндік береді.
Педагогикалық теориялар: тұлға теориясы адамды қоғамдық-тарихи іс-әрекеті мен мәдениет субъектісі, ол қарым-қатынас иесі деп қарастырады. Тәрбие беру мақсатын анықтап, оның мазмұнын, ұйымдастырудың нақты жолдары мен әдістерін белгілеу – тұлғаның қалыптасуындағы ең маңызды мәселе.
Тұлғаның дамуы – педагогика мен психологиядағы ең басты категорияның бірі. Даму заңдылықтарын психология психиканың дамуы деп түсіндірсе, педагогтар адамның дамуына мақсатты түрде басшылық жасау деген теорияны ұсынады. Сыртқы және ішкі факторлардың әсерінен тұлғаның дамуы сапалық және сандық өзгеріске түседі. Тұлғаның өзгеруі оның жасының өсу кезеңдеріне, айналасын танып, тиісті дағдыларды меңгеріп қарым-қатынас жасауға араласа бастаудағы тәлім-тәрбиесі мен өнегесіне байланысты.