2. Прагматизм(өз әрекеттерін іс жүзінде пайдалы нәтижелер алуға бағыттау). Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдалану, соған сай болашағыңды жоспарлау, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді. Нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық беру, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану – мінез-құлықтың прагматизмі деген осы.
3. Ұлттық бірегейлікті сақтау. Ұлттық жаңғыру деген ұлттық сананың кемелденуін білдіреді, яғни ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту, оның бірқатар сипаттарын өзгерту. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, яғни ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс және көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағды, әдеттерден арылу қажет. Мысалы, жершілдік. Өз туған жеріңнің тарихын біліп, оны мақтан еткен дұрыс. Бірақ, одан да маңыздысы – өзіңнің біртұтас ұлы ұлттың перзенті екеніңді ұмытпау. Біз әркім жеке басының қандай да бір іске қосқан үлесі мен кәсіби біліктілігіне қарап бағаланатын меритократиялық қоғам құрып жатырмыз. Бұл жүйе тамыр-таныстықты көтермейді.
4. Білімнің салтанат құруы. Білімқұмарлық біздің қанымызда бар. Тәуелсіздік жылдарында он мыңдаған жастарымыз әлемнің маңдайалды университеттерінде оқыды. Елімізде өте жоғары деңгейдегі университеттер, зияткерлік мектептер ашылды. Таяу онжылдықта қазіргі кәсіптердің жартысы жойылып кетеді. Қазіргі кезде кәсібін қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, білімдар адамдар ғана табысқа жетеді. Еліміз білімге бөлінетін бюджеттің үлесі жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердің қатарында. Табысты болудың ең басты факторы білім екенін әркім түсінуі керек. Білім жастар үшін әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді.