11. Саяси мәдениет түсінігі және мазмұны. Саяси мәдениет – белгілі бір қоғамдағы басқару мен саясатты сипаттайтын әлеуметтік байланыстар арқылы берілетін басты мінез-құлық үлгілерінің жиынтығы. Саяси мәдениет адамдардың әрекетінен көрініс табатын, саяси өмірдің сабақтастығын қамтамасыз ететін тарихи қалыптасқан тұрақты қондырмалардың, көзқарастардың, құндылықтардың жүйесі.
Саяси мәдениет саяси жүйенің құрылымдық элементі болып табылады. Ол саясат субъектілерінің өзара қатынастарының мәнін көрсетеді, олардың санасының, белгілі бір саяси әрекеттерге қатысу белсенділігінің, дайындығының деңгейін көрсетеді.
Саясаттануда саяси мәдениеттің бірнеше түсініктері бар. Бір авторлар саяси мәдениетті саяси әрекеттің негізіне алынатын субъективті сала деп анықтаса, ал екіншілері оны индивидтің саяси іс-әрекет жасау барысында ұстанатын бағдары, құндылықтар жүйесі, символдар, нанымдары, қондырғылары деп түсінеді, енді бір үшіншілері рухани-тәжірибелік әрекет ету әдісі, мысалы, саяси білімдердің, құндылықтық бағдардың, саяси мінез-құлықтың көрінуі деп түсіндіреді. Бұл тұрғыдан алғанда саяси мәдениет саяси сана мен саяси мінез-құлық түрі ретінде түсініледі. Осы айтылғандарға сәйкес саяси мәдениеттің құрылымында танымдық, эмоциялық, бағалау және мінез-құлықтық элементтерді көрсетуге болады.
Саяси мәдениетке саяси институттар мәдениетін де жатқызады. Жеке және топтық деңгейде саяси мәдениет саяси сана мен саяси мінез-құлықтың бірлігі ретінде қаралса, ал әлеуметтік-қоғамдық деңгейде ол қоғамның саяси жүйесінің құрамына кіретін институттардың қызметінің мәдениетімен де толықтырылады.
Осылайша, саяси мәдениетті тарихи түрде қалыптасқан, салыстырмалы түрде алғанда тұрақты белгілі бір қауымдастыққа немесе индивидке тән болатын саяси жүйеге қатысты бағдар мен мінез-құлық үлгілерінің жиынтығы, сонымен бірге саяси жүйені құрайтын институттардың жұмыс істеуінің типтік үлгісі деуге болады. Саяси мәдениет жалпы қоғамның мәдениеті, топтық мәдениет және жеке адам (индивид) мәдениеті түрінде көрінеді. Қоғамның саяси мәдениеті жалпы ұлттық мәдениеттің бір бөлігі. Ол тарихи тәжірибе, халықтың ұлттық мінезі, әлеуметтік-саяси және экономикалық факторлар кешенімен, елдің геосаяси жағдайының, табиғи факторларының ерекшеліктерімен түсіндіріледі. Қоғамның саяси мәдениетінің элементтеріне саяси дәстүрлер, идеялар, концепциялар, саяси тәжірибе нормалары кіреді. Қоғамның саяси мәдениеті халықтың ұлттық мінезі, менталитеті ерекшеліктерін есепке ала отырып, нақты бір қоғамды (ағылшын, неміс, орыс, қазақ) сипаттайды, сондықтан түрлі елдердің саяси мәдениеттерінің ерекшеліктерін көрсетуге болады. Мысалы, АҚШ-тың саяси мәдениетінің негізгі белгілеріне дарашылдық, өз күшіне ғана сену, демократияны мүмкіндіктердің теңдігі деп түсіну, еркіндікті сыртқы мәжбүрлеудің (оның ішінде үкімет тарапынан да) болмауы, бостандық идеяларын қорғауды жатқызады. Зерттеушілер америкалықтардың ешқашан жерді қорғамайтындығын, олардың бостандық үшін күресетіндігін атап көрсетеді. Бостандық пен америка халқының құдайдың таңдауы түскен халық екендігі туралы идеялар АҚШ-тың сыртқы саяси доктринасынан да көрініс тапқан. Қазақстанның саяси мәдениетінде жерді қорғау және оның аумақтық тұтастығы идеялары басым болып келеді.