38.Қазақ әдебиетіндегі жанрлардың қалыптасу, даму тарихы Жанрлар жүйесі, жанрлар теориясы (французша jenre – тек, түр) – әдебиет теориясы мен тарихының болмысы күрделі өзекті мәселесі. Жанр - бір жағынан, көремөнердегі, әдебиет пен фольклордағы әмбебап, көпқырлы, жалпы категория, екінші жағынан, ол - нақты категория. Көпқырлы болатыны онда әртүрлі әдістер мен тәсілдер жинақталады.
Әдебиеттану ғылымының тарихында жанр терминін анықтауда шартты пікірлер көп. Осы пікірлерді жинақтасақ, негізінен жанр екі тұрғыда: тек және түр мағыналарында қолданылады. «Әдеби тек» мағынасында жанр – кең мәнді құбылыс. Өмір шындығын бейнелеу тәсілінің ерекшелігіне байланысты әдебиет үш текке бөлінеді: эпос, лирика, драма. Әр әдеби тек бірнеше жанрлық түрлерді қамтиды. Осы мағынасында жанр ұғымы белгілі бір әдеби шығармалардың түрлерін - әңгіме, комедия, ода, роман, баллада т.б. көрсетіп, нақты қолданылады.
Жанр – мазмұндық мәні тарихи тұрғыдан өзгеріске ұшырап отыратын категория. Жанрлар генезисін (қалыптасу үрдісін) жанрлар жүйесі дамуының ішкі заңдылықтарымен ғана түсіндіре алмаймыз. 1920 жылдары жанр мәселелері бойынша орыс ғалымдары Ю.Н.Тынянов пен М.М.Бахтиннің айтысында үлкен мән бар. Ю.Тынянов тарихи дәуірлер алмасқанда барлық жанрлар жүйесінің де ауысатынын, жазушылар шығармашылығындағы жанрлық құрылымдардың даралық қасиетін жазды. Ал М.М.Бахтиннің пікірінше, әдебиет тарихы – жанрлар тарихы. Ол жанрдың тұрақты қасиетін баса айтады.
Жанр ұғымының мазмұны әдеби процесс барысында ұдайы өзгеріске түсіп, күрделеніп отыр, мұның өзі жанр туралы ғылыми түсініктердің әлі де бір ізге түсе қоймағанын көрсетеді. Классицизм тұсында жанрларды жіктеу айқын болса, модернистік әдебиет тұсында Батыс Еуропада кейбір жанрлардың құлдырауына байланысты жанрлық жіктеуді жоққа шығаратын көзқарастар да кездесті. Кез келген жанрдың өзінің өрістеу, өркендеу, құлдырау кезеңдері бар. Кейбір жанрлар белгілі бір тарихи дәуірлерде өркендеп, дамыса, кейбірі жоғалып отырды. Мысалы, классицизм тұсында – ода, трагедия, комедия, романтизм дәуірінде – драма, лирикалық поэзия, новелла, роман жанрлары қарқын алды. ХІХ ғасырға дейінгі қазақ әдебиетінде поэзия жанрлары басымдық танытса, ХХ ғасыр басында роман жанры туды. Кейбір жанрлар дәуірге сәйкес түрін өзгертіп, жаңа сипат алып отырды. Мысалы, ХХ ғасыр басындағы қазақ романында фольклордың әсері айқын болса, ХХІ ғасырда роман сюжеттік, композициялық тұрғыда күрделеніп, трансформацияға ұшырады. Соның нәтижесінде, роман-эссе, роман-миф т.б. пайда болды.