Тақырып бойынша сұрақтар: Қазақ тілінің дыбыстық жүйесін құрайтын дыбыстар.
Дыбыстардың жіктелуін зерттеу.
Дауысты және дауыссыз дыбыстардың жіктелуі.
Пайдаланылған әдебиеттерәдебиеттер 1. Артыкова Т.М., Искакова С.С.Қазақ тілі: Оқу құралы, Нур-принт, 2016.
2. Салқынбай А.Б., Жұмағұлова А.Ж.,
Иманқұлова С.М., Рысбай Б.Қ., Егізбаева Н.Ж. Қазақ тілі: оқу құралы. – 332 б. 2015.
3.Б.М. Сұлтанова. М.Ш. Тойғанбекова, Ж.С. Рақыш. Қазақ тілі. –Алматы, 2015. – 311 бет
4.Ж.Ә. Адрахмановна. Қазақ тілі. Алматы, 2015
5.Мырзабеков С. Қазіргі қазақ тілінің фонетикасы. Зият Пресс, 2006.
6.Жұбанов А.Қ.Қолданбалы лингвистика : Формалды модельдер. Қазақ университеті, 2006.
7.Молдабек Қ., Ермекбаев М. Қазақ тілі : Фонетика. Лексика. Шымкент, 2001.
8.Жүнісбек Ә. Қазақ фонетикасы, Арыс, 2009.
9.Мырзабеков С. Қазақ тілінің дыбыс жүйесі, Сөздік-Словарь,1999
№ _5__ тақырып Дауысты дыбыстар. Дауысты дыбыстардың айтылуы
Дәріс жоспары: Дауысты дыбыстар.
Дауысты фонемаларға тән ерекшелік.
Дауысты дыбыстардың айтылуы.
Мазмұны Дауысты дыбыстар (Вокализм) (орыс. гласные звуки) — дыбыстау мүшелерінің бірыңғай толық қатысуынан, фонациялық ауанын кедергісіз, еркін және баяу шығуынан жасалатын дыбыстар. Дауысты дыбыстар фонациялық ауаның көмейде керіліп тұрған дауыс шымылдығына соқтығуынан пайда болған дірілден жасалады. Дауысты дыбыстардың басты қасиеті сөз ішінде буын жасап, дауыссыз дыбыстармен тіркесе алатындығында. Қазіргі қазақ тілінің дауыстылар жүйесі 9 дыбыстан құралады: а, о, е, ы, і, о, ө, у, у. Дауысты дыбыстар айтылғанда жақтың, еріннің, тілдің қатысу дәрежесіне қарай: ашық — қысан, еріндік — езулік, жуан — жіңішке болып бөлінеді.
Жуан дауыстылар — тілдің кейін жиырылуы арқылы жасалатын дауыстылар: а, о, у т.б.
Жіңішке дауыстылар — тілдің ілгері созылуы арқылы жасалатын дауыстылар: ә, е, ө, т.б.
Ашық дауыстылар — тілдің таңдайға қарай төмендеп барып көтерілуі арқылы жасалатын дауыстылар, оларды айтқанда жақ кең ашылып, иек төмендейді. Қазақ тіліндегі ашық дауыстылар: а, ә, е, о, ө.
Қысаң дауыстылар — жақтың кең ашылмай, тілдің таңдайға қарай жоғары көтерілуі арқылы жасалатын дауыстылар. Қазақ тіліндегі қысаң дауыстылар: ы, і, у, у.
Еріндік дауыстылар — айтылуда еріннің алға қарай сүйірленуі арқылы жасалатын дауысты дыбыстар: о, ө, у, у, (у). Бұлар орыс тіліндегі әдебиеттерде "Лабиализованные гласные" деп те айтылады.
Езулік дауыстылар — айтылуда еріннің кейін тартылып, езудің жиырылуы арқылы жасалатын дауысты дыбыстар: а, ә, е, э, ы, і, и.
Дауысты фонемаларға тән басты ерекшелік‚ белгі-қасиеттердің‚ олардың фонемалық мәнінің айқын да тұрақты көрінетін орны – бір буынды түбір‚ сондай-ақ көп буынды сөздің бас (бірінші) буыны. Бас буындағы әріптер ылғи да өзі таңбалайтын фонемаларға сәйкес келіп‚ өз қызметінде тұрады. Сөздің екінші буынынан бастап олардың фонемалық күші әлсірей береді. Мұның өзі екінші буыннан бастап кейбір фонемалардың таңбаларын алмастырып жазуға жол береді. Мәселен, өлең (дұрысы өлөң)‚ өнер (өнөр)‚ өте (өтө)‚ үлкен (үлкөн)‚ оқы (оқұ)‚ осы (осұ)‚ үкі (үкү)‚ үсі (үсү)‚ кітап (кітәп)‚ мұғалім (мұғалым). Мұндай сөздерді жазылуынша айту ерсі болғанмен‚ мағынасын түсінуге көп кедергі бола алмайды. Дұрысы‚ әрине‚ фонемалардың өздерін жазу болмақ. Дауыстылардың әрқайсысының айтылу‚ жазылуын зерделеп алудың маңызы зор.
А фонемасы – аздыкөпті ерекшеліктермен тіл-тілдің бәрінде дерлік кездесетін көнеден келе жатқан фонемалардың бірі. Жазудағы таңбасы – а. А әрпінен (фонемасынан) басталатын сөздер көне түркі тілінде (“Древнетюркский словарь” (1969) бойынша) қ‚ т әріптерінен кейін үшінші орында тұрса‚ қазіргі қазақ тілінде де (“Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі” (1988) бойынша) үшінші орында тұр. Ал “Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде” (10 томдық) 7 орынды иеленген. А дыбысы (фонемасы) – жақтың қатысына қарай ашық‚ еріннің қатысына қарай езулік‚ тілдің қатысына қарай жуан дауысты. Ашықтығының арқасында жуан (о‚ ұ) еріндіктерден кейін айтыла береді: орақ‚ ошақ‚ қора‚ ұйа‚ ұлан‚ құрақ‚ сұрақ‚ ұйұқта (ұйықта)‚ ұуұста (уыста). Яғни көп буынды сөздерде ол кез келген жуан (а‚ о‚ ұ‚ ы) дауыстылардан кейін айтылып‚ тіркес құрайды. Өзінен кейін тека немесе ы дыбыстарының ғана тұруын талап етеді. Рас‚ байырғы сөздерде ұ еріндігінің айтылатыны бар. Оның өзінде ол дауыссыз у дыбысымен бірлікте ғана‚ көбінесе етістіктің қимыл атауы (тұйық етістік) формасында кездеседі: алұу (алу)‚ алұуұ (алуы)‚ болұу‚ болұуұ‚ жанұу‚ бастауұш‚ баяндауұш‚ дауұл‚ жауұн‚ қауұн‚ ойланұу‚ ойланұуұ‚ тауұ‚ бауұ‚ сауүн т.б. Сөз ішінде адан кейін ұ жеке ұшырайтын болса‚ онда оның кірме сөз болғаны. Мысалы, мағзұм (діни)‚ мазмұн (дұрысы‚ мазұмұн)‚ мағлұм (мағұлым)‚ марқұм‚ мақұл‚ мақсұт (стиль)‚ мақлұқ (мақұлық)‚ малғұн‚ мақрұм (мақұрым)‚ Махмұт (Мақымұт)‚ нақұрыс т.б. Жазуда а кейбір жіңішке дауыстылардың таңбаларымен қатар түзейтін тұстары бар: ділда‚ ләззат‚ кітап‚ қазір‚ қажет‚ қабілет‚ қазірет‚ мейман‚ мейрам. Қазіргі кезде жазылуына жуық дыбысталып жүрген мұндай кірме (араб-парсы) сөздерді қарапайым қазақ бірыңғай не жуан‚ не жіңішке айтпасқа лажы жоқ: ділдә‚ ләззәт‚ кітәп‚ қазыр // кәзір‚ қадыр//кәдір т.б. Айтуда о дыбысынан кейін келген а-ның о-ға жуықтап кететін кездері де болады: ойбой (ойбай)‚ ойқой (айхай)‚ ойпырой (ойпырай)‚ ойпұрмой (ойпырымай)‚ соноу (сонау)‚ осұноу (осынау)‚ айнолайын// айдолойұн (айналайын). Тіпті бұлар көркем шығарма текстерінде де кездеседі. А жеке тұрып сөз‚ сөздерге жалғанатын қосымша да (ата‚ сана‚ анама‚ балама‚ ойлана‚ ойландыра) бола алады. Орыс тілінің а фонемасы екпін түсіп тұрған кезде қазақ тіліндегі аға жуық айтылады: бал‚ бар‚ зал‚ класс‚ квас‚ май‚ стаж‚ старт‚ шар‚ штаб‚ штамп. Ал акт‚ адрес‚ армия‚ бак‚ фактор‚ факел‚ шкаф сияқты сөздерде (кейбір‚ к‚ г‚ е‚ и дыбыстардың әсерінен) ауызекі айтуда ә-ге жуықтап кететіні байқалады. Дұрысы‚ а фонемасын анық айтуға керек. Қалған жағдайда екпінсіз а әлсіреп (ә‚ е‚ и‚ ы дыбыстарына жуықтап) он шақты түрде (аллофон) айтылады. Мұны тілімізге ертеректе енген барқыт (бархат)‚ бәтеңке (ботинка)‚ облыс (область)‚ самаурын (самовар)‚ кәрзеңке (корзинка) сияқты сөздер де аңғартады.
Қазіргі қазақ тілінде норма болып саналатын анкет‚ газет‚ контор‚ координат‚ минут‚ секунд‚ пар‚ фанер‚ цифр сияқты сөздердің соңындағы аның түсіп қалуының бір себебі екпінсіз а-ның әлсіреп айтылуынан деуге болады. Қазақ тіліндегі шын мәніндегі ашық фонемалар – а және ә. Бұлардың бір-бірінен айырмашылығы: біріншісі – жуан‚ екіншісі жіңішке‚ яғни а тілдің кейін шегінуінен‚ ә ілгері жылжуынан жасалады. Ал еріннің қатысы жағынан бұл екеуі бір-біріне жуық. «Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелерінде» ә‚ о‚ ө‚ ұ‚ ү әріптері жалаң сөздердің бірінші буындарында жазылады делінген.
1.Қазақтың байырғы сөздерінде бұл әріптер әрқашан өздері таңбалап тұрған фонеманы бейнелейтіні жоғарыда ескертілді. «Ә фонемасының қазақ тілінде сирек кездесуінің (онда да‚ көбіне бірінші буында кездесуінің) басты себебі – оның қазақ тілдіне басқа күншығыс тілдерінен келген сөздермен байланысты болуы керек. Профессор Н. В. Юшманов‚ профессор Е. Д. Поливанов т.б. мамандардың пікірі бойынша ә фонемасы сол күншығыс тілдерінің әсерінен пайда болса керек. Бұл пікірдің жаны бар. Өйткені һар‚ һаріф т.б. сөздердегі һ фонемасы біздің тілімізде нольге айналады. Осының салдарынан һа тізбегі ә фонемасын тудырған болу керек». Осындай көзқарас қазақ тіл білімінде әбден қалыптасқан. Алайда түркі тілдерінің дыбыс жүйесін тыңғылықты қарастырған соңғы бір сүбелі монографияда алдымен осы ә фонемасының көнеден келе жатқаны дәлелденген
2. Дегенмен қазақ тілінде ә дыбысын е-нің ығыстырып шығарғаны анық. Бас буында болмаса‚ байырғы сөздерде ә ұшырамайды. Қосымшаларда а-ның жіңішке сыңары үнемі е түрінде келеді: -лар‚ -лер‚ -дан/-ден‚ -ша/-ше‚ -са/-се‚ -а/-е т.б. Осыны Х. Досмұхаметұлы дұрыс пайымдаған: «Жат сөздерді қолданғанда ішіндегі бас буыннан басқа орында ұшырайтын «ә» дыбысын да «е» қылып қолдану керек» - дейді. Осы күні екінші буынында жазылатын сөздер В. Радловта тіпті оғаш: қуа (куә) қуалы (куәлі)‚ қуалық (куәлік)‚ құна (күнө/күнә)‚ қытап(кітап)‚ күмөндү (күмәнді) текепер (тәкаппар) т.б. Халелдің кезінде де осылай сөйлеу болған болу керек. Қазіргі қазақ тілінде ә-нің өрісі ұзарды. Қазақ тілінің он томдық түсіндірме сөздігінде ә әрпінен басталатын сөздердің саны – 870. Орфографияға сәйкес ә әрпі барлығы 2‚5 мыңдай сөздің бірінші буынында кездеседі. «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінің» 3басылуында (1988) екінші буынында ә жазылатын сөздердің қатары молая түскен: әзәзіл‚ дүбәра‚ дүдәмал‚ дімкәс‚ еммәт (кіт)‚ көкнәр‚ күләбі‚ кәләпара‚ күләпсан‚ күлдәрі‚ күмән‚ күнә‚ кінә‚ кінәз‚ мәмпәси‚ мүккәмал‚ мүләйім‚ мүсәпір‚ мәрмәр‚ мүһәзин (діни)‚ мүшәйра‚ нәмәрт‚ пірәдар‚ сірә‚ тәбәрік‚ тәнәпіс (кіт.)‚ іңгә‚ іңкәл (диал.) іңкәр т.б. Екі сөздің үшінші буынында кездеседі: бісміллә (пісміллә) және кәнизәк. А мен Ә жасалымы жақтан (жақ‚ ерін) жуық фонемалар. Содан да болар‚ екеуі бірінің орнына бірі алмасып қолданылып жүр. Тіл заңы дүбәра‚ дүдамал‚ күләпсан‚ мүкәммал‚ мүшәйра‚ пірәдар‚ мүбарак‚ мүбада‚ тәкәппар сияқты сөздердің құрамындағы а-ны ә немесе е-мен алмастырып‚ бірыңғай жіңішке айтуды талап еді.
Сөз мағынасына нұқсан келмейтін жағдайда еріндік дауыссыз у-дың алдында келген е аздап еріндік болып та айтылады: біреу‚ екеу‚ бесеу‚ жетеу‚ кернеу‚ бермеу‚ келмеу‚ сермеу‚ ермеу‚ ілмеу. Езулік дауыстылардың еріндіктермен қатар айтылуы‚ айтылмауы олардың ашық (а‚ ә)‚қысаңдығымен (е‚ ы‚ і) байланысты. Әсіресе есте болатын жай‚ дауыссыз у дыбысынан кейін е‚ ы‚ і дыбыстарының уе‚ уы‚ уі түрінде келуі – жазудың ісі. Айтуда бұлар: уө (әуө‚ әуөс‚ әуөз‚ сәуөгей‚ әуөл‚ әуөн‚ кеуөк); мәуө‚ пәуөске‚ тәуөкел‚ тәуөлді); уұ (дауұл‚ ауұл‚ қауұн‚ бауұр‚ жауұн‚ жауұр‚ қауұн‚ сауұн); уү (әуүз‚ әуүт‚ дәуүт‚ дәуүр‚ сәуүр‚ тәуүп‚ тәуүр). Дұрысы‚ «сөз жазылу керек айтылуы бойынша»(А. Байтұрсынұлы) десек‚ осылай жазылғаны абзал. Қысаң ы‚ і фонемалары көп буынды сөздерде кейде көмескі естіледі. Орфоэпиялық сөздіктерде олар тіпті түсіріліп (шартты белгімен) жазылады: дәр`гер‚ қат`нас‚ тәж`рибе‚ аң`зақ‚ ад`раңдау‚ аз`рақ‚ бад`рақ‚ ед`реңдеу‚ и`рім‚ кеш`рім‚ қас`рет. Тіпті л‚ р дыбыстарының алдынан келгенде сөздің лексикалық мағынасына нұқсан келмесе‚ олар жазылмайды: лақ‚ лаң‚ ләм‚ леген‚ лекер‚ лес‚ лай‚ лайық‚ лас‚ рас‚ разы‚ рай‚ рақат‚ рақмет‚ рең‚ рәсуә‚ рәсім‚ рәт. Мұнда да А. Байтұрсынұлының қағидасын басшылыққа алған жөн. Жалғанатын қосымша дауысты болса‚ немесе дауыстыдан басталса‚ кейбір сөздердің екінші буынындағы ы‚ і (айтуда да‚ жазуда да) түсіп қалады: халық – халқы‚ қарын – қарны‚ қалып – қалпы‚ ырық – ырқы‚ қырық – қырқы‚ айыр – айрық‚ сарық – сарқыл – сарқады‚ ерін – ерні‚ ерік – еркі‚ кейіп – кейпі‚ ірік –іркіп – іркеді‚ қырық – қырқып – қырқады. Бұл қасиет е фонемасында жоқ. Еріндік о‚ ө фонемалары бірбірінен тек жуан (о)‚ жіңішкелігімен (ө) ғана ажырайды. Бұл екеуінің де алдынан әнтек у (бірінде жуан‚ бірінде жіңішке) айтылады. Тілде о‚ өнің ү‚ ұ (көбіне диалектіде) түрінде кездесуі бұлардың айтылуы жағынан жуықтығын көрсетеді: домала – дұмала‚ оян – ұян‚ қош – құш‚ қолдану – құлдану‚ сұра – сора‚ мұқал – моқалу‚ сорақы – сұрақы‚ үлгер – үлгір (айтылуы – үлгөр – үлгүр)‚ төңірек – төңерек‚ үме – өме‚ көсу – күсу‚ шүберек – шөберек‚ сөйтіп – сүйтіп‚ өйтіп – үйтіп‚ бөгелек – бүгелек‚ бүлдірге – бүлдіргі. Сөйтіп‚ өйтіп түрде жазып айту қолдан беріде жасалған.
Ал жақтың қатысы жағынан бұлар қысаң дауыстыларға жуық. Кейбір себептермен бұлар жартылай ашықтарға жатқызылды (жоғарыда айтылды). Еріндік о фонемасының өзге фонемалардан ерекшелігі бұл байырғы сөздердің бірінші буынында ғана айтылады және жазылады. Мұны тіл зерттеушілердің көбі-ақ аңғарған. П. Мелиоранский мұны қазақ тілінің қырғыз тілінен ажырайтын ерекшелігі түрінде ескерткен. А. Байтұрсынұлы алғашқы «Тіл құралында»: «О дыбысы сөздің бас буынында ғана естіледі. Басқа буындарында һәм дауысты дыбыстардан соң қазақ сөзінде еш орында естілмейді» – деп жазды. Шынында да‚ байырғы сөздердің екінші‚ үшінші буынында о дыбысы мүлдем ұшырамайды. Мұның өзі стол‚ роза сияқты кірме сөздердің айтылуын өзгертуге мәжбүр етеді. Өйткені қазақ тілінде бұлардың алдынан дауысты (ұ) дыбыс жамалып‚ о дыбысы екінші буынға өтуге тиіс. Оны болдырмау үшін тіл үстөл‚ ырауза түрінде айтпасқа лажы жоқ. Майордың майыр болып айтылуы да содан. Осы берік заңдылықтың қамзол‚ абырой сияқты бірер сөзде сақталмай жүргенін аңғарсақ керек. Қамзол – орыста камзол (француз сөзі делінеді). Қара тілде бұл қамзал‚ кемзал (кем+зал – екі сөз түрінде танылса керек).
Тіл өте сезімтал. Егер абырой негізгі түбір (екіге жарылмайтын) болса‚ онда о-ға төзбейді. Егер жарылатын болса (ақылой‚ бейнетқор)‚ төзеді. Сонда сегіз он‚ тоғыз он‚ іш тон сияқты сөздерді біріктіріп‚ жиі айтар болсақ‚ одан арылуға тура келеді: Сексен‚ тоқсан‚ ыштан осылай пайда болған. Тек -қор‚ - қой‚ -ғой қосымшалары түрінде келгенде ғана екінші‚ үшінші буындарда айтыла да‚ жазыла да береді: даңғой‚ даңққой‚ есепқор‚ еңбекқор‚ бейнетқор‚ шайқор‚ сәнқой‚ әуесқой. Ал орыс тілінен енген сөздерде о әрпі (буын талғамай) төрт-бес түрлі айтылады. Кейде қазақ тіліндегі байырғы о-ға жуық (вагон‚ забой‚ анекдот‚ кино‚ анод‚ порт‚ том‚ тон)‚ бірде о мен ө-нің арасынан‚ кейде ө-ге жуық (ноль‚ роль‚ толь) дыбысталады. Екпін түспеген жағдайда о әрпі екпінсіз а дыбысы болады: атом‚ автор‚ коммунизм‚ совет‚ социализм‚ роман. Орыстың о әрпінің қазақ тілінде қалай дыбысталатынына мысал: божы (вожжи)‚ облыс (область)‚ нөмір (номер)‚көпене (копна)‚ бәтеңке (ботинка)‚ бөкебай (пуховый)‚ кәмпит (конфета)‚ кәрзеңке (корзинка) т.б.
Ө фонемасының жазудағы таңбасы – ө және е әріптері. Ө әрпі (маймөңке‚ кастрөл‚ ләмбөк сияқты бірер сөзде болмаса) бірінші буында ғана жазылады. Тек қосымша -көй‚ -гөй түрінде екінші‚ үшінші буындарда айтыла да‚ жазыла да береді: ақылгөй‚ батагөй‚ данагөй‚ дәмегөй‚ жәдігөй‚ қаскөй. Ө фонемасы еріндік (ө‚ ү) буындардан кейін айтылады: өзөн‚ өрөн‚ көбөлөк‚ үзөңгі‚ үлкөн‚ дөңгөлөк‚ төртөу‚ үшөу‚ күрөс‚ маскүнөм‚ қаскүнөм‚ күзөн‚ үстөу. Еріндік ұ‚ ү фонемалары да бірбірінен жуан‚ жіңішкелігімен ажырайды. Жазуда ұ фонемасы ы әрпімен де таңбаланады. Екінші буында ұ әрпі бұлбұл‚ мазмұн‚ мақұл‚ мақұлық‚ мағлұмат‚ марқұм сияқты сөздерде жазылады. Қалған жағдайда бірінші буындағы о‚ ұ еріндіктерінен кейін ұ дыбысының орнына ы әрпі жазылады: орын‚ оқы‚ отын‚ оныншы‚ обыр‚ жолы‚ қойшы‚ қозы‚ құрық‚ бұрым‚ мұрын‚ ұры‚ қоры‚ жоры‚ осы‚ ұсын.
Ү фонемасы да бірінші буында ү әрпімен таңбаланады да‚ қалған буындарда (тек дәстүр‚ дүлдүл‚ мәжбүр‚ мәшһүр‚ әңгүдік‚ әшмүшке‚ сәйгүлік сияқтылар болмаса) і түрінде жазылады: өнім‚ өкім‚ өсім‚ өтініш‚ үміт‚ үлгі‚ күлкі‚ көрік‚ түлік‚ үйіріл‚ үгітіл. Ұ‚ ү де кейбір көп буынды сөздерде көмескілеу айтылады да‚ ы‚ і сияқты орфоэпиялық сөздіктерде түсіріліп (ерекше белгімен) жазылады: бүр`су‚ жұд`рық‚ жой`лу‚ жұм`лу‚ көб`рек‚ көк`рек‚ күж`рей‚ түк`рік‚ құд`рет‚ өк`ніш‚ түң`лу.
Сондай-ақ сөз басында р дыбысының алдында бірер сөзде түсіріліп жазылады: ру‚ рух‚ рұқсат‚ Рүстем. Дауыстыдан басталатын қосымша қосылғанда кейбір сөздердің екінші буынындағы ұ‚ ү (жазуда ы‚ і) түсіп қалады: орын-орна-орны‚ мойын-мойны‚ көңіл-көңлі‚ бөрік-бөркі‚ тұрықтұрқы‚ сұрық-сұрқы‚ қорық-қорқып-қорқады‚ бұйыр-бұйрық‚ бүрік-бүркедібүркіп‚ үрік-үрке-үркіп‚ ұрыс-ұрсып-ұрсады. Қазақ говорларында ү-нің ұ‚ оның ө болып айтылуы сирек болса да ұшырайды. Мысалы: ұбырлы шұбырлы‚ ұйма-жұйма және өтен. Әдеби тілде үбірлі-шүбірлі‚ үйме-жүйме және отан. Мұның соңғысы өкімет – үкімет деген сияқты жергілікті тілде‚ өзіндік мағынаға ие болған‚ яғни үй‚ баспана‚ отбасы деген мәнде қолданылады. И фонемасы орыс тілі арқылы енген сөздердің құрамында ғана кездеседі: институт‚ университет‚ магазин‚ спутник‚ мина‚ филолог‚ билет т.б.
У фонемасы да тек орыс тілі арқылы енген өздерде ғана айтылады: университет‚ ультра‚ учаска‚ уран‚ тунель‚ турбина‚ турнир‚ туризм‚ туфли‚ сувенир‚ сумка‚ пункт‚ пульт‚ прокуратура‚ пропуск‚ процедура‚ институт т.б. И мен удың артикуляциясы дауыссыз й-мен у-ға ұқсас. Айырмасы дауысты и мен у тоннан жасалады да‚ ауа еркін шығады‚ бұлар буын құрайды. Қазақ тілінде и‚ у фонемаларының болмағанын орыс тілінен ертеректе енген сөздерден көруге болады: орыс (русский)‚ қамыт (хамут)‚ доға (дуга)‚ бөкебай (пуховый)‚ бөтелке(бутылка)‚ көшір (кучер)‚ сот (суд)‚ шөген (чугун)‚ үтік (утюк)‚ жәшік (ящик)‚ жеребе (жребий)‚ кәзекей (казакин)‚ кір (гиря)‚ резеңке (резинка)‚ сәтен (сатин)‚ кәрзеңке (корзинка).