Тыныс алудың нервтік және гуморальдық реттелуі. Тыныс алу мүшелерінің қызметінің реттелуі әр дәрежедегі реттеу жолдарымен іске асады.
Төменгі дәрежелі тыныс орталығы сопақша мида орналасқан. Ол бір-бірімен тығыз байланыстағы дем алу мен дем шығаруға жауапты екі бөлімнен тұрады.
Тыныс орталығының нейрондарының қозғыштығы көмір қышқыл газының концентрациясына байланысты, яғни гуморальдық реттеу жолы. Оның қандағы концентрациясы артқанда тыныс орталығының нейрондарының қозғыштығы күшейеді де, тыныс мүшелерінің қызметіне қозғау салады. Көмір қышқыл газының тыныс орталығына әсері екі түрлі жолмен іске асады:
а) нейрондарды қоректендіретін қанның құрамының тікелей әсері;
б) рефлекторлы жолмен көмірқышқыл газының арнайы хеморецепторларға әсері.
Бұлардан басқа да рефлекторлы түрде болатын тыныс алу мүшелерінің қызметінің реттелуінің де маңызы үлкен. Айталық, дем алғанда өкпе керіледі де, оның қабырғасындағы және қабырға аралық еттер мен диафрагмада орналасқан арнайы барорецепторлар тітіркенеді. Оларда пайда болған импульстер орталыққа тепкіш жол арқылы сопақша миға барып, оның нейрондарының қызметін тежейді де, дем алу тоқтап, дем шығару басталады. Өкпенің керіліп созылуы тоқтасымен тыныс алу орталығына баратын импульстер тоқталады, нейрондардың қозғыштығы артады да, қайтадан дем алу басталады. Тыныс орталығы бұзылса, дем алу тоқталып, тіршілік те жойылады.
Дем алу мен дем шығаруды реттеуге ми жарты шарларының қыртыстары да қатысады. Адам жаттығу арқылы өз еркімен дем алуды тоқтата алады. Бірақ бұл организмнің жаттығу дәрежесіне байланысты. Мысалы, әдейі жаттыққан индиялық иогтар ұзақ уақыт тынысын тоқтата алады.
Спортпен шұғылданатын адамдардың тыныс алуының минөттік көлемі 200 литрге дейін болатыны мәлім, ал спортпен айналыспайтын адамда ол не бары 70-80 л ғана болады. Ми қыртыстарының тынысты реттеуге қатысуының дәлеліне спортшылардың жарыс алдында, студенттердің емтиханға кірерде тынысы жиіленетіні мысал бола алады.
Тыныс алу мүшелерінің қызметіне сыртқы ортаның әсері және гигиеналық талаптар. Оттегінің жетіспеуіне байланысты өзгерістер. Адам дем алатын ауадағы оттегі аз болганда, организмде физиологиялық біраз өзгерістер пайда болады. Ал егер тым аз болса, онда ол өзгерітеp ауруға айналады. Тауға шыққанда адам оттегісі аз ауамен дем алады. 2,5-3 км биіктікте кейбір кісілср өзін нашар сезінеді, бастары ауырып, “жүректері айныйды”, бұлшық еттерінің әлсіздігі пайда болады. Денесі шынықан спортпен шұғылданатын мықты кісілердің өзінде 5-6 км биіктікте жоғарыда айтылған белгілер байқалады. Әлі құрығаны сонша, тіпті қолын да қозғалта алмай қалады. Мұндай өзгерістің алдымен адамда өте күшті қозғыштық – “эфория”, яғни жоғары дәрежеде көңіл шаттануы байқалады да, содан соң ол парықсыздык, немқұрайлыққа айналады. Эйфория кезінде адам себепсіз қатты күліп, шаттанып, айғайлап, әндетеді, бірақ өз қьлығындағы өзгерістерді аңғармайды. Мысалы, ересек адам өзінің фамилиясын жазудың орнына бірқатар таяқшаларды сызады, ұшқыш не істеп жатқанын түсінбей, бір кадрға бірнеше суретті түсіре береді. Оттегінің қысымы азайған кезде адам өз ісін бақылай алмайды.Сондықтан ұшақтардың ішіндегі қысым жердегі ауа қысымына тең етіп жасалынған. Содан барып жолаушылар арнайы жаттығудан өтпесе де ұшақтарда ұзақ уақыт ұша алады.
Организмге оттегінің мөлшерінің әсерін байқау үшін арнайы барокамералар жасайды. Ішіндегі ауаны copy арқылы оттегінің мөлшерін қажетінше азайтады. Мұндай жағдайда дегенмен шыққан ауаның, қанның, несептің, тіпті жұлын сұйығының құрамын да өлшеп білуге болады. Айта кететін жағдай, белгілі шамадағы таза оттегі адамды тез дұрыс қалпына келтіреді.
Ұрық анасының жатырында оттегімен плацента арқылы қаматамасыз етіледі, оның жүйке жүйесіндегі тыныс орталығы 7 айлығында толық жетілгенімен қызмет атқармайды. Бала туыларда оның анасымен байланысы тоқталады, сондықтан егер әйел ұзақ босанатын болса, ұрықтың қанында көмір қышқыл газы көбейеді де, баланың дем алуы басының жатырдан шығуынан бұрын басталады. Мұндай жағдайда баланың тыныс жолдарына ұрық сұйықтығы кіреді де, бала тұншығады, шетінеп те кетуі мүмкін.