6 тақырып: «Сыбайлас жемқорлық қылмыстық құқық бұзушылықтарының түрлері және оларды жасаған үшін жазалары»
Сыбайлас жемқорлық билікті және онымен байланысты мүмкіндіктерді мемлекет, бүкіл қоғамның мүддесі үшін емес, жекелеген адамдардың немесе адамдар тобының мүддесі үшін пайда мен артықшылық көру мақсатында пайдалануды көздейді. Сыбайлас жемқорлықтың ең қауіпті нысандары қылмыс ретінде сараланады.
Қолданыстағы ҚР Қылмыстық кодексінде сыбайлас жемқорлық қылмысқа 21 қылмыс құрамы жатқызылған, Қылмыстық кодекстің 1997 жылғы редакциясында 17 құрамы болды. 15-тарауда «Мемлекеттік қызмет және мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы сыбайлас жемқорлық және өзге де қылмыстар» 11 қылмыс құрамының 9-ы сыбайлас жемқорлыққа жатқызылған. Бұл тарауда сыбайлас жемқорлық қылмысқа ҚР ҚК-нің 363-бабында «Лауазымды адамның өкілеттіктерін иемденіп алу» және 371-бабында «Салғырттық» көздел- ген қылмыстар жатқызылмайды. 6-тарауда «Меншікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар» сыбайлас жемқорлыққа екі қылмыс жатқызылған: 1) сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе талан-таражға салу (ҚР ҚК 189-бабының 1-бөлігі 2-тармағы); 2) алаяқтық (ҚР ҚК 190-бабының 3-бөлігі 2-тармағы). Екі жағдайда да сыбайлас жемқорлық қылмыс құрамы үшін: «мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған алаяқтық, егер ол өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса» деген міндетті саралау белгісі бар.
8-тарау «Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар» алты сыбайлас жемқорлық қылмыс құрамын қамтиды: 1) жалған кәсіпкерлік (ҚР ҚК 215-бабының 2-бөлігі 3-тармағы); 2) іс жүзінде жұмыстар орындалмай, қызметтер көрсетілмей, тауарлар тиеп-жөнелтілмей шот-фактура жазу бойынша әрекеттер жасау (ҚР ҚК 216-бабы 2-бөлігі 4-тармағы); 3) қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету (ҚР ҚК 217-бабы 3-бөлігі 1-тармағы); 4) Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату) (ҚР ҚК 218-бабы 3-бөлігі 1-тармағы); 5) экономикалық контрабанда (ҚР ҚК 209-бабы 3-бөлігі 1-тармағы); 6) рейдерлік (ҚР ҚК 249-бабы 3-бөлігі 2-тармағы). Барлық жағдайларда да сыбайлас жемқорлық қылмыс құрамы үшін: «мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған алаяқтық, егер ол өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса» деген міндетті саралау белгісі бар.
11-тарауда «Халық денсаулығына және имандылыққа қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар» сыбайлас жемқорлыққа бір қылмыс жатқызылған: «мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берiлген адамның не оған теңестiрiлген адамның заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруы, егер ол өзінің қызмет бабын пайдалануымен, жеңiлдiктер мен артықшылықтар берумен ұштасса» (ҚР ҚК 307-бабы 3-бөлігі 3-тармағы).
16-тарауда «Әскери қылмыстық құқық бұзушылықтар» сыбайлас жемқорлыққа үш қылмыс жатқызылған: 1) билікті теріс пайдалану; 2) билікті асыра пайдалану; 3) биліктің әрекетсіздігі (ҚР ҚК 450, 451-баптары, 452-баптың 2-бөлігі 2-тармағы).
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 3-бабы 3-тармағы сыбайлас жемқорлық қылмыстардың толық тізбесін айқындайды.
Парақорлықтың жалпы сипаттамасы. Сыбайлас жемқорлық – бұл жеке мақсаттарда пайда көру үшін мемлекеттік билікті асыра пайдалану. Сыбайлас жемқорлықтың мұндай анықтамасы БҰҰ Бас ассамблеясы 1979 жылы 17 желтоқсанда қабылдаған құқықтық тәртіпті сақтау бойынша лауазымды тұлғалардың мінез-құлық Кодексінде қамтылған.
Парақорлық сыбайлас жемқорлықтың қауіпті және көп тараған көріністерінің бірі болып табылады. ҚР ҚК 366-бабының 1-бөлігіне сәйкес, пара алудың объективтік жағы мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адамның не оған теңестiрiлген адамның немесе жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамның не лауазымды адамның, сол сияқты шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйымның лауазымды адамының пара берушiнiң немесе оның өкiлi болған адамдардың пайдасына жасаған әрекеттері (әрекетсiздiгi) үшiн, егер мұндай әрекеттер (әрекетсiздiк) осы адамның қызметтiк өкiлеттiктеріне кiретін болса не ол лауазымдық жағдайына байланысты осындай әрекеттерге (әрекетсiздiкке) ықпал жасай алатын болса, сол сияқты жалпы қамқорлығы немесе жол берушілігі үшін өзіне немесе басқа адамдарға ақша, бағалы қағаздар, өзге мүлiк, мүлiкке құқық немесе мүлiк сипатындағы пайда түрiнде жеке өзi немесе делдал арқылы пара алуы болып табылады.
Қарастырылатын қылмыстың объектісі қалыпты, заңмен регламенттелген мемлекеттік билік қызметі және онымен байланысты мемлекеттік қызмет және мемлекеттік басқару мүдделері болып табылады. Қосымша объект – азаматтар мен ұйымдардың заңды мүдделері. Пара алу түрлері: ашық (шамамен 75 % қолдан қолға немесе делдал арқылы) және жасырылған (25%-ға жуығы заңды іс-әрекеттер сияқты, қарызын қайтару, құмар ойындар және т.б.).
Қорқытып алу тәсілдері: 1) пара берушінің заңды мүдделеріне зиян келтіре алатын іс-әрекеттерді жасау қаупін төндіріп, пара талап ету; 2) оның құқықпен қорғалатын мүдделері үшін зиянды салдарын болдырмау мақсатында ол пара беруге мәжбүр болатын жағдайда соңғының әдейі жеткізуі (рұқсат құжаттарын, виза және және т.б. беруді әдейі созу, қалыс қалу).
Пара беруші өзінің заңды мүдделерін қорғап, пара беруге мәжбүр болған жағдайда, яғни пара беруге мәжбүрлеу белгісі болған жағдайда жауапкершіліктен босатылады.
Параның айтарлықтай мөлшері ҚР ҚК 366-бабының 2-бөлігіне сәйкес, елуден үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі ақша сомасын құрайды, бұл параның алпыс еселенген сомасы мөлшерінде айыппұл салуды не үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді. (ҚР ҚК 1997 жылғы редакциясында айтарлықтай мөлшер қарастырылмаған). Аталған баптың 3-бөлігінде параның ірі мөлшері үш мыңнан он мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі ақша сомасын құрайды, бұл параның жетпіс еселенген сомасы мөлшерінде айыппұл салуды не жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.
ҚР ҚК 366-бабының 4-бөлігіне сәйкес, аса ірі пара он мың айлық есептік көрсеткіштен жоғары ақша сомасын құрайды, бұл параның сексен еселенген сомасы мөлшерінде айыппұл салуды не он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.
Айыппұл мөлшері тек сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша ғана емес, жалпы бүкіл Кодекс бойынша ұлғайды, соған қарай жаза түрлері де өзгерді. ҚР ҚК 366-бабының 1-бөлігінде орташа ауырлықтағы қылмысқа жататын пара алғаны үшін мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның елу еселенген сомасы мөлшерінде айыппұл салуға не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Дәл осы іс-әрекет бойынша ҚР ҚК 2014 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданыста болған 1997 жылғы редакциясында, жетi жүзден екi мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу, не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу, не бес жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырып, мүлкi тәркiленiп немесе онсыз нақ сол мерзiмге бас бостандығынан айыру көзделген. Қолданыстағы кодексте бас бостандығын шектеу жазалау шарасы ретінде көрсетілмеген, мүлікті тәркілеу және белгілі бір лауазымдарға орналасуға өмір бойы тыйым салу міндетті сипатқа ие.
Алдыңғы 1997 жылғы ҚР ҚК-де айыппұл тек 311-баптың 1-бөлігінде көрсетілсе, 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданыстағы ҚР ҚК-де айыппұл 366-баптың барлық бөліктерінде қарастырылған. Сонымен, ҚР ҚК-нің 366-бабы 4-бөлігі бойынша аса ауыр қылмысқа жататын қылмыс үшін, яғни қылмыстық топ құрамында немесе аса ірі мөлшерде жасалса пара алғаны үшін параның сексен еселенген сомасы мөлшерінде айыппұл салуға не он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2015 жылы ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің бұрынғы басшысына қатысты, ҚР ҚК-нің 366-бабы 4-бөлігі бойынша айыппұл түрінде жаза бас бостандығынан айырудың баламасы ретінде қолданылды және 1 миллиард 100 миллион теңгеден аса соманы құрады.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстарды және оларға ұқсас қылмыстарды шектеу. Белгілі бір қылмыстың басқа да қылмыстармен ортақ белгілері әрқашан болады. Сыбайлас жемқорлық қылмыстарды дұрыс ажырату, оларды өзге де ұқсас қылмыстардан ажырата білу, іс-әрекетті саралау, тиісінше, жазалау шарасы мен оның мөлшерін таңдау үшін маңызды болып табылады.
Пара алу (ҚР ҚК 366-бабы) және лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану (ҚР ҚК 361-бабы), көбіне сәйкес келеді: 1) сол бір объектіге байланысты; 2) тек тікелей ниетпен жасалады; 3) оларда бірыңғай субъект – мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлға, оған теңестірілген, немесе лауазымды адам. Бірақ, сонымен қатар осы құрамдарының елеулі айырмашылықтары да бар: 1) теріс пайдалану құрамы материалдық (салдары қажет), ал пара алу құрамы формальды (алған сәттен бастап, пара берушінің пайдасына қатысты оның іс-әрекетіне немесе салдарына қарамастан); 2) лауазымды теріс пайдалану тек өз құзыреті шегінде (өз құқықтары мен міндеттері шеңберінде), парада заңсыз іс-әрекеттер (әрекетсіздік) немесе ықпал ету болуы мүмкін.