Трипаносома – Trypanosoma ( грек.trypanon – бұрғылайды, soma – дене) сопақша денелі, ұзындығы 15 – 40 мкм, толқынданған талшығы және денесі мен талшықтар арасында мембранасы бар. Тек жыныссыз жолмен (шизогония) көбейеді. Полиморфизммен, әрі иелерін ауыстыру арқылы күрделі даму циклінен өтеді.
Паразит дамуының үш сатысы бар:
1. трипоносомалар эпимастиготтар (криптидиалдық сатысы) түрінде тасымалдаушы жәндіктердің ішегінде өмір сүреді.Олар қоректі ортада өседі. Ересек түрлеріне ұқсайды.
2. трипомастиготтар (трипаносомдық сатысы) адамның және басқа сезімтал жануарлардың қанында өтеді.
3. амастиготтар (лейшманиялық түрлері) жасушалары сопақша, кішкене, талшығы жоқ.
Трипаносомалардың екі түрі бар:
1.Африкалық трипаносома, Trypanosoma gambiense – созылмалы гамбиялық трипаносомозды (батыс – африкалық ұйқы ауруы), Trypanosoma rhodesiense – жедел родезиялық трипаносомозды (шығыс - африкалық ұйқы ауруы) тудырады.
2.Америкалық трипаносома, Trypanosoma crusi – Круз – Шагас ауруын тудырады
Тіршілік циклі. Трипоносомалардың тіршілік циклінің бірінші бөлімі це-це шыбынының (Африкалық трипаносомозда) және ұшатын қандаланың (Америкалық трипоносомозда) ас қорыту жолында өтеді. Екінші бөлімі – жылы- қанды омыртқалы жануарлардың қанында өтеді.
Трипаносомалар омыртқалы иелерінің (адам, үй және жабайы жануарлар) қанында болады. Қан сорғанда трипомастиготтар немесе амастиготтар це-це шыбынының немесе қандаланың ағзасына өтеді. Онда олар эпимастиготтарға немесе лейшманиялық түрлеріне айналады және ішекте, сілекей бездерінде көбейеді. Бірнеше жұмадан кейін жәндіктер ағзасында трипомастиготтардың (амастиготтардың) жаңа ұрпақ популяциясы жиналады және олардың сезімтал ағзаға өту қабілеті пайда болады.
Трипаносомалардың негізгі ерекшеліктері – иесінің жасушаларына белсенді өте алуы, онда олар әуелі талшығын жоғалтады, көбейеді, жасушаларды бұзады, қанға өтіп, қайтадан талшықтарын қалпына келтіреді. Трипаносомалар қоршаған ортаға шықпайды.
Патогенезі және клиникалық белгілері. Трипаносоманың адам денесіне енген жерінде шиқан тәрізді қабыну, инфильтраттың қалыптасуы (африкалық трипаносомозда) және көздің шырышты қабатының іріңсіз қабынуы, конъюктивит болады. Круз – Шагас ауруына шалдыққандарда (америкалық трипаносомоз) бүкіл лимфа түйіндерінің үлкеюі, дене қызуы, кейде менингоэнцефалит байқалады. Аурулар жүрек – қан тамыр жүйесінің жеткіліксіздігінен өледі. Аурудың созылмалы түрінде жүректің, ішектің зақымдануы байқалады.
Африкалық трипаносомозда гамбиялық түрінде дене қызуы біртіндеп, родезиялық түрінде – кенеттен көтеріледі. Барлық лимфа түйіндерінің ұлғаюы, теріде дөңгелек бөртпелердің пайда болуы – осы инвазияның негізгі белгілері болып есептеледі. Ауру бірнеше жыл жалғасатын созылмалы түріне ауысып, орталық жүйке жүйесінің зардаптануымен (мінез құлықтың бұзылуы, жүріс- тұрысының өзгеруі, апатия) сипатталуы мүмкін. Ауру барысында ұйқышылдық, аяқ – қолдың қалтырауы, өткінші салдану, сөйлеудің бұзылысы байқалады. Осы себептен африкалық трипаносомозды африкалық ұйқы ауруы деп атайды.
Диагноз қою үшін қан, лимфа торына және арқа ми сұйықтығына лабораториялық бақылау жүргізеді.
Алдын алу шарлары: инсектицидтерді пайдаланып, ұшатын қандалаларды це - це шыбынын құрту, үй – жайдың жағдайын дұрыстау.