§ 2. Мемлекеттің белгілері мен қызметтері
Мемлекеттің бірнеше белгілері бар.
1. Аумақтық (территориялық) бөліну. Алғашқы қауымдық қоғамда халық қандай туысқандығы жағынан ұйымдасып, ру-ру, тайпа-тайпа болып тұратын. Жоғарғы өкімет халық жиналысының қолында болған, яғни ол қандай шешім қабылдаса, сол орындалатын. Ер-азаматтар қаруын қасында сақтаған, тосыннан жау шапса, дер кезінде тойтарыс беруге дайын болған. Сондықтан халықтан оқшау қарулы күштері болмаған.
Қоғам таптарға бөлінгеннен кейін жағдайлары өзгерді. Яғни оған әсер еткен факторлар: өндірістің өркендеуі, еңбектің бөлінуі, сауданың өсуі, халықтың көбеюі. Осы факторлар бұрынғы ру мен тайпаның бірлігін жоя бастады. Түрлі рулар мен тайпалардың мүшелері кәсіптеріне қарай коныстана бастайды. Соның арқасында олар бір-бірімен араласады. Қолөнер мен сауда өркендеген соң қалалар пайда болады. Бұларға басқа ру, тайпалардан көптеген келімсек халық келіп қосылады. Ру жағынан бөлінудің орнына халық аумақ бойынша бөліне бастайды. Штаттар, губерниялар, болыстар пайда болады. Мемлекеттің заңдары мен өкілеттілігі сол аумақта тұратын адамдардың бәріне де қатысты.
2. Ерекше өкімет аппараты (жария билік). Құлдық дәуірінде кұл иеленушілер мен құлдардың арасында тап күресі күшейе түсті. Аз ғана құл иеленушілерге мыңдаған құлдарды бағындырып, айтқанын істету үшін бұқара халықтан жеке, оның үстінен қарайтын ерекше өкімет аппараты керек болды. Ол өзінің үстемдігін қарулы әскер, шенеуніктік аппарат, полиция, сот, барлау, шіркеу, баспасөз және т.б. құралдары арқылы жүзеге асырды. Алғашқы қауымдық қоғамда олар болмаған.
3. Мемлекеттің егемендігі. Ол - ішкі және сыртқы істерін атқарудағы толық тәуелсіздігі, дербестігі. Сондықтан да ол бүкіл қоғам атынан ресми істерді жүргізе алады. Және өз аумағындағы барлық адамдарға, ұйымдар мен мекемелерге міндетті заңдар мен ережелерді шығаруға мемлекеттік құқығы бар.
4. Ашық күш қолдану, зорлықпен еріксіз көндіру. Қылмыс жасағандарды еркінен айырудан бастап, өлім жазасына дейін кесе алады. Оны орындауға жоғарыда екінші белгісінде көрсетілген құралдары бар.
5. Салық салу. Орасан үлкен мемлекеттік аппаратты ұстау үшін халықтан салық алынады. Бертін келе қазынаның тапшылығын толтыру үшін заем шығарып жаздыртады. Салықпен заем рулық құрылысқа жат құбылыс болатын.
6. Мемлекеттің міндетті түрде мүшесі, азаматы болуы. Жалпы мемлекет болу үшін оның өз аумағында (жерінде) тұратын халқы болға тиіс. Ол халық бір ұлтты немесе көп ұлтты болуы мүмкін. Халықсыз мемлекет болмайтыны белгілі. Алайда мемлекетсіз халық болуы мүмкін. Мысалы, 1948 жылға дейін еврейлердің мемлекеті болмады. Ал курд халқының әлі күнге дейін өз мемлекеті жоқ.
Мемлекетте тұратын адамдар сол елдің азаматы болуы керек. Мысалы, партияға, кәсіподаққа, т.т. кірсең де, кірмесең де өз еркінде. Ал мемлекеттің аумағында тұрған соң, сол елде туған соң, сол елдің азаматы боласын. Азаматтығы жоқ адам (апатридизм) құқықтық жағынан қорғансыз келеді. Ал азамат болсаң сол елдің заңын орындауға мәжбүрсің. Орындамасаң мемлекеттің күштеу органдары жауапқа тартады.
Осы көрсетілген белгілер мемлекетті басқа ұйым, мекеме, бірлестіктерден ерекшелендіреді.
Мемлекеттің ішкі және сыртқы міндетті қызметтері (функциялары) болады.
Ішкі қызметтеріне мыналар жатады:
а) экономикалық салада мемлекет кәсіпкер, жоспаршы, үйлестіруші ретінде мәселелерді шешеді. Экономиканы нарықпен қатар мемлекет те реттейді. Оны мемлекеттік тапсырыс, салық, несие, экономикалық бағдарлама және т.б арқылы жасайды. Халық шаруашылығының әр түрлі салаларының арасындағы байланыстарды реттеуге, экономикалық интефацияны өрістетуге, ғылыми-техникалық революцияның жетістіктерін енгізуге т.с.с. қатысады;
ә) әлеуметтік өмірді ұйымдастырады. Халықтың әл-ауқатын, өмір деңгейін көтеру, денсаулықты сақтау ісін жақсарту, тұрмыс қажетін өтеуді жетілдірумен т.б. айналысады;
б) заңдылықты қамтамасыз етеді. Ел ішінде қарапайым тәртіпті сақтауға, қылмысқа қарсы күресті өрістетуге, әкімшілік зорлыққа жол бермеуге т. с. с. Басшылық етеді;
в) мәдени-тәрбиелік салада мемлекет халыққа білім беру және оқу-ағарту ісін, ғылымды, әдебиет пен өнерді дамыту жөнінде қамқорлық жасайды.
Сонымен қатар мемлекет бір топтың, таптың негізінде басқарушы күшті қалыптастыруға қатысады, бюджет саясатын жүзеге асырады, қарулы күштерді құрып, ұстап, пайдаланады.
Мемлекеттің сыртқы міндеттеріне жататындар: а) мемлекеттің тұтастығы мен қауіпсіздігін қорғау; ә) өзін-өзі билеу, егемендігін сақтау, басқа елдермен тиімді қарым-қатынасты орнату, олармен бірге алынған міндеттердің екі жаққа бірдейлігін қамтамасыз ету; б) өз елінің саяси мүддесінің ыкпалдылығына, ұтымдылығына, өтімділігіне, тиімділігіне жағдай жасау, басқа елдердегі жаңалықтар туралы өз еліне дер кезінде мәліметтер беру және т. б.
Сайып келгенде, мемлекеттің ең басты міндеті - қоғамның тұрақтылығын орнатып, қалыпты тіршілігіне жағдай жасау. Ол әр түрлі топтарға, таптарға, жіктерге бөлінген қоғамның бірлігін қамтамасыз етуге тиіс.