2. Қазақстан – жылқыны қолға үйретудің ежелгі ошағы болғаны туралы баяндаңыз. Ботай мәдениеті - энеолит дәуірінде Солтүстік Қазақстанды мекендеген тайпалар мәдениеті. Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Никольское ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 1,5 шақырым жерде Ботай қоныстарына байланысты аталған. Зерттеулердің тарихи маңызы – жылқыны алғаш қолға үйретудің жер жүзінде ең басты орталығы Қазақстан болып саналуында. Тастан, ағаштан және балшықтан жасалған ботайлықтардың қонысы дөңгелек пішінде болған. Жоғары жағынан түтін
шығатын қазақтардың киіз үйлеріне ұқсас.
Археологиялық Ботай ескерткіші ЮНЕСКО қорғауына алынды. Мұнда 60 000 сүйек пен тастан жасалған бұйымдар, тастан жасалған балталар мен пышақтар, жебе және найза ұштары, сүйектен жасалған инелер, қыштан жасалған ыдыстар және т.б. табылды.
Ғалымдарды табылған ат сүйектерінің көптігі таңғалдырған. Жұмысқа аңдар сүйегін зерттейтін ғалым-остеологтер шақырылды. Олар ауқымды істер атқарды. 133 мыңдай жылқы сүйектері зерттелді.
Нәтижесінде анықталғаны – Ботай аттары бұрын белгілі жылқылар түріне жатпайтын болып шықты. Ботай аттарының сүйегі өзге де ежелгі аттар сүйегінен ерекшеленіп тұрды. Ғалымдар бірауыздан «Ботай аттары қолға үйретілген» деген пікірді ұстанды.
Олар далада жүрген жабайы жануар еместігін айтады. Жылқылар үй шаруасында, аң аулауда қолданылған. Күні бүгінге дейін «жылқылар қолға кеш үйретілген» деген
пікір айтылған еді. Ботай қонысынан табылған материалдарға әлемнің барлық ғалымы қызыға бастады. Ботай жылқысын зерттеп білуге Солтүстік Қазақстан облысына Новосібір, Мәскеу, Англия, Германия ғалымдары келді. Олар Ботай қонысы Еуразия даласындағы малшаруашылығының орталығы болған деген ортақ пікірге келген.
3. Солтүстік Қазақстандағы Ботай мәдениеті туралы сипаттап жазыңыз. Ботай мәдениеті — энеолит дәуірінде Солтүстік Қазақстанды мекендеген тайпалар мәдениеті. Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының Никольское ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 1,5 км жердегі Ботай қоныстарына байланысты аталған. Қазба жұмыстарын жүргізген Солтүстік Қазақстан университетінің археологиялық экспедициясы (1981 — 83, жетекшісі В.Ф. Зайберт) 15 га жерді алып жатқан қоныстан 158 үйдің орны қазылып аршылды. Олар қабырғалары бір-біріне жалғастырып салынған бірнеше тұйықталған бөліктерден тұрады. Кейбіреулерінде 30-ға тарта үйлер болған. Шаруашылық құралдары түрлі тастардан, балшықтан және сүйектерден жасалынған. Ботай мәдениетін жасаған тайпалар жылқыны қолға үйреткен. Тастан жасалған пышақ, қанжар, жебенің, найзаның ұштарының көптеп табылуы қоғам өмірінде аңшылықтың рөлін айқын көрсетеді. Сонымен қатар гарпун, ине, жуалдыз, тескіштер, тұмар және әшекей бұйымдардың кездесуі шаруашылықтың әр саласынан хабар береді. Ботай мәдениетінің қалыптасуына Атбасар неолиттік мәдениетін жасаған тайпалары араласқан. Ботай мәдениеті Жайық пен Ертіс өзендерінің аралығын қоныстанған тайпалар мәдениетіне жатады. Ботайлықтар бүкіл Еуразия даласында алғашқы жылқы малын қолға үйреткендер болды. Ботайлықтарды жылқы өсірген бақташы тайпалар деп атауға болады. Ботай қонысынан 70 мың жылқының сүйек қалдықтары табылған. Жылқыны қолға үйрету, оны салт мініп жүруді, көлік ретінде пайдалануды ойлап табу адамзат дамуында прогрестің болғанын дәлелдейді. Осылайша адамның уақыт пен кеңістікті игеруінің негізі қаланды. Ботайлықтар адамның бас сүйегін балшықпен мумиялауды білген, итті кие тұтып, оны табалдырық астына көметін ғұрыптары болған. Иттің өз иесінің үйін түрлі қауіптен қорғауы, иті өлген соң да қорғап жүреді деп сенуі Ботайлықтарды итке кие тұтуға алып келді. Далаға апарып көміп тастамай,табалдырық астына көмген. Өлген ит табалдырық астында жатқанда қорғай алады деген сенім болған. Маңғыстау өңірінде табылған ескерткіштер энеолит дәуірі мәдениетінің екінші аймағына жатады.