Жетісуда су суреті
Ыстықкөл жер айнасы мөлтілдейді,
Балқашты қамыс қамап желкілдейді.
Аттанған алты өзені Жетісудің
Балқашқа бауырымдап еңкілдейді.
Балқаштан өзенді өрлей жүзген балық,
Тұмсығын тас қаққанша еркіндейді.
Бұлқынса анда - санда ала бура,
Жетісу желпең қағып селкілдейді.
Шу әне, тауды тарпып шыққан шулап,
Ойнақтап, ырғи, жосып таудан тулап,
Асқардың ақтарылған ағы емес пе,
Қарқ болған қырғыз - қазақ суын сулап:
Шуылдап жүйткіп жатқан Шудың үні:
«Қолың бер, күт, береке» дейді «тұмақ!»
Ертеден ірге теуіп өскен Шуда,
Ұлысы Ұлы жүздің Үйсін - Дулат.
Шымырлап Іле қайнап құмды кезген,
Қас қақпан ұйық, дойыр, долы безген,
Алыстан арып көшкен керуендей,
Тоңмойын, томсарулы тұнжыр көзбен,
Елге де, егінге де қарайласпай,
Жылысып жылжып жатыр бір мінезбен.
Ел шайқап, ердің қанын ішкен Іле,
Естісең ертегіні ескі сезден.
Арқырап асау Шелек орыпты тас,
Бурадай бұлқынады көк ала бас,
Ол баста Күншығысқа шыға шауып,
Жалт беріп етекке еңсей сапты құлаш.
Айдынды айдағардай күміс көл бар,
Алысқан таумен, таспен алып болмас.
Қожыр тас қопарыла құмға айналып,
Жарпымен көшіп жатыр боп жым - жылас.
Қысылып қыспақтағы қыл көпірден,
Албандар өтеді азар деп «ақ сарбас».
Көпірген Көксу көл бар басы бастау,
Тау жуып, тасты қуған содыр суы,
Дегенге көшпелі әйнек суы ұйқастау,
Ақылдайды арнасында меруерт астау.
Жалбасы, Шаған, Бұғы мүлгиді оған,
Шалдуар шалдай қалғып шала мастау.
Жар жарып, жерді жиған Көксу көл бар,
Бейне бір Жалайырға шабатын жау.
Ақырап айқай салған Көксу алып,
Жазыққа шыға келсе үркіп ағып.
Егінші, ылғи диқан Жалайырлар
Үлеседі үй басына тоған алып.
Сол елдің қыдырынды қыдыры сол,
Сар бала, қарақазан болып қарық.
Мөлтеңдеп мойнақты орай Қаратал да,
Көксуға қойындасады жарды жанып.
Қосылып екі ерке су, екі сұлу,
Балқаштан қалың құмға кетеді лағып.
Жетісу жәндігі
Баяғы баяғының заманынан,
Асқарда шың мекендеп, жайлаған аң,
Тағылар тарғылтасқа баурын төсеп,
Бар тышқан қоныс алған балағынан.
Жасанған театрдағы ойыншыдай,
Құздардың көрінеді аң алаңынан.
Қиынның жынысында бар деседі,
Сілеусін, ілбіс, аю, бұғы, бұлан.
Кәдімгі қасқыр серек, қарақұлақ,
Шуылдайды шиебөрі үй артынан.
Кәдімгі қарсақ, сусар, бұлғын, жанат,
Сол таудың іздейді аңшы ту сыртынан.
Таутеке, асқар, құлжа, қарақұйрық,
Көруге болады бәрін жайылымнан.
Маралды мал ішінен атпен қуып,
Әкеп жүр ауылына айдап Албан.
Тазқара, балтажұтар, ақбас құмай,
Бұлақта отырғанын керем ұдай,
Жарғақ бас, жұртшы, саржақ су бүркіттер,
Құмайдың. қоғамында құдасындай.
Лашын, тұйғын, тұнжыр, тынар, мықи,
Ителгі, бәрпі, қырғи, құр, тұрымтай.
Бидайық шында ғана болады деседі,
Бүркітпен барымталы ел ала жаздай.
Тығанақ, үкі, ақсары, құладыңдар
Сықылды толып жатыр мөжен - томпай.
Албандар атын атап түстейтұғын,
Мінеки Алатауға біткен торғай:
Қара, боз, суық, бұқбас, сипті, шымшық;
Шапшақай, майлық, маубасбұқа, шөже,
Тоқылдақ сан - сапалақ атаулысы
Айтарға сай - салада жүр лықсып,
Тас жарып, балақ біткен шынға шықсаң,
Күй тартар той қылғандай торғай сыңсып.
Көркемі көбелектің сол сайларда,
Гүл шолып, жүрер ойнап ұшып сып - сып,
Үстіңнен аю тасты сылдырлатса,
Самайдан ішкен қымыз шығар шып - шып.
Жер түгі
Ағашта өзің білген қарағай, тал,
Жалғыз - ақ неше алуан түрлісі бар.
Долана, ұшқат, шетен, ырғай, арша,
Ақ сасық, қызыл қайың, барша, шынар.
Шырғанақ, сөңке, терек, сөгет, емен,
Үйеңкі, шырғай, балғын тораңғылар,
Сары ағаш, қойқарақат, жиде, шетен,
Тобылғы, түйеқұйрық, бауырқұрттар;
Қараған, бозқараған, шеңгел, шілік,
Сықылды ағаштардың талайы бар.
Биікте бітеді шөптен сарыкүйік,
Тістеніп жатыр жұлып малы сүйіп,
Қымызын сарыкүйіктің, ішеміз деп,
Албандар қоныстайды құстай биік.
Тауқонақ, шәйшөп, маңқа, құлынембес,
Сүттіген, ендік, мейіз, киізкиік,
Ақшалғын, көкмарал, бетеге, раң,
Жапырақтеңге, бұйра қисық иық,
Балдырған, қорғасын, атқұлақты,
Елік жүр сонысында соны қиып,
Жүлкеуір, бәрпі, шырыш, шытыр.
Сауыны бие емшектің кеп түр иіп.
Мыңтамыр, жуа, рауғаш, жаужапырақ
Балауса, сорғыш, селдір, ермен, бақбақ,
Сыбызғы, жалбыз, құлмақ, қарақияқ,
Шоңайна, меңдуана, сора, шақпақ,
Ішінде сол қурайдың сұлу солар,
Шырмауық, кендір, қылша, жыланқияқ,
Қанжыға, қоға, сасық, аққой болып,
Бөлінеді жуалар мен таусарымсақ.
Қымыздық, қызсаумалдық дейтіндерге,
Ат қойған тау елінде сүйіп шын - ақ.
Өріске біткен осы өңкей сүттің
Ішінде бір сүйкімсіз отыр бір - ақ:
Қалақай қара тарғыл ол айтқаным,
Сүйеді сүйкенгенді шымшып, бұрап.
Өзге жан өмірі оған жоламайды.
Төңбекшіп түйе жесе қалар құлап.
Шалқиды шалғын көлдің қамысындай,
Атқұлақ Тасарықтың тарысындай.
Үш қырлы, сұлу сырлы айылқияқ,
Кіндігі қырғыз өрме қамшысындай.
Селтеңдеп сепсе қурай сырға қадап,
Саржағал сәлемдеседі танысындай.
Жуалар шайқаңдаған ол бір кербез,
Шалма орап мұсылманның абызындай.
Құстаңдай самал соқса сыбырласады,
Әзілді әйел, ажын - абысындай.
Солармен судырласып ойнайды жел,
Дүрмектің қақпар тартқан шабысындай.
Неше елді аттандырған құтты қоныс,
Әлі тұр әсемдігі таусылмай.
Суретін сөз баяндап жеткізе алмас,
Жерінің Жетісудың бәрі сондай!
*****
Достарыңызбен бөлісу: |