ҒАБИТ МАХМҰТҰЛЫ МҮСІРЕПОВ (22 наурыз 1902 жыл — 31 желтоқсан 1985 жыл) — қазақтың халық жазушысы, драматург, сыншы, мемлекет және қоғам қайраткері.
Қазақ КСР ҒА академигі (1985), Социалистік Еңбек Ері (1974), Қазақстан халық жазушысы.
Қазақстан жазушылары Одағының төрағасы (1961), КСРО Жазушылар Одағының хатшысы, КСРО Жоғары Кеңесінің 5-шақырылымындағы және ҚазақКСР Жоғары Кеңес депутаты.
Орыс мектебінде жүргенде орыстың атақты ақын жазушыларының шығармаларын оқып білуі, ауыл мектебінде өзін оқытқан әдебиетші мұғалім Бекет Өтетілеуовтың әсер ықпалы болашақ жазушының әдебиетке ерекше ықылас аударуына септігін тигізеді.
Ғабит Мүсірепов әңгіме жанрының өркендеуіне үлкен үлес қосты. Алғашқы шығармаларынан-ақ жазушылық шеберлігімен танылды. “Қос шалқар” (1928), “Көк үйдегі көршілер” (1929), “Өмір ертегісі” (1930), “Алғашқы адымдар” (1932), “Шұғыла” (1934), “Үздіксіз өсу” (1934), “Жайлау жолында” (1936), “Тұтқын қыз” (1938), “Жеңілген Есрафил” (1939), тағы басқа әңгіме, повестерінде еңбек адамдарының қиындыққа толы қажырлы өмірі мен азамат соғысы, ұжымдастыру кезіндегі дүрбелең оқиғалар легі суреттеледі.
Мүсірепов әр кезеңде жазылған ана тақырыбындағы туындыларында қазақ әйелінің жиынтық бейнесін жасады. Көптеген әңгіме, новеллаларында Әйел — Ананың бейнесін асқақтатып, әлем әдебиетіндегі Әйел — Ана тұлғаларының галереясын байыта түсті. Ол “Ананың анасы” (1933), “Өлімді жеңген ана” (1933), “Ашынған ана”, “Ананың арашасы” (1934), “Ер ана” (1942), “Ақлима” (1944), “Әмина”, “Ана жыры”, “Ана” шығармалары арқылы сөз өнеріне жаңа көркемдік өрнек әкелді. Ана жайында жазылған алғашқы әңгімелері М.Горький сарынында алынғанымен, ана бейнесі қазақы қасиеттерімен көркем өрнектелген. Мүсірепов қаламынан туған Қапия, Ақлима секілді ана образдары арқылы қазақ өмірінің шынайы көріністері сипатталады.
Мүсірепов – көрнекті қоғам, мемлекет қайраткері. 1932 жылдың 4 шілдесінде ол республикаға танымал адамдармен бірлесе отырып, халықтың басына төнген аштық нәубеті жайында БКП(б) қазақ өлкелік комитетіне “Бесеудің хатын” жолдады. Хаттың мазмұны мен көтерген келелі мәселесі Мүсіреповтің қай кезеңде де болмасын халқының қамы үшін күресіп, қоғам алдындағы парызын адал орындаған азамат болғандығын айғақтай түседі.
1990 жылы Мүсірепов атындағы республикалық балалар мен жасөспірімдер театры “Бесеудің хаты”спектаклін қойды, пьеса авторы – Ш.Мұртаза, қоюшы-режисер Р. Сейтметов). Мүсіреповтің қоғам қайраткері ретіндегі, қарапайым адам қатарындағы адамгершілік ұстанымдарын айғақтайтын іс-қимылдары жетерлік. Соның бірі 1937 жылы Қазақстан Жазушылар одағындағы жиналыста тағдыры талқыға түсіп, ұсталып бара жатқан Б.Майлинге араша түсіп, “Бейімбет жау болса, мен де жаумын” деген сөзі бүгінгі күні аңызға айналған.
Достарыңызбен бөлісу: |