3. Тіліміздегі сөздер (сөз формалары) құрамындағы буынның түрлеріне қарай: а) бірыңғай ашық буынды сөз формалары: қа-ла-да;
б) бірыңғай тұйық буынды сөз формалары: мек-теп-тер-дің;
в) аралас буынды сөз формалары: а-на-ла-ры-мыз-дың.
Қазақтың байырғы сөздері негізінен бір буынды, қала берді екі буынды болып келеді. Мұның өзі поэзия тілі болуымен де байланысты. Өйткені 11 буынды болып келетін қара өлеңде бунақтар 3-4 буыннан аспайды.
Түркі тілдері – жалғамалы тілдер. Сөздер, әсіресе етістік түбірлер қатынас қызметін атқару үшін түрлі жұрнақ, жалғауларды қабылдау керек болады. Бір ғана әже сөзі жалғаулармен түрленгенде 200-ге жуық, бір ғана етістік сөз түрленгенде 1,5 мыңға жуық формаға ие болады. Яғни қосымшалар сөздердің өмір сүру формалары деуге болады.
4. Күні бүгінге дейін буын және оның шегарасын тану – фонетиканың ең қиын мәселесі. Буын жөнінде лингвистикада бірнеше теория бар. Әдетте буынның ескі анықтамасы сөйлегендегі демнің жіктелуіне негізделеді.
Кейінгі кезде акад. Л.В.Щерба буын және буынға жіктеу мәселесі жайында тың пікір айтты. Буын – сөз ағымындағы бір немесе әлденеше фонеманың тобынан жасалған фонетикалық единица. Қазақ тіліндегі дыбыстар буын жасаудағы қызметіне қарай екі топқа жіктеледі: буын құраушы дыбыстар – дауыстылар, буын құрай алмаушы дыбыстар – дауыссыздар. Қазақ тілінде буын құрайтын дауыстылар болғандықтан , олар жеке тұрып та, не алды – артына дауыссызды қосып та буын құрай алады. Қазақ тіліндегі буын өзгешелігінің бірі – буын жасаушы дауысты дыбыстар өзімен бір үйірлесе жүретін дауыссыздардың акустикалық көрсеткіші болып келеді. Егер буындағы дауысты жіңішке болса, үйіріндегі дауыссыздар да жіңішке болады, жуан болса, дауыссыздар да жуан болады (бала, етік, көрік).
Л.В.Щерба буын ішіндегі дыбыстардың санына қарай қазақ тілінде буынның мынадай түрін көрсетеді (Ж.Аралбаев Қазақ фонетикасы бойынша этюдтер):
1). Дауыстыға біткен буынды ашық буын дейміз: а-ла, ба-ла, а-та т.б.
2). Дауыстыдан басталып, дауыссызға біткен буынды тұйық буын дейміз: ақ, өрт, ұл, т.б. Тұйық буын дыбыс құрамына қарай жай тұйық буын және ауыр тұйық буын болып екіге жіктеледі. Жай тұйық буын дегеніміз екі дыбыстан құралған : дауыстыдан басталып, жалғыз дауыссызға біткен буындар : ас, ал, оқ, із, ән, үн, ұн, т.б. Ауыр тұйық буындегеніміз дауыстыдан басталып, дауыссыздарға біткен буындар: ант, өрт, айт, арт, т.б. Ауыр тұйық буынның жай тұйық буыннан айырмашылығы – ең кемі үш фонемадан құралады.