1.2. Полиграфия өнімдерінің негізгі түрлері және олардың
ерекшеліктері
Баспа өнімдері адамға оның ерте балалық шағынан бастап қартайғанына дейінгі аралықтағы бүкіл өмір бойына серік болып келеді. Кітап, газет пен журнал, плакат пен күнтізбе, мектеп дәптері мен пошта маркасы, түрліше тауарлар мен басқа да көптеген баспа бұйымдарының көркемделінген қаптамалары - осы өнімдердің барлығы да, полиграфия өнеркәсібінің технологиялық процестерін қолдану жолымен жасалынған.
Әртүрлі басылымдарды даярлау және басып шығару кезінде оларды, ең алдымен, мерзімдік, жалғастырылушы және мерзімдік басылымдар деп бөледі. Мерзімді басылымдар белгілі бір уақыт барысында бір типті әрленген, бірақ номерлерінің мазмұндары әртүрлі, тұрақты пішімімен шығарылып отырылады (газеттер, журналдар, бюллетендер).
Жалғастырылушы басылымдар әртүрлі мазмұнды, номерлері түрліше, біртекті безендірілетін, бірақ шығу мерзімдері алдын-ала белгіленбейтін, өйткені олар қажетті материалдардың көлеміне байланысты шығарылымдар (жинақтар, ақпараттық парақшалар).
Мерзімсіз басылымдар өздерінің көлемі, пішімі таралымы және басқа да көрсеткіштеріне қарай әртүрлі сипатты болып келеді. Олардың ерек-шеліктері бір мәрте ғана шығатындықтарында. Қажетті жағдайларда оларды қайта басып шығаруға болады, бірақ бұл алдын-ала жоспарланбайды. Бұл типтегі жиі кездесетін басылымдардың қатарына кітаптарды, брошю-раларды, плакаттарды, репродукцияларды, ашық хаттарды, күнтізбелерді, карталар мен атластарды жатқызуға болады.
Полиграфия өнеркәсібінің сансыз көп өнімдерінің ішінен олардың негізгі түрлерін атап көрсетуге болады:
Газеттер (ұсақ венеция монетасы - gazzetta дегеннен) — ағымдағы оқиғалар туралы маңызды материалдар, қоғамдық-саяси, өндірістік, экономикалық және басқа да мәселелер жөнінде жедел ақпараттар жариялайтын ресми парақтық басылымдар.
Газеттердің ерекшелігі - олардың жарыққа шығуының кезеңділігінде. Газет өндірісі өнімінің ерекшелігі - оны қатаң кесте бойынша аса қысқа мерзімде даярлап, басып шығару қажеттілігі мен оның шығарылуын баспа немесе редакция қызметкерлерінің бақылап отыратындығында. Қазіргі кездегі газеттердің көлемі ұлғайып, көркемделуі мен безендірілуі арта түсуде.
Журналдар (француздың journal - күнделік, газета сөзінен) – шығу уақыттары қатаң белгіленген (апталық, ай сайынғы) мақсаттары мен міндеттеріне байланысты, әр түрлі тақырыптық материалды қамтитын, жылдық басылым үшін тұрақты көлем мен пішімде болып келген брошюра түріндегі мерзімді басылым. Журналдарды екі топқа бөлуге болады. Көпшілікке арналған «жұқа» журналдардың едәуір бөлігі бір-бірлерінің ішіне енгізіп, тысталған және түбі сым қапсырмалармен тігілген 2-4 дәптерден тұрады. Екінші топқа 4 және одан көп дәптерлерден тұратын, бір-бірлерінің үстіне текшелеп жиыстырылған журналдың бүкіл қалыңдығы бойынша өтетін жіптермен, металл қапсырмалармен тігілген немесе түп қиығына желіммен жапсырылған «толық» журналдар жатады. Тігілген немесе желімделген, қалың парақтар қаптамаға енгізіліп түбірдің бүйіріне желімделінеді де, содан соң үш жағынан кесіліп, әдеттегі күйге келтіріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |