II тарау. Полиграфиядағы ақпараттық технологиялардың кезеңдері
2.1. Баспаларда өнімдерді басуға даярлау
Баспа өнімдерін шығарудың басуға дейінгі дәстүрлі процестері жұмыстың үш кезеңін қамтиды және үш салаға бөлінеді:
1. Терім, яғни мәтінді даярлау, оны пішімдеу
2. Бейнелік және графикалық түпнұсқаларды басуға дайындау,көпбояулы басылым үшін түске бөлінген фотоқалыптарды даярлау. 3. Басылым қалыптарын даярлау және жинақтау, яғни мәтіндік, көркем суреттік және графикалық өнімдерді баспа табақтарда біріктіру, сонымен бірге басылым машинасы үшін ақпаратты реттестіріп басу қалыбын даярлау.
Терім техникасы Гуттенберг туындысынан бастап, ғасырлар бойына жылжымалы литерлер дайындалып өнім басу XV ғасырдан ХІХғ. соңына дейін іс жүзінде өзгерген жоқ. Металдан құйылған әріптерден (литерлерден) сөз, жол, мәтіндік блоктар жасалынды (қолмен теру). Тек ХІХғ. соңында, индустрияландыру дәуірінде ғана терім механикаландырылды. Қолжазбаны полиграфиялық өңдеу тәсілмен даярлау кезінде баспада болашақ басылымның пішімі, қаріптің түрі, бейненің сипаты, қағаз бен түптеу материалдарының түрлері, басу әдісі белгіленеді. Мәтіндік өнімді полиграфияльіқ өңдеу мынандай параметрлерді белгілеулерді қарастырады:
- басылымның пішімі;
- терім жолдарының пішімі;
- терімнің кеглі мен интерлиньяжы;
- қаріптің гарнитурасы мен сызылуы;
Басылымның пішімі шартты қағаз табағының жақтарының көбейтіндісі түрінде (см) және кітап беттерінің бүктелген бөлшегі ретінде белгіленеді. Мысалы, 60х90/16 пішіміндегі басылым көлемі - 60х90см қағаз табағының 1/16 бөлігі. Басылымдардың 40-тан аса пішімі бар. Баспалардың 95%-ы кітаптарды 19 негізгі пішімде, журналдарды 19 пішімнің 8 түрінен ғана шығарады.
Басылымның пішімін таңдағанда, ең алдымен, басылымның түрі мен оны оқитын оқырмандардың біліктілігі ескеріледі.
Негізгі басылым пішімін таңдауда басшылыққа алатын мынандай принциптер енгізілген:
- мәтін жолының оқуға қолайлығы;
- басылымның беттері мен жиектерінің үнемді сәйкестілігі;
- басылымның түрі, полиграфиялық және баспалық ерекшеліктері;
- мәтіннің сипаты, кестелердің, формулалар мен көркем сурет бейнелерінің сипаты мен көлемдері;
- басылымды сақтау мен пайдалану ерекшеліктері;
- басылымның көлемі мен таралымы;
Пішім таңдау, безендірудің негізгі параметрлерін, терім жолдарының пішімдерін, жиектердің көлемдері мен орналасуын, сонымен бірге қаріптің, кеглі және басылымның құрылымын анықтайды. Бір басылымның пішімі үшін терім жолдарының пішімдері оны безендірудің таңдап алынған нұсқасына байланысты өзгеріп отырады.
Кітаптарды безендірудің үш нұсқасы, журналдар үшін екі нұсқа қолда-нылады:
Бірінші нұсқа - терім жолдарының айналасындағы жиектері кішігірім ету, яғни бұл - үнемді. Ол көлемі кіші брошюралар, ресми анықтамалық басылымдар, бюллетендер, пайдалану мерзімі ұзақ емес кейбір журналдар мен басылымдарға арналған.