12. Мультимедиа 12 Библиотека 12 Научные статьи и публикации



жүктеу 106.84 Kb.
Pdf просмотр
Дата03.03.2017
өлшемі106.84 Kb.

12.Мультимедиа  

12.5.Библиотека 

12.5.3. Научные статьи и публикации  

 

 

 

 

 

 

ҚОРҚЫТ АТА – ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ ҰЛЫ ОЙШЫЛЫ 

 

СЫДЫҚОВА ЖАЙНА ТЕМІРБЕКҚЫЗЫ 

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ «Қазақстан халқы Ассамблеясы» 

кафедрасының аға оқытушысы 

 

 

Қорқыт  Ата  –  күллі  түркі  дүниесінің  тарихында,  рухани  өмірінде  айрықша  орын 

алатын,  түркі  кезеңі  деп  аталатын  тұтас  бір  дәуірдің  болмыс-бітімін,  таным-түсінігін, 

саяси-әлеуметтік  және  діни  дүниетанымын  өн  бойына  жинақтаған  бірегей  тұлға.  Оғыз-

қыпшақ  дәуірін,  оның  арғы  тегі  түркі  тайпаларының  тарихын  зерттеуде  Қорқыт  Атаны 

айналып  өту  мүмкін  емес.  Себебі,  Қорқыт  бейнесі  Шығыс  Түркістаннан  бастап  Кіші 

Азияға дейінгі аймақта таралған түркі халықтарының ауызша, жазбаша деректерінде ойып 

орын  алады  [1].  Сонымен  қатар,  исламға  дейінгі  идеологияға  қатысты  тұлғалардың 

ішіндегі жалпақ жұртқа кеңінен танымал болғаны да - осы Қорқыт Ата. 

 

Қорқыт - көшпенділердің өмір салтына сәйкес келетін тәңірлік дүниетанымның ең 



ірі  өкілі.  Тәңірлік  дүниетаным  әбден  қалыптасқан  далаға  ислам  дінінің  күшпен  еніп, 

ежелден  орныққан  саяси,  рухани  сананы  қыспаққа  ала  бастауы  Қорқыттың  ішкі 

қарсылығын  оятты.  Қорқыттың  өмірін,  мұрасын  зерттеуші  кейбір  ғалымдар  оны  ислам 

дінінің  насихатшысы,  таратушысы  ретінде  көрсетеді.  Дегенмен,  бұл  шындыққа 

келіңкіремейді.  Себебі,  халық  аузындағы  Қорқыт  жайлы  аңыз-әңгімелер,  Қорқыт  айтты 

дейтін нақыл сөздер оның исламға мойынсұнған тақуа емес, тәңірлік ілімнің аса ірі өкілі 

екенін көрсетеді.  

Сонымен, Қорқыт кім? Халық аузындағы әфсана аңыз ба, әлде өмірде болған, елі-

жұртының  қамын  жеген,  бірлікке  шақырып,  рухын  көтерген  данагөй  абыз  ба?  Алдымен 

Қорқыт Ата жайлы аңыздарға тоқтала кетсек. 



Қорқыт  Ата  жайлы  аңыздар.  Аңыздың  алғашқысы  Қорқыттың  дүниеге  келуі 

жайлы. Ол былайша баяндалады: «Қорқыттың әкесі баят руынан шыққан Қарақожа деген 

кісі,  анасы  Алтыншаш  деген  қыпшақ  тайпасының  қызы  екен.  Анасы  Қорқытты 

құрсағында  үш  жыл  тоғыз  күн  көтеріп  жүріпті.  Жылда  толғақ  қысады,  бірақ  дүниеге 

перзент  келмейді.  Үш  жылдан  астам  бебеу  қаққан  байғұс  ана  ақыры  толғақ  қысып, 

дүниеге нәресте келеді. Дәл Қорқыт туылатын күні жер-дүние алай-түлей болып, аспанды 

қара бұлт торлап, қатты дауыл соғады. Жұрт ақырзаман болған екен деп қатты қорқады. 

Дүниеге  шыр  етіп  сәби  келгенде  дауыл  да  басылып,  бұлт  та  тарап,  табиғат  мамыражай 

күйге  түседі.  Бүкіл  аймақтағы  адамдарға  үрей  сыйлап  дүниеге  келген  сәбидің  атын 

«бәрімізді қорқытып келген бала» деп Қорқыт қойған дейді» [2]. 

Келесі  аңыз  Қорқыттың  қобызы  туралы.  Қобыз  -  күй  атасы  атанған  Қорқыт 

бейнесінің ажырамас бөлігі. «Ол әлемге қобызды және қобыз сарынын алып келді. Бүгінгі 

ыспалы  аспаптардың  барлығы  дерлік  Қорқыт  қобызынан  бастау  алады»  дейді  жазушы, 

драматург Д.Исабеков [3]. Аңыздың бірі былайша өрбиді: «Бір күні Қорқытты әулие шал 

оятып: «Сен бір аспап жаса, аспабың алты жасар нар атанның жілігіндей болсын, шанағы 


қарабақырдай болсын, көні аруананың бауыр терісінен болсын, тиегі ортекенің мүйізінен 

болсын,  ішегі  бесті  айғырдың  құйрығынан  болсын.  Аспабыңның  аты  қобыз  болсын»,  - 

депті. Қорқыт әулие кісі айтқан барлық шартты орындап қобыз жасап, оны қолына алып 

тартып көргенде қара қобыз күңірене күй ойнап шыға келіпті. Ең алғашқы «Аққу» күйін 

тартқанда  төбеден  ұшып  бара  жатқан  аққу  құстар  қайта  айналып  келіп,  оның  үніне  үн 

қосып сұңқылдай жөнелген екен деседі.  

Тағы  бір  аңызда  қобызды  Қорқыттың  қалай  шығарғанын  былайша  баяндайды: 

«Қорқыт  бала  күнінде  дала  кезіп,  желмаясын  мініп,  қараңғы  түнде  елсізде  келе  жатса, 

алдынан сарнап шыққан бір әдемі үн естіледі. Үн шыққан жерге келсе, айдалада өзінен-өзі 

тартылып  жатқан  қобызды  көреді.  Қорқыт  желмаядан  түсіп,  көп  уақыт  тартылған 

қобыздың сарынын тыңдап отырады. Қобыздың сарыны басылған кезде Қорқыт қобызды 

бауырына  басып  «бұл  енді  менікі»  деп  қатты  қуанады.  Желмаяға  отырып,  үйіне  алып 

келеді. Ел-елді аралап, ғажайып сұлу күйлер тартып жүреді. Қорқыт бұл қобызбен алғаш 

«Тәңірі күйін», ең соңғы рет «Елмен қоштасу» күйін тартқан екен». Бұл аңызды академик 

Ә.Х. Марғұлан сырбойылық Ә.Қайнарбаевтан жазып алған [4]. Қобызды аққуға ұқсатып 

жасаудың  зор  тарихи  мәні  бар.  Біріншіден,  халықтың  сұлулықты  сүйетін  ой-санасы 

бойынша аққудың даусы - жаратылыстағы құлаққа әдемі естілетін ең сұлу үн. Екіншіден, 

аққу  -  киелі  құс  саналған  (табу).  Қобыздың  осы  сипатына  орай  халық  арасына  аңызбен 

қатар төмендегідей жыр жолдары таралған: 

Қарағайдың түбінен қайырып алған қобызым

Үйеңкінің түбінен үйіріп алған қобызым. 

Ақ қайыңның безінен қағып алған қобызым, 

Қара еменнің өзегін ойып алған қобызым. 

Қыл құйрығын тұлпардың ішек қылған қобызым. 

Таутекенің мүйізін тиек қылған қобызым,  

Ақ ырғайын қиянның құлақ қылған қобызым, 

Ортекенің терісін сауыт қылған қобызым. 

Ақ түйенің сүтімен сылап алған қобызым, 

Сырыңды ашып, үніңді сынап алған қобызым [5].  

Осы қобызды жұрт  «Қорқыттың қобызы» деп атап кетеді. Қорқыт тартқан  «Тәңір 

күйін»  кейде  «Зор  тәңірі»  деп  те  атайды.  Ш.Уалиханов  оны  «Аллах  судья  всевышный» 

деп  аударған.  Ә.Х.  Марғұлан  «Тәңір  күйі»,  «Қорқыт  күйі»  сарындарын  ортағасырларда 

қобызшылар  Кет-Бұқа  (XIII  ғ.),  Қойлыбай  (Ұлытау),  Нұрғали  бақсы  (Қошқар  ата),  оның 

ұрпақтары Қарамырза, Бексейіт (XIX ғ.) атақты қобызшы Дәулет бақсы (Қазалыдан, XIX 

ғ.),  Табынбай  қобызшы  (Сыр  бойынан),  Мешітбай  қобызшы  (Ырғыздан),  Соқыр  абыз 

(Қызылордадан), Берікбай бақсы (Шыңғыстаудан) тартқан деп көрсетеді [6]. 

Қорқыт  жайлы  ел  аузында  кең  таралған  аңыздың  бірі  Қорқыттың  ажалмен 

арпалысы туралы.  «Қорқыт жиырма жасқа келгенде оның қырық жыл ғана өмір сүретіні 

туралы  ғайыптан  аян  беріледі.  Аз  ғана  уақыт  өмір  сүретінін  білген  Қорқыт  жаналғыш 

Әзірейілмен  арпалысқа  түседі.  Қорқыттың  жанын  алу  үшін  Әзірейіл  алуан  түрлі  айла-

шарғыға барғанмен, Қорқыт амалын тауып ажалдан құтылып кете береді. Жаналғыш ақыр 

соңында алтын сандық жасатып, Қорқытқа келеді де: «Кір мына сандықтың ішіне» дейді. 

Қорқыт  болса:  «Мен  кіруін  кіремін-ау,  бірақ  мына  тар  сандыққа  қалай  сыймақпын? 

Алдымен өзің кіріп көрші»,- депті. Жаналғыш сандыққа кіргенде Қорқыт оның аузын тарс 

жауып,  дарияның  суына  ағызып  жібереді.  Қорқыт  та,  халық  та  өлім  дегенді  ұмытып, 

бақытты  өмір  сүре  бастайды.  Бірақ  бұл  бақыт  көпке  созылмайды.  Сырдарияның  төменгі 

жағында бір балықшы бар екен. Алтын сандық сол балықшының ауына түседі. Балықшы 

ауға іліккен алтын сандықты жағаға шығарып, аузын ашып қалғанда ішінен құтырынған, 

ызалы  жаналғыш  шыға  келеді.  Шыққан  бойда  ашумен  балықшының  жанын  алып,  енді 

Қорқыттың  соңына  түседі.  Жаналғыштан  енді  құтылмасын  білген  Қорқыт  желмаясына 



мініп дүниенің төрт бұрышын аралап ажалдан қашады. Дүниенің қай бұрышына барса да 

алдынан жер қазып жатқан адамдар кездеседі. «Неге қазып жатырсыңдар?» деп сұрағанда 

олардың  барлығы  «Қорқыттың  көрін  қазып  жатырмыз»  деп  жауап  беріпті.  Ажалдан 

құтылмасын  білген  Қорқыт  «су  бетінен  көр  қазылмас»  деп  желмаясына  жапқан  кілемін 

Сырдарияның  бетіне  төсеп,  су  үстінде  қобызынан  күй  сарнатып  ұзақ  жылдар  отырады. 

Тәңірінің  жарылқауымен  Қорқыттың  кілемі  не  суға  ағып  кетпей,  не  шіріп-тозбай,  көп 

заман  су  үстінде  кеме  боп  қалқып,  Қорқытқа  ажал  келтірмейтін  арал  болып  тұрыпты. 

Қорқыт Сырдарияның сырғып аққан суына қарап, өлім мені қанша қуса да, оны бұл жерге 

келтірмеспін деп, қобызын күңірентіп тарта беріпті. Қорқыттың күйін дүниедегі жан иесі 

түгел ұйып тыңдапты. Аспандағы құс ұшуын, самал жел есуін қойып тыңдапты. Ажалдың 

өзі де Қорқыттың күйіне балқып, оған жақын келе алмапты. Қорқыт осылайша күндіз-түні 

ұйқы көрмей, қобыз тартып, өліммен алысыпты. Көп заман ұйқы көрмей, қалжырап, көзі 

ілініп кетіп, қобыз үні шықпай қалған сәтінде оны аңдыған ажал судан жылан боп келіп, 

шағып  өлтіреді. Аңыздың келесі  бір нұсқасында ажал оның суға  жайған кілемімен бірге 

қарақұрт бейнесінде ілесе келіп, шағып өлтірген делінеді. Бірақ Қорқыт өлгенімен, оның 

ұзақ заман тартқан қобызының күйлері тоқталмапты. Қорқыттың қобызын моласына бірге 

қойған  екен,  Тәңірінің  құдіретімен  қобыз  өзінен-өзі  мұңды  күй  шертіп,  Қорқыттың  өзі 

тартқандай  сарнап  тұратын  болыпты.  Ертелі-кеш  Қорқыт  күмбезінің  қасынан  өткенде 

қобыздың  сарнаған  дауысынан  «Қорқыт-Қорқыт»  деген  мұңды  үн  үзілмей  шығып 

тұратын болған екен» дейді халық жадында жатталған аңыздардың бірінде. 

««Қорқыт  пен  өгіз»  деп  аталатын  аңызда  ишара  түрінде  айтылған  тарихи 

шындықтың  сілемі  болуға  тиіс»  дейді  Ә.Х.Марғұлан.  Өгіздің  қашуы,  Қорқыттың  оны 

қууы  оғыз  аңызын  еске  түсіріп,  Оғыз  ханның  атасынан  безіп  кеткен  жағдайларының 

елесін көрсеткендей болады. Бұл аңыздың бір нұсқасы  «Тарғыл тана» деп аталады. Ә.Х. 

Марғұлан Ә.Қайнарбаевтан жазып алған осы аңызды былайша баяндайды: «Қорқыт елсіз 

далада жалғыз өзі желмаясын желдіртіп келе жатқанда алдынан бір «тарғыл тана» дейтін 

аң  қашыпты.  Оны  ұстаймын  деп  қызығып  қуған  Қорқыт  ұзақ  күн  оған  жете  алмайды, 

арасы  есік  пен  төрдей  болады  да  отырады.  Әуреленіп  сонша  қуып  жете  алмағанына 

ызаланған  Қорқыт  «осы  тарғыл  тананы  жетіп  ұстамасам,  жер  үстінде  тірі  жан  болып 

жүрмегенім» деп серт айтады. Осы серті оны мәңгілік өмірінен айырады. Сол сәтте тарғыл 

тана бір тас шоқы болады да қалады». Сол тарғыл тас шоқыны қазір  «Тарғылдың тауы» 

дейді. Ол Қорқыт жатқан жерден солтүстікке қарай жүз шақырымдай жерде». 

Қорқыт  жайлы  айтылатын  аңыздың  тағы  бірі  -  «Қорқыт  пен  қырық  қыз»  аңызы. 

Қорқыт қашан дүниеден көшкенше өлімге мойынсұнғысы келмей одан құтылудың жолын 

іздейді. Дүниені кезіп ажалдан қашады. Бірақ қайда барса да алдынан «Қорқыттың көрі» 

шыға  берген.  Қара  жерде  тұру  қорқыныш  бола  берген  соң,  Қорқыт  су  үстінде  тұрып 

көрейін  деп,  кілемін  Сыр  суының  бетіне  төсейді,  қарындасын  қасына  алып,  кілемнің 

үстінде  отырып,  өмірге,  еліне,  жеріне  арнап  мұңды  күйлер  тартады.  Сарнап  шыққан 

Қорқыттың  қобызының  даусын  естігенде,  өзен  бойындағы  елдер  үйінде  шыдап  отыра 

алмайды.  Олар  тобымен  өзеннің  екі  жағалауына  жиналып,  Қорқыттың  күйін  емірене 

тыңдайды.  Қобыздың  даусы  кешқұрым  Сырдариядан  алыс  жатқан  Арқадағы  елдерге  де 

жетеді.  Қобыз  даусына  еліткен  Арқаның  қырық  қызы  Қорқыттың  күйін  тыңдауға 

құмартып,  үйінен  жүгіре  шығады.  Әуелде  қобыздың  даусы  жақыннан  шыққандай 

сезілгенмен,  қыздар  күндіз-түні  жүріп  жете  алмайды.  Бетпақтың  шөліне  кездеседі.  Жол-

жөнекей  ел  таба  алмай,  отыз  тоғыз  қыз  өкпесі  өшіп  жолда  өледі.  Тек  қырқыншы  қыз 

аяғынан айырылып, Сыр жағасына жетіп, Қорқытты көріп, күйін тыңдап дүниеден өткен 

екен»  дейді.  Ақсақ  қыздың  күмбезі  Сырдарияның  жағасында,  Қорқыт  Ата  күмбезінің 

солтүстігінде, арқа жағында бір шақырымдай жерде биік белестің үстінде тұр.  

Аңыздар Қорқыттың жұрттан асқан дана, болашақты болжайтын сәуегей, керемет 

иесі адам болғанын көрсетеді. Ол бір жерде отырмай, дүние кезіп, тіршілікте не жақсы, не 



жаман,  соның  бәрін  көзімен  көріп,  сынап  жүріпті.  «Біреу  кәрі,  біреу  жас,  біреу  мұңлы, 

біреу  аш,  неге  олай?  Біреу  қыршын  жас  күйінде  дүниеден  кетеді,  біреу  сақал-мұрты 

ағарған  кезде  дүниеден  жоқ  болады.  Жас  туып,  дүниеге  келеді,  қарт  өліп,  дүниемен 

қоштасады, неге бұлай?» деп күндіз-түні ойға батады. Бірақ ойдың түбіне жете алмайды. 

Қорқыт дала кезіп жүргенде, оның алдынан көкмайса жасыл шөп бүгіліп  «ертең қуарып 

бітеміз» дейді. Үлбіреген даланың жауқазын гүлдері «ертең солып бітеміз» деп мұңаяды, 

орманда  сұлап  жатқан  самырсын  ағаш  өлімге  бас  иіп  «иә,  досым,  бұл  ертең  саған  да 

келеді»  дейді.  Даладағы  қуарып  тұрған  қаудан  шөп  мөлиіп  жерге  қарап:  «А,  досым, 

бәріміздің  тағдырымыз  осы»  дейді.  Кеудесімен  аспан  тірейтін  асқар  таудың  өзі  де: 

«Тозбайтын дүние, өшпейтін нәрсе жоқ» деп күңіренеді. Оның көз алдында көкте ұшқан 

құс  жылайды,  көп  жасаған  қарт  жылайды,  аспандағы  ай  жылайды,  алты  жасар  бала 

жылайды.  Бұларды  көрген  соң  Қорқыт  қалың  ойға  батып  қатты  толғанады.  Толғанып 

тапқаны  қобыздың  үні  болды,  бар  ойын,  толғауын  қобызы  арқылы  шығаруға  бекінді. 

Қорқыттан бұрын қобыз күйін еш пенде білмейтін еді. «Қорқыт  - күй атасы» деген ұғым 

осыдан  шықты.  Қорқыт  күйін  тартқанда,  оның  қобызының  даусы  дүниенің  бұрышына 

тарады.  

Қобыздың үнін есітіп, 

Аң біткеннің бәрі де  

Өре тұрып жүгірді. 

Күй ұқсады Тәңірге,  

Алдына келіп жүгінді.  

Құстар қақпай қанатын, 

Шығармай үнін қиқулап, 

Күй барады сарындап,  

Шалқиды өрт боп дауылдап.  

Қара тас та балқиды  

Күрең тартып бітісі. 

Күй осылай тебіренді  

Ажалға басын игізбей, – деп жырлады жыраулар. 

Халық  аузындағы  аңыздың  бірінде  «Қорқыт  дарияның  үстінде  қоштасу  күйін 

тартып  отырғанда  қарындасы  қасында  еді.  Кілем  үстінде  ұйықтап  көзі  ілінгенде, 

Қорқыттың  көсілген  аяғы  қарындасына  тиіп  кетіпті.  Ұйқысынан  шошып  оянған  Қорқыт 

аяғына  ренжіп:  «тірімде  жерге  сыймаған  аяғым,  өлсем  көрге  сыймайсың»  депті.  Қорқыт 

өлген соң аяғы көріне сыймай созылып, жоталанып жататын болыпты» дейді. 

Қорқыттың  өмірін,  мұрасын,  оған  қатысты  аңыздар  мен  өзге  де  деректерді 

зерттеуші О.Сүлейменов, жазушы Д.Исабеков Қорқытқа қатысты аңыздар желісін б.з.д. III 

мыңжылдықта пайда болған шумер халқының атақты эпосы «Гильгамеш туралы жырмен» 

байланыстырады.  «Гильгамеш»  эпосында  да  мәңгілік  өмірді  көксеу  бар.  Мәңгілік 

жастыққа қол жеткізген Гильгамештің қолындағы гүлін жылан ұрлап әкетеді. Гильгамеш 

пен  Энкиду  адамдарға  ажал  боп  төнген  Хумбаба  деген  алып  өгізді  өлтіреді.  Соған 

ызаланған  құдайлар  Энкидуді  сол  заматта  ажал  құштырады.  Осындағы  мәңгілік  өмір 

идеясы,  жылан  мен  өгіз,  ажалдың  алмай  қоймайтындығы  жайлы  сюжеттер  Қосөзен 

аралығы  мен  Сыр  бойындағы  ежелгі  халықтардың  түп-тамырындағы  рухани  үндестікті, 

адамның тәні өлгенмен, оның рухының, жасаған ісі мен рухани мұрасының өлмейтіндігін 

білдірсе керек. 

Қорқыттану.  «Қорқыт  кім  болған?  Ол  заманында  қандай  саяси  және  қоғамдық 

қызмет атқарды, тарихта болған нақтылы тұлға ма, әлде қиялдан шыққан діни, көркемдік 

бейне ме?» деген сұрақтарға жауап іздегенде бүгінгі күнге жеткен ауызша және жазбаша 

көптеген деректерді қамтуға тура келеді. Дегенмен, нақты бір тұжырым жасау да қиындық 

тудырады.  Себебі,  Қорқытқа  қатысты  мәліметтерде  шындықтан  гөрі  аңыздық  сипат 


басым. Деректер Қорқытты сегіз қырлы, бір сырлы, қасиеті мен қызметі жан-жақты тұлға 

етіп көрсетеді. Ол – бақсы, болашақты болжайтын сәуегей, көріпкел әулие, асқан күйші, 

емші,  жырау  (озан,  ұзан),  ру  мен  тайпа  кеңесшісі,  уәзір,  ислам  дінінің  жақтаушысы. 

Қорқыт  есімімен  тікелей  тіркесіп  қолданылатын  анықтамалар  -  «ата»,  «деде»,  «әулие», 

«дана» сөздері. Сонымен қатар, сирек те болса қолданылатын «пір», «баба», «ер» сияқты 

теңеулер  бар.  Осы  атаулар  мен  теңеулерді  зерделей  келе,  белгілі  түркітанушы  ғалым 

Ш.Ибраев:  «Шығыстан  Батысқа  дейін  ұлан-ғайыр  жерге  созылып  жатқан  қазіргі  түркі 

халықтарының  ауызша  және  жазба  деректерінен  орын  алған  бұл  анықтамаларда 

қайшылықтар бар. Алдымен екі дінге – тәңірлікке де, исламға да құлшылық еткен адамды 

көреміз.  Ол  аз  болса,  Қорқыт  –  бір  жағынан  –  ру-тайпаның  мүддесін  қорғайтын  адам, 

екінші  жағынан  –  жалпы  біртұтас  мемлекеттің  саяси  қайраткері.  Бұл  ұғымдарды  бір 

кісінің  бойына  үйлестіріп,  тарихи  бір  мезгілге  сыйдыру  мүмкін  емес.  Бірақ,  осы 

деректерді  тарихи  сатылары  бойынша  қоғамдық-әлеуметтік  құбылыстармен,  саяси 

өзгерістермен  сабақтастыра  отырып,  нақтылы  тарихи  адамның  өзін  емес,  ол  туралы  ел 

санасындағы  ұғымды  мезгілдік  шекарасы  бойынша  созып  қарайтын  болсақ,  онда  белгілі 

бір  пәтуаға  келуімізге  болады.  Бұл,  түптеп  келгенде,  Қорқыт  бейнесінің  халық 

түсінігіндегі эволюциясы болып шығады» деген тұжырым жасайды [7]. 

Ортағасырлық  тарихшылар  Рашид  ад-Дин  мен  Әбілғазының  деректерінде  Қорқыт 

өте ұзақ жасаған, яғни, екі жүз тоқсан бес жыл өмір сүрген делінеді. Бұл жерде де халық 

өз  жадындағы  абыз  бейнесін  бірнеше  ғасыр  бойында  әртүрлі  оқиғаларға  қатыстырып 

суреттеу  арқылы  екі  дін  арасындағы  қарама-қайшылықты  көрсеткісі  келсе  керек. 

Сонымен  қатар,  тәңірлік  діндегі  бақсылар  ұзақ  жасайды,  өлмейді  деген  түсінік  те  әсер 

еткен болуы мүмкін.  

«Қорқыт нақты қай ғасырда өмір  сүрген?» деген сұраққа келгенде ғасырлар бойы 

ел  аузында  айтылып,  XVI  ғасырда  хатқа  түсірілген,  бұл  күндері  күллі  түркі  әлемінің 

рухани құнды мұрасына айналған «Қорқыт Ата кітабына» соқпай өте алмаймыз.  

«Қорқыт Ата кітабы»  - Қорқыт заманының таным-түсінігін, саяси-әлеуметтік хал-

ахуалын көрсететұғын аңызы бен ақиқаты қатар өрілген эпостық шығарма. Шығармадағы 

баянның  барлығында  дерлік  Қорқыт  батагөй  қарт,  қасиеті  мол  әулие,  ел  тұтқасы  абыз 

бейнесінде  суреттеледі.  «Қорқыт  Ата  кітабының»  екі  нұсқасы  бар:  біріншісі  –  Дрезден 

(Германия), екіншісі – Ватикан (Италия) нұсқалары. Дрезден нұсқасында 12 түрлі сюжет 

болса, Ватикан нұсқасында 6 сюжет. Шығарма қазіргі таңда көп тілге аударылған. Көбірек 

зерттелгені  –  Дрезден нұсқасы.  Кітаптың кіріспесі  Қорқыт  Ата  айтқан  екен  деген  нақыл 

сөздермен басталады. Қорқыт мұрасын зерттеген көрнекті ғалым Ә.Қоңыратбаев «Қорқыт 

Ата кітабына» жинақталған жырларды ондағы шежірелік баяндауға сай үш кезеңге бөледі:  

1.  Оғыз-қыпшақ  ұлысының  ұйымдасу  кезеңін  суреттейтін  жырлар.  Оған  «Бамсы 

Байрақ»,  «Дирсе  хан  баласы  Бұқаш  батыр»,  «Қан  Төрәлі»,  «Домрул»,  ішінара  «Бисат» 

жырлары жатады. 

2.  Түркімендер  мен  печенег  тайпалары  арасындағы  34  жылға  созылған 

алауыздықты  суреттейтін  жырлар.  Оған  Қазан,  оның  баласы  Ораз  жайындағы  үш  жыр, 

Екрек, Секрек, Имран жырлары жатады. 

3.  Оғыз-қыпшақ  ұлысының  ыдырауын  білдіретін  жырлар.  Оған  ішкі  оғыздарға 

қарсы бас көтерген Аруз жыры, сонымен қатар, Бисат, Домрул, Имран, Бұқаш жырлары да 

жатады. 


Ғалым Қорқыт жырларын зерделей келе: «Қорқыт жырларының арғы тегі IX-X ғғ. 

Сыр  бойындағы  Жанкент  маңында  туған  болса,  онда  оғыз-қыпшақ  ұлысының  тууы, 

пешене  мен  түрікмен  арасындағы  соғыстар  (922-956),  одан  соң  Жанкент  ханы  шах 

Мәліктің 1043 жылы Сырдан кетуі суреттелсе керек. Сонда біз бұл жырлардың бастапқы 

сюжеттерін  көп  заман  көшпелі  болып,  шаманизмге  табынған,  қобыз  культіне  сиынған 

оғыз-қыпшақ ұлысы заманында туған, сондықтан ол жырлар сол ұлыстың құралу, ыдырау 



тарихын  баяндайды  дейміз.  Жыр  сюжеті  XV  ғасыр  басында  прозаға  айналып,  Кавказда 

хатқа  түскендіктен  жер-су,  қала  аттарына  көптеген  өзгерістер  енген.  Бірақ  ономастика, 

этнос,  шаманизм,  көшпелі  салт,  патриархалдық  ұғым  (атаға  сиыну),  тотемизм  XI 

ғасырдағы  Кавказ  түріктері  емес,  X  ғасырдағы  оғыз-қыпшақ  ұлысына  тән»  деген 

қорытынды жасайды [8].  

Ә.Диваев 1899 жылдың 27-желтоқсанында арнайы келіп, Қорқыт мазарын екі рет: 

бірін су жиегінен, екіншісін Сырдария мұзының үстінен суретке түсіріп алып, «Сырдария 

суымен  бірте-бірте  жуылып  бара  жатқан  Қорқыт  мазары  өзінің  ең  соңғы  күндерін 

өткізуде, оның қос суреті бұл мазар туралы бірден-бір тарихи ескерткіш» деп жазған [9].  

Академик В.В. Бартольд «Қорқыт Ата кітабының» Дрезден нұсқасын көшіріп алып, 

1922-1925  жылдар  аралығында  аударып  шығады.  Алғашқы  5  тараудың  түрікше  тексті 

1910  жылы  «Записки  Восточного  отделения»  журналында  жарияланады.  Ал  аударма 

түзетіліп,  толықтырылып  1950  жылы  Бакуде  «Деде  Коркут»,  1962  жылы  Мәскеу 

қаласында «Книга моего деда Коркута» деген атпен орыс тілінде жарық көреді. 

1815  жылы  неміс  ғалымы  Х.Ф.  Диц  Дрезден  кітапханасынан  «Қорқыт  Ата 

кітабының»  12  жырдан  тұратын  нұсқасын  тауып,  оның  сегізінші  жырындағы  «Бисаттың 

Депегөзді (Төбекөзді) қалай өлтіргені туралы» жырды аударып басқаннан кейін бұл жазба 

эпосқа  дүниежүзі  ғалымдары  назар  аудара  бастады.  Оның  әйгілі  грек  эпосы  «Одиссея» 

сюжетіндегі  циклопқа  (жалғыз  көз)  байланысты  болуы  бұған  елеулі  дәрежеде  қозғау 

салды [10]. 

 «Қорқыт Ата кітабын» зерттеуде итальян ғалымы Е.Россидің еңбегі ұшан-теңіз. Ол 

Ватикан  кітапханасынан  аталмыш  эпостың  тағы  бір  нұсқасын  тауып,  1956  жылы  оны 

итальян  тіліне  аударып,  Дрезден  және  Ватикан  нұсқаларының  факсимилиесімен  бірге 

жариялайды. 

Қазақ сахарасында ежелгі заманның асқан данасы Қорқыттың толғау айту дәстүрін, 

оның  эпикалық  жырын,  күйін,  сарынын,  нақыл-сөздерін  мұра  етіп,  оны  біздің 

заманымызға жеткізген жыраулар, ойшыл адамдар аз болмаған. 

Қорқыттың  мұрасына  ие  болған  саңлақ  кісілерді  Ә.Х.  Марғұлан  былайша  бөліп 

көрсетеді:  

1) ежелгі бақсы - жыраулар (Қойлыбай, Балақай, Қарамырза, Нысан абыз);  

2) қобызбен күй шерткен атақты күйшілер (әл-Фараби, Кетбұқа, Досжан, Өтеболат, 

Қанқожа Уәлиханов, Құрманғазы, Ықылас т.б.) 

3)  болжал  айтумен  халықты  ойға  түсірген  жыраулар,  шешендер  (Сыпыра  жырау, 

Асан ата, Қазтуған, Шалкиіз, Әнет баба, Бұқар жырау, Тәтіқара, Майлықожа);  

4)  Қорқыт  дәстүрі  бойынша  қобызбен  жыр  тасқынын  ағылтқан  құйылма  ақындар 

(Жанақ,  Сабырбай,  Найман  бала,  Жұмағұл,  Базар  жырау,  Ерімбет  жырау,  Абыл  жырау 

т.б.). 

 Ә.Х.  Марғұлан  Қорқыт  Ата  тұлғасы  мен  мұрасын  зерттеуде  халық  аузында 



сақталған  аңыздарды  жырға  қосып,  ұрпақтан  ұрпаққа  жеткізуде  жыраулардың  атқарған 

рөлін  жоғары  бағалай  келіп,  Сыр  бойының  сүлейлері  атанған  Базар  жырау,  Қарасақал 

Ерімбет,  Тұрымбет  Салқынбайұлы  сынды  шайырларды  және  Сарыбай  Кұлназар,  Ахмет 

Назарұлы,  Әлқуат  Қайнарбайұлы  сияқты  көкірегі  шежіре  көне  көз  қарияларды  атап 

көрсетеді. 

 

Базар жырау Оңдасұлы өз толғауларында Қорқытты жырлағанда:  



Жалғаншы, бір қорқытып, бір толқыттың, 

Әмменің аждаһадай бәрін жұттың. 

Әуелде құшақтасып дос болып ек, 

Достықты бұл кездері неге ұмыттың? 

Болсын деп аз күн әуре алдарқатып, 

Жастықта жамылшылап бетке тұттың. 



Қарыштап қусам-дағы, дүние, сені, 

Керімі келген шығар ер Қорқыттың,- дейді [11]. 

Ал  жырау  Сарыбай  Құлназар  Қорқыттың  өлімнен  қашқанын  суреттей  келіп, 

былайша толғаған екен:  

Өлімнен қырық жыл бұрын Қорқыт қашқан,  

Қазылған көрді көріп қатты сасқан.  

Тағдырдың тақымына тәнті болмай,  

Ажалмен арпалысып жанталасқан.  

Өлімнен Қорқыт қашқан қырық жыл бұрын, 

Арбасқан бейопаның болжап сырын.  

Ажалға амал тауып құтылсам деп,  

Тағдырға тәнті болмай келген қырын [12]. 

Қорқыт сарынын шалқыта тартатын атақты күйшілер қатарында Сыр бойында өмір 

сүрген  Соқыр  абыз  деген  кісі  болған.  «Ол  әрбір  базар  күні  қалаға  келіп,  өзінің  ескі 

қобызымен  «Қорқыттың сарынын» тартып отыратын еді. Ол бақсының тартқан «Қорқыт 

күйін» бүгінде ешбір күйші тарта білмейді» дейді Ә.Х. Марғұлан.  

Бүгінгі күні бізге мұра боп жеткен Қорқыт күйлері: «Қорқыт», «Башпай», «Аққу», 

«Тәңір  күйі»,  «Желмая»,  «Елім-ай»,  «Әуппай»,  «Ұшардың  ұлуы»,  «Қорқыт  сарыны-1», 

«Қорқыт сарыны-2» т.б [13]. 

1980 


жылы 

мемлекет 

және 

қоғам 


қайраткері 

Елеу 


Көшербаевтың 

ұйымдастыруымен    Қазақ  КСР  Ғылым  академиясының  ғылыми  қызметкері,  архитектор 

Бек  Ыбыраевтың  жобасы  бойынша  Қармақшы  жерінде  аты  аңызға  айналған,  орта  ғасыр 

ойшылы, күй атасы Қорқыт баба ескерткіші орнатылды. 

Барша түркі дүниесіне ортақ тұлға, сар даланы қобыз үнімен тербеткен күй атасы 

Қорқыттың  Сыр  топырағында  өмір  сүріп,  мәңгілік  тыныштығын  осы  мекеннен  табуы 

киелі  өңірдің  қасиетін  одан  әрі  арттыра  түсетіні  рас.  Мыңжылдық  өркениеттер  мен 

теңдессіз  мәдениеттердің  ошағы  болып  табылатын  Сыр  өңірінің  тарихында  ғана  емес, 

рухани дүниесінде де ойып орын алатын Қорқыт тұлғасы мен тағылымын тану, зерттеу, 

насихаттау және оны мақтан ету – осы өлкеде туып-өскен әрбіріміздің парызымыз. 

 

ТҮЙІНДЕМЕ 

 

Мақала бүкіл түркі дүниесіне ортақ ұлы тұлға Қорқыт Атаның тарихи және рухани 



тұлғасын  зерттеуге  арналған.  Автор  Қорқыт  Ата  жайлы  халық  жадында  сақталған 

аңыздарды  жинақтап,  саралай  келе,  ондағы  Қорқыт  бейнесінің  тарихилығын, 

шынайылығын анықтауға тырысады. Сонымен қатар, мақалада қорқыттану мәселелеріне 

де баса назар аударылады. 

 

РЕЗЮМЕ 

 

Статья  посвящена  изучению  исторического  и  духовного  образа  великого 

мыслителя  тюркского  мира  Коркыт  Ата.  Автор  анализируя  легенды,  сохранивщихся  в 

памяти  народа,  пытается  определить  историчность  и  реальность  образа  Коркыт  Ата. 

Также в статье уделяется особое внимание проблемам коркытоведения. 

 

 



SUMMARY 

 

The article dedicated studying of the historical and spiritual image of the great thinker of 

the Turkic world Korkyt Ata. Author analyzing legends preserved in the memory of the people, 


try  to  determine  the  historicity  and  reality  image  Korkyt  Ata.  In  the  article  devote  special 

attention to the problems of historiography of Korkyt studies. 

 

 

Кілт  сөздер:  Қорқыт  Ата,  түркі  дүниесі,  аңыздар,  қорқыттану,  тарих,  оғыздар, 

ойшыл 


 

Ключевые слова: Коркыт Ата, тюркский мир, легенды, коркытоведение, история, 

огузы, мыслитель 

 

Keywords:  Korkyt  Ata,  Turkic  world,  legends,  Korkyt  studies,  history,  Oguz  tribes, 

thinker 


 

 

Пайдаланылған әдебиеттер: 



 

1.

 



Ибраев Ш. Қорқыт һәм «Қорқыт Ата кітабы»: ақиқат пен аңыз. // Базар жырау. 2012. 

№1. 56-бет. 

2.

 

Исабеков  Д.  Қорқыт  қасіреті.  //  Қорқыт  және  ұлы  дала  сазы.  Алматы,  2011.  10-11 



беттер. 

3.

 



Сонда, 12-бет. 

4.

 



Марғұлан Ә.Х. Ежелгі жыр-аңыздар. Алматы, 1985. 

5.

 



Айдосов А.Х. Қорқытнама. Алматы, 1997. 9-бет. 

6.

 



Марғұлан Ә.Х. Ежелгі жыр-аңыздар. Алматы, 1985. 

7.

 



Ибраев Ш. Қорқыт һәм «Қорқыт Ата кітабы»: ақиқат пен аңыз. // Базар жырау. 2012. 

№1. 60-бет. 

8.

 

Қорқыт Ата кітабы. Алматы, 1986. 5-бет. 



9.

 

Қоңыратбаев Т. Ертедегі ескерткіштер. Алматы, 1996. 145-бет. 



10.

 

Ибраев Ш. Қорқыт һәм «Қорқыт Ата кітабы»: ақиқат пен аңыз. // Базар жырау. 2012. 



№1. 64-бет. 

11.


 

Базар жырау Оңдасұлы. Біз едік – бір кездегі бақтың гүлі. Алматы, 2008. 73-бет. 

12.

 

Марғұлан Ә.Х. Ежелгі жыр-аңыздар. Алматы, 1985. 130-бет. 



13.

 

Күзембай С. Қорқыт Ата және қазақстың көне музыкалық фольклоры. // Қорқыт және 



ұлы дала сазы. Алматы, 2011. 72-бет. 

 

 



 

 

 



 

 

 



Каталог: media -> upload -> 4232 -> 2015
upload -> ТӨленова зирабүбі Маймаққызы, Қр бғМ ҒК
upload -> С. Мәжитов Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Пікір жазған К. Л. Есмағамбетов
upload -> Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына қазақ сайлаушыларынан аманат (1917 ж.) Серікбаев Е. Қ. М. Х. Дулати атындағы ТарМУ, т.ғ. к.,доцент
upload -> АҚТӨбе облысының тыл еңбекшілері ұлы отан соғысы жылдарында
upload -> Ұлы отан соғысы жылдарындағы мұнайлы өҢір а. Ж. ƏБденов
upload -> Ж. Е. Жаппасов XVI-XVIII ғҒ. ҚАзақ-орыс
upload -> Жоба бакалавриаттың тарихшы емес мамандықтары үшін
2015 -> 12. Мультимедиа 12 Библиотека 12 Научные статьи и публикации
2015 -> 12. Мультимедиа 12 Библиотека
2015 -> Ілияс Жансүгіров. Ақын өмірінің соңы Бүгін «қазақ поэзиясының Құлагері»


Поделитесь с Вашими друзьями:


©emirsaba.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет