12. Мультимедиа 12 Библиотека



Pdf көрінісі
Дата03.03.2017
өлшемі261,65 Kb.
#6444

 

 

12.Мультимедиа  

12.5.Библиотека 

12.5.3. Научные статьи и публикации  

 

 

 

ҚОРҚЫТ - ТАРИХИ ТҰЛҒА 

ТЛЕУМБЕТОВА ГҮЛМИРА ЕЛУБАЙҚЫЗЫ  

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті 

"Музыкалық білім және дәстүрлі музыка өнері" кафедрасы  

 

 Бүкіл әлемде асқан даналар, ұлылар көп-ақ. Сыр бойында да осындай атақ-даңққа ие 

болған  даналар  жеткілікті.  Сондай  кемеңгерлердің  бірі  -  Қорқыт  ата.  Үлкен  ақын,  асқан 

күйші,  ел  басқарған  көсем,  адам  өмірін  ұзартудың,  оны  мәңгі  жасатудың  емін  іздеген 

данышпан,  сол  бағытта  әлем  құпиясын  ашуда  ой  толғап,  терең  болжамдар  айтқан 

философ. Ол қара қобызынан күй сарнатып, табиғаттың тылсым сырларымен тілдесіп, өз 

дәуірінде халықтың бірлігін, татулығын, тұтастығын сақтауда даралана танылған ірі тұлға. 

Қазақ халқына мейлінше кең танымал болған тамаша аңыздардың бір тобы Қорқыт атына 

байланысты.  Кезінде  елдің  ақылгөй  данышпаны,  көреген  көсемі,  болашақты  болжайтын 

сәуегей,  ақын-жырау  сазгері,  тәуіп  санаған  Қорқыттың  есімі  мен  өнегесі  мың  жылдан 

артық  уақыттан  бері  ұмытылмай,  әсіресе  әрбір  буынның  санасына  дарып  келеді.  Ал 

Қорқыт  аңыздары  сонау  VII-ХII  ғасырлар  тұңғиығына  бастайтын,  көптеген  кәделі 

шындықтардың көзін ашатын жәдігер. 

Тарихи тұрғыда мойындалған тұлға – Қорқыт ата айтты деген нақыл сөздер, Қорқыт 

есімімен байланысты аңыз-әфсаналар мен жырлар еш уақытта маңызын жойған емес. VІІ-

VІІІ  ғасырларда  Сырдария  бойын  мекен  еткен  оғыз-қыпшақ  тайпалары  арасында  туып, 

өмір  сүрген,  мәңгілік  өмірді  аңсап,  халқына  бақытты  ғұмыр  іздеп,  дүниені  шарлаған, 

артында мәңгі өшпес орасан бай мұра қалдырған және осындай аңыз кейіпкері һәм тарихи 

тұлға,  әлемге  әйгілі  болған  Қорқытты  зерттеу  ісімен  айналысқан  шетелдік  ғалымдардың 

ішінде 


Э.Росси, 

Г.Ф.Диц, 

В.В.Бартольд, 

 

В.М.Жирмунский, 



А.Н.Кононов, 

А.Н.Самойлович, 

В.В.Вельяминов-Зернов, 

К.А.Иностранцев, 

А.Ю.Якубовский, 

Х.Г.Көроғлы,  Э.Мухаррем,  О.Ш.Кокжай,  т.б.,  қазақ  ғалымдарынан  Ш.Уәлиханов, 

М.Әуезов,  Ә.Марғұлан,  Х.Сүйіншәлиев,  Ә.Қоңыратбаев,  Б.Ысқақов,  М.Байділдаев, 

Ш.Ыбыраевтар,  т.б.  болды.  Бұлардың  ішінде,  әсіресе,  қорқыттануға  айрықша  зор  үлес 

қосқан өзі археолог, өзі этнограф, өзі мәдениеттанушы және әдебиеттанушы ғалым Әлкей 

Хақанұлы  Марғұланның  болжамды  пікірлері,  дәйекті  тұжырымдары  мәдениеттану, 

өнертану,  әдебиеттану  сынды  ғылым  салалары  үшін  бірден  бір  қажетті,  маңызды 

еңбектер. Себебі, ғалым Қорқыт есімімен байланысты жинаған аңыздарды, Қорқыт айтты 

деген  тәрбиелік-философиялық  мәні  терең  нақыл  сөздерді,  Қорқыт  тартқан  күйлерді, 

«Қорқыт  ата  кітабындағы»  ерлік  жырларды  жан-жақты  талдай  келе:  «Қорқыт  тарихи 

дәуірлерде Сырдария өлкесін қоныс еткен оғыз-қыпшақ тайпаларының ортасынан шыққан 

қария,  ақылшы  батагөй,  асқан  ақын  (ұзан),  болашақты  болжап  сөйлеген  сәуегей  кісі 

болған [1]» - деп баға береді. 

Түркі  тілдес  халықтарда  қобыз  Қорқыт  есімімен  тікелей  байланысты  екендігі 

көпшілікке мәлім. Қазақтың философиясы тарихында Қорқыт ата – ел бірлігін нығайтқан 

кемеңгер қайраткер, түркі  дүниетанымның негізін жасаған ғұлама ойшыл, әлемдік ақыл-

ой мәдениетінде өзіндік орны бар философ-гуманист ретінде көрінеді. 


Аңыз-әңгімелерде Қорқыт өзінің желмаясына мініп, халыққа мәңгілік бақыт әкелетін 

жерұйықты  іздеген  данагөй  ойшыл.  Ғалым-филолог  Е.  Тұрсыновтың  пікірі  бойынша, 

Қорқыт баба тұлғасы аңыздарда қобыз күйімен көз жұмып, артындағы ұрпақтарына өлмес 

күйлерін қалдырады. 

Белгілі  болған  ғылыми  деректерге  сүйенер  болсақ,  Қорқыт  сегіз  қырлы  бір  сырлы, 

қасиетті  тұлға,  бақсы,  көріпкел,  әулие,  асқан  күйші,  емші,  жырау,  тайпа  кеңесшісі, 

қиындықтарға қарсы тұра білген адам. Бақсылық кез-келген адамға қона бермейтін қасиет. 

Осы  айтылған  бағаларды  ой  елегіне  салып  көргенде  бұл  тұжырымдар  Қорқыт  ата 

бойындағы ардақ тұтар қасиеттерге сәйкес келеді. 

Адам  өмірін  ұзартуды  армандап  өліммен  күрес  жүргізген  Қорқыт  кемеңгер  бұл 

дүниенің  барлық  болмысын,  табиғаттың  ғажайып  құбылысын,  оның  шешуін 

тапқызбайтын  жұмбақ  құпиясын  өзінің  даналық  ойының  болжауына  салып  байқап, 

жоғарыда  сездіргендей,  өмірде  тозбайтын,  солмайтын,  өлмейтін  нәрсе  жоқ  деген 

тұжырым жасайды.

  

Қорқыт  есімі  де,  XIII  ғасыр  бойы  халықтың  мұңы  мен  зарын,  қуанышы  мен 



қайғысын,  үміті  мен  арманын  баяндап,  үні  мен  сарынын  сақтап  келген  қобыз  да,  оның 

әуені де киелі. Сондықтан, Қорқыт десек қобызды, қобыз десек Қорқытты көз алдымызға 

елестетеміз.  Бұл  екі  есім  мен  ұғымды  бөліп  алуға  болмайды.  Қорқытқа  қатысты 

аңыздардың  дені  «Қорқыт  ата  кітабында»  сақталған.  Түркі  халықтарына  ортақ  «Қорқыт 

ата кітабы» көне оғыз тайпасының эпикалық жазба ескерткіші. Кітап оғыздардың өмірін 

баяндайды.  Оғыз,  қыпшақ  тайпаларына  ортақ  тілде  жазылған.  Көшпелі  өмір  салттағы 

бабаларымыздың табынары Тәңірі, сыйынары аруақ, тілдесері  табиғат болса, осылардың 

бәрімен  байланысып,  дәнекер  болатын  тұлға  бақсы  еді.  Білектің  күшімен  енген 

мұсылмандылыққа  ең  ұзақ  қарсыласқан  сол  даланың  өмір  салтына  айналып  кеткен 

Тәңірлік наным-сенім еді. Оның бас тұлғасы бақсы мен құдіретті қара қобызы болатын. 

«Қорқыт Шығыстың ең алғашқы бақсысы» - дейді Шоқан Уәлиханов [2]. Қорқытты 

қадірлеудің  мың  жылдық  өнегесі  Сыр  бойында  сақталған.  Күллі  жыраулардың, 

күйшілердің атасы  – Қорқыт туған жерде жыршы-жыраулардың ежелден қанат жайғаны 

күмәнсіз.  Араға  сан  ғасырларды  салса  да  Қорқыт  күйлері  мен  жырлары  бүгінгі  күнмен 

өзектес,  сарындас.  Кез  келген  өнер  туындысы  әбден  екшеліп,  уақыт  елегінен  өткен 

маңызы  мен  мәйегі  ғана  ел  есінде  сақталары  дәлелдеуді  қажет  етпейтін  қағида.  Осы 

орайда  Қорқыт күйлерінің бүгінгі күнге жетуі баға жетпес байлық екенін айту жөн. 

Әр заманда әлеуметтік құбылыстардың да басы-қасында тарихи тұлға болғаны рас. 

Түрік халықтарының өткен-кеткен тарихында Қорқыттың мәні өзгеше орын алады. Халық 

аңызы  бойынша  өлімнен  қашқан  Қорқыт  қайда  барса  да  «Қорқыттың  көрін»  қазып 

жатқандарға жолығады. «Ол ең ақырында дүниеде өзгермейтін ешнәрсе жоқ, сынбас темір 

жоқ, өтпес өмір жоқ деп, мәңгілік өмірлі халықтың ән-күйінен іздейді» - деп пайымдайды 

академик А.Жұбанов. 

Фольклор үлгілерінде адам өлсе де әуен, өнер өлмейді деген мағына бар. Ол музыка 

күшімен,  қасиетті  қобыз  үнімен  өлімге  қарсы  тұрған  абыздың  тірлігі  арқылы  көрініс 

табады.  Абыздың  өміріне  қатысты  деректерде,  Қорқыт  әфсаналар  қазақ  жерінде  өте  көп 

кездеседі. Бір ғана мысал, Ұлытау өңірінде «Тарғыл тана» деп аталатын тау бар екен. Бұл 

Қорқыт  әңгімелерінде  кездесетін,  ол  қуатын  тарғыл  танаға  байланысты  қойылған  дейді. 

Абыздың «Тарғыл тана» атты күйі де бар. Ал оның ойлап тапқан қобызы өзінің шығу тегі 

жағынан  анағұрлым  ескі,  көне,  байырғы  халықтық  аспап,  тіпті  шығу  тегі  де  ертеден 

басталса керек. 

Қорқыттың  музыкалық  мұрасы  біздің  уақытымызға  дейін  сақталып,  қазір  оның 

оннан  астам  күйлері  белгілі  болып  отыр.  Атап  айтар  болсақ,  олардың  ішінде  мынандай 

күйлері бар: «Қорқыт», «Аққу», «Әуіпбай», «Башпай», «Желмая», «Елім-ай, халқым-ай», 

«Сарын», «Тарғыл тана», «Ұшардың ұлуы». Ол күйлердің он бірі соңғы бақсылардың бірі 


белгілі  қобызшы  Нышан  Шәменұлынан  жазылып  алынған.  Нышан бұл  күйлерді  Қорқыт 

шығармашылығымен  тығыз  байланыстырса  да,  олар  алғашқыда  бақсылардың  зікір 

салғанда  қолданатын  сарындары  болса  керек.  Қорқыт  күйлерінің  формасы  аса  күрделі 

емес,  қысқа  сарынды  шығармалар.  Олардың  музыкалық  арқау-жүйесі  де  қарапайым. 

Күйдің  дамуы  бір-біріне  ұқсас  ырғақ  пен  әуеннің  қосарлана  қайталануынан  құрылған. 

Ырғақ әуені жағынан жоқтауға ұқсас күй сарыны жай жылдамдықта сызылта орындалады. 

Соған  қарамастан,  Қорқыттың  әрбір  күйі  –  әуезді,  сазды,  философиялық  мән-мағынасы 

терең  шығармалар.  Күйші  өз  туындыларында  өмір  жайында  толғанып,  даналық  ақыл-

өсиет  айтады.  Ғасырлар  бойы  Қорқыт  сарындары  бақсы  ритуалдарында  пайдалануына 

байланысты  бақсылық  дәстүрмен  бірге  жоғалып  кетуі  тиіс  еді.  Алайда  Қорқыт  күйлері 

мәңгі  өшпейтін  шынайы  өнер  болғандықтан,  талай  ғасырдан  асып,  біздің  заманымызға 

жетті.  Қазірде  Қорқыт  күйлері  байырғы  музыка  мәдениетіміздің  ескерткіші  ретінде 

теңдессіз  мұраларымыздың  біріне  айналып  отыр.  Уақыт  сынына  төтеп  берген  Қорқыт 

бабамыздың  күйлері  өткен  тарихымыз  бен  бүгінімізді,  жарқын  болашағымызды 

жалғастырып тұрған рухани дәнекер іспетті. 

Ұлы  қобызшы  атанған  Қорқыт  бабаның  VШ-ІХ  ғ.ғ.  тартқан  күйлерін  осы  уақытқа 

дейін  сақтап  жеткізген  қазақ  өнерпаздары  екенін  ерекше  атап  өткен  жөн.  Қорқыт  баба 

аспапты бірсыпыра жетілдірген деп ойлаймыз. Оның тартқан қобызы да, күйлері де, қазақ 

арасында ежелгі түрімен қалыптасып біздің дәуірге жеткен. Тағы да бір көңіл аударатын 

жағдай, Қорқыт - алғаш қобыз жасаған, оның қыл ішегінен жаратылыстың үнін күй қылып 

сөйлеткен кемеңгер. Ол қолына қасиетті аспабын алып, қобыздың құдіретті әуенімен ауру 

мен дертті емдейтін бақсылардың дем беруші піріне айналған. 

Аңыз арқылы жеткен абыздың бойынан ежелгі мәдениетке және оның өкілдеріне тән 

синкреттілік, айтқыштық пен орындаушылық жарасым тапқан. Оның бейнесі нұрлы ақыл 

мен терең сезімді қатар ұстайтын рухани арналармен тоғысады. Қорқыт есімі Түркі тілдес 

халықтардың көбінде неше түрлі аңыздарда айтылады. Қорқыт - күй атасы, жер үстіндегі 

ән-күй атаулының атасы. 

«Жер бетіндегі ең тұңғыш қобызды шырғай ағашынан жасап, күңірене күй шертеді, 

мұң-наласын ақтарып төгеді. Құдіретті күй сарыны бүкіл жер-әлемді қаптап кетеді. Оны 

естіген  барша  жұрт  басын  ала  алмай  тыңдап,  таңырқап  қалады.  Содан  бері  Қорқыттың 

күйі  де,  қобызы  да  жер  бетін  шарлап  кезуде.  Ал  Қорқыт  есімі  қобыздың  ішіндегі, 

халықтың жүрегінде ұмытылмастай болып сақталған» - деп жазады М.Әуезов. 

«Қорқыт» жырларының тегі туралы кейбір қорытындыларда филология ғылымының 

докторы,  профессор  Ә.Қоңыратбаев  былай  деп  жазады:  -  «Қорқыттың  екінші  аңызында 

оның қобызшылық өнері  жөнінде айтылады. Қорқыт тұнғыш рет қобыз ойлап шығарып, 

жалғыз түйесін сойып, терісін соған шанақ етіпті, ат бәйгесіне қобызды қосыпты. Қорқыт 

қобызының нар түйедей боздаған сиқырлы дауысын аңсап, қырық қыз Сырға жаяу кетіп, 

бәрі де шөлден өліпті, озып келгені - Ақсақ қыз болған екен дейді. Сол 40 қыздың мазары 

Қарақұмда дейді. Бірақ біз үшін, Қорқыттың артында қалдырған жырлары мәндірек. Бұл 

тұста ол жай күйші, бақсы болып қала алмайды» [2]. 

ІХ-Х  ғасырда  бір  өзі  оғыздардың  12 түрлі  эпостық  жырларын  тудырған.  Ол  көбіне 

заңғар ақын, үлкен импровизатор, жырау болып көрінеді. Сондықтан біз Қорқытты бүкіл 

түркі тайпалар эпосының атасы, соның алғашқы үлгісін жасаған үлкен айтушы, күйші деп 

білеміз. 

Қорқыт барлық ақын-жыраулардың, жыршылардың, күйшілердің, бақсылардың ұлы 

ұстазы  ретінде  саналған.  Ол  –  қара  қобызды  бүкіл  түркі  жұртының  әруақты  аспабына 

айналдырған ұлы күйші, түркі музыка өнерінің негізін қалаушысы. Қорқыт - қазақ үшін ең 

алдымен  күй  атасы,  қобызда  күй  шалу  дәстүрін  алғаш  орнықтырушы.  «Қазақ 

философиясы  тарихында  Қорқыт  –  ел  бірлігін  нығайтқан  кемеңгер  қайраткер,  түркі 

дүниетанымның  негізін  жасаған  ғұлама  ойшыл,  әлемдік  ақыл-ой  мәдениетінде  өзіндік 



орны бар философ-гуманист ретінде де көрінеді. Қорқыт ата жайындағы аңыздардан оның 

бойындағы  үш  түрлі  өнер  ерекше  айқындалады.  Бірінші  ол,  оғыз  қыпшақ  ұлысынан 

шыққан  айтулы  бақсы,  абыз.  Екіншіден  —  күйші,  қобыз  сарынын  алғаш  туындатушы 

өнерпаз.  Үшіншіден  —  әйгілі  жырау,  оның  жырлары  оғыз  –  қыпшақ  өмірін  бейнелеген 

әдеби –тарихи мұра». 

Бұрынғы  бақсылар  өздеріне  ұлы  ұстаз  ретінде  пір  тұтып,  Қорқыт  бабамыздың 

күйлерін аңырата тартып оның аруағына сыйынып отырған екен. Ал, бақсыны Тәңірімен 

тілдестіретін  аспабы  —  қобыз  еді.  Ғасырлар  бойы  қыл  қобызды  қолдануы  тек  қана 

бақсылардың  адамдарды  емдейтін,  тәуіптік  функциясымен  ғана  шектелмеген,  солармен 

қатар бұл аспапта музыканы эстетикалық тағылымы жағынан түсініп ойнайтын. 

Қорқыт  күйлеріне  терең  философиялық  тебіреніс,  элегиялық  көңіл-күй  мен  майда 

қоңыр лиризм тән. Күйші шығармаларында халқы мен елінің тағдырын, болашағын ойлап, 

көкірегі  қарс  айырыла  қамығады,  адамдардың  қайғы-қасіретіне  ортақтасып,  мұң-шерін 

бөліседі.  Өмірдің  мәні,  бақытты  ғұмыр  жайында  тебіреніп  ой  толғайды.  Күйші  қобызы 

бірде  тағдырдың  қайғы-мұңын  шертіп,  ботадай  боздайды,  бірде  мәңгілік  өмір  мен 

сұлулық жырын төгіп, аққудай сызыла сұңқылдатады.  

Қорқыт күйлері - формасы өте күрделі емес, қарапайым қысқа сарынды шығармалар. 

Басқа күйлерімен салыстырғанда, "Қоңыр" және "Қорқыт" күйлері көлемдірек, формалары 

күрделі. Қобыз аспабының өзін ескінің көзі деп қарасақ, аңыздардың арасында ең ерекше 

орын алатыны Қорқыт атаның елге жайылып, күй атасы атануы. Бұл аңыздардан біз қобыз 

аспабы мен қобызда ойнау өнерінің қай заманда қалыптасып, аспаптың музыка саласының 

қай дәуірден бері белгілі болып келгенін аңғарамыз. Қорқыт өмір сүрген дәуірде қобызда 

күй  тарту,  ол  аспап  үшін  шығармалар  шығару  дегеніміз,  бұл  өнердің  сол  кездің  өзінде 

өркендеп  кең  құлаш  жайып,  дәстүрге  айналғаны  ғой.  Сол  кездегі  сарындарды,  күйлерді 

орындау  әдістеріне  байқап  қарасақ,  бұл  күйлер  орындаушылардан  белгілі  шеберлікті 

қажет  ететінін  байқаймыз.  Көркем  күйлерді  кемеліне  келтіре  ойнау,  оны  халық  сүйіп, 

тыңдайтын дәрежеге жеткізу үшін де қобыздың мүмкіншілігі мол болуы керек. 

Демек, қобыздың сол Қорқыт өмір сүрген дәуірдің өзінде-ақ, аспап болып қалыптасу 

деңгейінің жоғары болғаны ғой деп ойлаймыз. Әрине, қобызшының шеберлігінің ашылуы, 

оның  орындау  өнерінің  аңызға  айналуы-қобыздың  ойнау  әдісінің  жетіліп,  оның  аспап 

болып қалыптасуына байланысты екені айқын.   

Қазақ фольклоршыларының ішінде алғаш «әфсана» терминін жанрлық атау ретінде 

танып қолдана бастаған белгілі  ғалым Ә. Х. Марғұлан. Бірақ,  ол әпсананы фольклорлық 

жанр ретінде арнайы қарамаған. Бұл ретте тұңғыш рет әпсанаға дербес жанр ретінде ден 

қойып, жан-жақты сипаттап берген фольклоршы — С.Қасқабасов «Әпсана — хикаят деп 

кейде  ертеде  болған  бір  оқиғаны  көркемдей  баяндайтын,  бірақ  көбінесе  ойдан 

шығарылған, иә болмаса кітаби және діни сюжетті әрлеп, әсірелеп, әңгімелейтін прозалық 

шығармаларды  айтамыз».  Осы  сияқты  әфсаналардың  тарихи  түрлеріне  сай  келетін 

аңыздарының  бір  парасы  —  Қорқыт  жайындағы  аңыз-әңгімелер.  Қорқыт  күйлерінің 

басым көпшілігінің аңыз-әңгімесіне әпсаналық сипат тән болып келеді. 

Ә.Марғұланның  Қорқыт  мұрасын  зерттеудегі  тағы  бір  үлкен  саласы  -  қазақтың 

халық музыкасындағы Қорқыт дәстүрін саралауы. Ғалым «Қорқыт - Әл-Фарабидің жерлес 

атасы, оның тарихи заманындағы ұстазы. Қазақ аңыздарында Қорқыт қазақтың күй атасы, 

қазаққа  ән,  күй,  музыка  үйретуші  [1]»  -  деп  Қорқыттың  өнердегі  биік  орнын  бағалай 

отырып,  халық  музыкасында  Қорқыттан  қалған  мұраларға  (оның  ішінде  «Қорқыт  күйі», 

«Қорқыт сарыны, «Қорқыт толғауы», «Тәңірі биі» күйлерінің) тоқталып, Қорқыт сазы ұзақ 

ғасырлар  бойы  аңызға  айналып,  қазақтың  халық  ән-күйіне,  оның  жырына  негіз 

болғандығын  дәлелдейді.  Қорқыттың  қобызбен  күй  тартуы  туралы  мәліметтерді 

Ә.Марғұлан  қазақ  аңыздарынан  табады:  «Аңыз  бойынша  Қорқыт  атақты  күйлерін  Сыр 

суының  бетіне  төсеген  кілемнің  үстінде  отырып  шығарған  [1]».  Сонымен  қатар,  атақты 



қобызшылар мен бақсылар туралы да қызықты деректер келтіреді. Ғалымның Қорқыттан 

қалған дәстүрді жан-жақты жинақтап талдай келе, Қорқыт атымен байланысты осы күнге 

дейін  Қазақстан  жерінде  кездесетін  жер-су  аттарын  да  тамаша  етіп  әңгімелейді.  «Бұл 

атаулардың  шығуына  тарихи  негіз  ерте  замандағы  оғыз  тайпаларының  Сырдария  мен 

Торғай даласының арасында көшіп жүруінен болу керек. Екінші бір себеп – судың ағыны 

мен  музыканың  толқыны  үндес  шығып,  тыңдаушыға  өмірдің  үзілмес  ағыны  болып 

естілген.  Оларда  күйді,  музыканы,  жырды  ең  алдымен  судың  ағынынан,  желдің  үнінен, 

боранның  өксіп  соғуынан  үйрену  керек  деген  ұғым  болған  [1]»  -  деген  пайымдауын 

келтіріп, «ақын» сөзінің «ағын» дегеннен шығуы мүмкін екендігін болжайды.  

Ежелгі  қазақтың  «қара  қобызы»  біздің  заманымызға  өзімен  бірге  көптеген  ән-күй 

туындыларын  ала  келді.  Бізге  жеткен  қобыз  күйлері  ұлттың  мәдениетімен,  тарихи 

тағдырмен сабақтасып жатыр. Бірқатар қобыз күйлерінде жануарлардың ұлуы, құстардың 

қанат  қағып  ұшуы,  аттың  шабысы  сияқты  дыбыстарға  еліктеу  тән.  Қобыз 

шығармаларының тағы бір тобы — эпикалық тақырыпқа арналған күйлер. 

Сонымен  қатар  әр  бақсының  зікір  салғанда  қолданатын  сарындары  музыка 

мәдениетінде ерекше орын  алғаны белгілі. Ұмытыла бастаған өнерді  дәріптеп, оның бар 

қасиеттерін халыққа жеткізе білу, оның сыр-сипатын ашып көрсету болашақ ұрпақ үшін 

өнегелі іс болып табылады. Бүгінде бізге Қорқыттың 20-дан астам күйлерінің аты белгілі, 

бірақ нотаға түсіріліп бізге жеткені 11 күй. Арада сан ғасыр замандар өтсе де, атадан мұра 

болып  қалған  Қорқыт,  Ықылас  күйлері  дәлелденіп,  ұмытылмай,  күні  бүгінге  дейін 

жеткендігі  қайран  қалдырады.  Көне  мұраның  мұншама  ғұмыры  ұзақ  болуын  ғылыми 

түрде түсіндірген белгілі зерттеуші-ғалым Ә.Марғұлан. 

Осымен  барлық  айтылған  ой-толғам,  болжам,  нақты  мәліметтерді  түйіндейтін 

болсақ Қорқыт - Сыр бойынан шыққан кемеңгер тарихи тұлға. 

 

Халқымыздың атадан балаға тараған шежіресі бойынша, қазақ топырағында музыка 



өнерінің  тууы  Қорқыт  есімімен  тығыз  байланысты.  Қорқыт  есімі  XIII  ғасыр  бойы 

халықтың мұңы мен зарын, қуанышы мен қайғысын, үміті мен арманын баяндап, үні мен 

сарынын  сақтап  келген  қобыз  да,  оның  әуені  де  киелі.  Қорқыт  күйлеріне  терең 

философиялық  тебіреніс,  элегиялық  көңіл-күй  мен  майда  қоңыр  лиризм  тән.  Күйші 

шығармаларында  халқы  мен  елінің  тағдырын,  болашағын  ойлап,  көкірегі  қарс  айырыла 

қамығады,  адамдардың  қайғы-қасіретіне  ортақтасып,  мұң-шерін  бөліседі.  Қазақ 

аңыздарында  Қорқыт  қазақтың  күй  атасы,  қазаққа  ән,  күй,  музыка  үйретуші  [1]»  -  деп 

Қорқыттың өнердегі  биік орнын бағалай отырып,  халық музыкасында Қорқыттан қалған 

мұраларға (оның ішінде «Қорқыт күйі», «Қорқыт сарыны, «Қорқыт толғауы», «Тәңірі биі» 

күйлерінің) тоқталып, Қорқыт сазы ұзақ ғасырлар бойы аңызға айналып, қазақтың халық 

ән-күйіне, оның жырына негіз болғандығын дәлелдейді. 

 

Қорқыт күйлері, аңыз-әфсаналар, сарын 



Пайдаланылған әдебиеттер: 

 

1. Ә.Марғұлан. Ежелгі жыр, аңыздар. Алматы. Жазушы, 1985 



2. Ш.Уәлиханов. Таңдамалы. Алматы. Жалын, 1985 

3.  Ә.Қоныратбаев.,Т.Қоныратбаев.  Көне  мәдениет  жазбалары.  Қазақ  университеті. 

Алматы, 1991 

 

 




Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет