12. Мультимедиа



Pdf көрінісі
бет2/4
Дата19.03.2023
өлшемі282,05 Kb.
#75464
1   2   3   4
Қорқыт Ата жайлы аңыздар. Аңыздың алғашқысы Қорқыттың дүниеге келуі 
жайлы. Ол былайша баяндалады: «Қорқыттың әкесі баят руынан шыққан Қарақожа деген 
кісі, анасы Алтыншаш деген қыпшақ тайпасының қызы екен. Анасы Қорқытты 
құрсағында үш жыл тоғыз күн көтеріп жүріпті. Жылда толғақ қысады, бірақ дүниеге 
перзент келмейді. Үш жылдан астам бебеу қаққан байғұс ана ақыры толғақ қысып, 
дүниеге нәресте келеді. Дәл Қорқыт туылатын күні жер-дүние алай-түлей болып, аспанды 
қара бұлт торлап, қатты дауыл соғады. Жұрт ақырзаман болған екен деп қатты қорқады. 
Дүниеге шыр етіп сәби келгенде дауыл да басылып, бұлт та тарап, табиғат мамыражай 
күйге түседі. Бүкіл аймақтағы адамдарға үрей сыйлап дүниеге келген сәбидің атын 
«бәрімізді қорқытып келген бала» деп Қорқыт қойған дейді» [2]. 
Келесі аңыз Қорқыттың қобызы туралы. Қобыз - күй атасы атанған Қорқыт 
бейнесінің ажырамас бөлігі. «Ол әлемге қобызды және қобыз сарынын алып келді. Бүгінгі 
ыспалы аспаптардың барлығы дерлік Қорқыт қобызынан бастау алады» дейді жазушы, 
драматург Д.Исабеков [3]. Аңыздың бірі былайша өрбиді: «Бір күні Қорқытты әулие шал 
оятып: «Сен бір аспап жаса, аспабың алты жасар нар атанның жілігіндей болсын, шанағы 


қарабақырдай болсын, көні аруананың бауыр терісінен болсын, тиегі ортекенің мүйізінен 
болсын, ішегі бесті айғырдың құйрығынан болсын. Аспабыңның аты қобыз болсын», - 
депті. Қорқыт әулие кісі айтқан барлық шартты орындап қобыз жасап, оны қолына алып 
тартып көргенде қара қобыз күңірене күй ойнап шыға келіпті. Ең алғашқы «Аққу» күйін 
тартқанда төбеден ұшып бара жатқан аққу құстар қайта айналып келіп, оның үніне үн 
қосып сұңқылдай жөнелген екен деседі.
Тағы бір аңызда қобызды Қорқыттың қалай шығарғанын былайша баяндайды: 
«Қорқыт бала күнінде дала кезіп, желмаясын мініп, қараңғы түнде елсізде келе жатса, 
алдынан сарнап шыққан бір әдемі үн естіледі. Үн шыққан жерге келсе, айдалада өзінен-өзі 
тартылып жатқан қобызды көреді. Қорқыт желмаядан түсіп, көп уақыт тартылған 
қобыздың сарынын тыңдап отырады. Қобыздың сарыны басылған кезде Қорқыт қобызды 
бауырына басып «бұл енді менікі» деп қатты қуанады. Желмаяға отырып, үйіне алып 
келеді. Ел-елді аралап, ғажайып сұлу күйлер тартып жүреді. Қорқыт бұл қобызбен алғаш 
«Тәңірі күйін», ең соңғы рет «Елмен қоштасу» күйін тартқан екен». Бұл аңызды академик 
Ә.Х. Марғұлан сырбойылық Ә.Қайнарбаевтан жазып алған [4]. Қобызды аққуға ұқсатып 
жасаудың зор тарихи мәні бар. Біріншіден, халықтың сұлулықты сүйетін ой-санасы 
бойынша аққудың даусы - жаратылыстағы құлаққа әдемі естілетін ең сұлу үн. Екіншіден, 
аққу - киелі құс саналған (табу). Қобыздың осы сипатына орай халық арасына аңызбен 
қатар төмендегідей жыр жолдары таралған: 
Қарағайдың түбінен қайырып алған қобызым, 
Үйеңкінің түбінен үйіріп алған қобызым. 
Ақ қайыңның безінен қағып алған қобызым, 
Қара еменнің өзегін ойып алған қобызым. 
Қыл құйрығын тұлпардың ішек қылған қобызым. 
Таутекенің мүйізін тиек қылған қобызым,
Ақ ырғайын қиянның құлақ қылған қобызым, 
Ортекенің терісін сауыт қылған қобызым. 
Ақ түйенің сүтімен сылап алған қобызым, 
Сырыңды ашып, үніңді сынап алған қобызым [5].
Осы қобызды жұрт «Қорқыттың қобызы» деп атап кетеді. Қорқыт тартқан «Тәңір 
күйін» кейде «Зор тәңірі» деп те атайды. Ш.Уалиханов оны «Аллах судья всевышный» 
деп аударған. Ә.Х. Марғұлан «Тәңір күйі», «Қорқыт күйі» сарындарын ортағасырларда 
қобызшылар Кет-Бұқа (XIII ғ.), Қойлыбай (Ұлытау), Нұрғали бақсы (Қошқар ата), оның 
ұрпақтары Қарамырза, Бексейіт (XIX ғ.) атақты қобызшы Дәулет бақсы (Қазалыдан, XIX 
ғ.), Табынбай қобызшы (Сыр бойынан), Мешітбай қобызшы (Ырғыздан), Соқыр абыз 
(Қызылордадан), Берікбай бақсы (Шыңғыстаудан) тартқан деп көрсетеді [6]. 
Қорқыт жайлы ел аузында кең таралған аңыздың бірі Қорқыттың ажалмен 
арпалысы туралы. «Қорқыт жиырма жасқа келгенде оның қырық жыл ғана өмір сүретіні 
туралы ғайыптан аян беріледі. Аз ғана уақыт өмір сүретінін білген Қорқыт жаналғыш 
Әзірейілмен арпалысқа түседі. Қорқыттың жанын алу үшін Әзірейіл алуан түрлі айла-
шарғыға барғанмен, Қорқыт амалын тауып ажалдан құтылып кете береді. Жаналғыш ақыр 
соңында алтын сандық жасатып, Қорқытқа келеді де: «Кір мына сандықтың ішіне» дейді. 
Қорқыт болса: «Мен кіруін кіремін-ау, бірақ мына тар сандыққа қалай сыймақпын? 
Алдымен өзің кіріп көрші»,- депті. Жаналғыш сандыққа кіргенде Қорқыт оның аузын тарс 
жауып, дарияның суына ағызып жібереді. Қорқыт та, халық та өлім дегенді ұмытып, 
бақытты өмір сүре бастайды. Бірақ бұл бақыт көпке созылмайды. Сырдарияның төменгі 
жағында бір балықшы бар екен. Алтын сандық сол балықшының ауына түседі. Балықшы 
ауға іліккен алтын сандықты жағаға шығарып, аузын ашып қалғанда ішінен құтырынған, 
ызалы жаналғыш шыға келеді. Шыққан бойда ашумен балықшының жанын алып, енді 
Қорқыттың соңына түседі. Жаналғыштан енді құтылмасын білген Қорқыт желмаясына 


мініп дүниенің төрт бұрышын аралап ажалдан қашады. Дүниенің қай бұрышына барса да 
алдынан жер қазып жатқан адамдар кездеседі. «Неге қазып жатырсыңдар?» деп сұрағанда 
олардың барлығы «Қорқыттың көрін қазып жатырмыз» деп жауап беріпті. Ажалдан 
құтылмасын білген Қорқыт «су бетінен көр қазылмас» деп желмаясына жапқан кілемін 
Сырдарияның бетіне төсеп, су үстінде қобызынан күй сарнатып ұзақ жылдар отырады. 
Тәңірінің жарылқауымен Қорқыттың кілемі не суға ағып кетпей, не шіріп-тозбай, көп 
заман су үстінде кеме боп қалқып, Қорқытқа ажал келтірмейтін арал болып тұрыпты. 
Қорқыт Сырдарияның сырғып аққан суына қарап, өлім мені қанша қуса да, оны бұл жерге 
келтірмеспін деп, қобызын күңірентіп тарта беріпті. Қорқыттың күйін дүниедегі жан иесі 
түгел ұйып тыңдапты. Аспандағы құс ұшуын, самал жел есуін қойып тыңдапты. Ажалдың 
өзі де Қорқыттың күйіне балқып, оған жақын келе алмапты. Қорқыт осылайша күндіз-түні 
ұйқы көрмей, қобыз тартып, өліммен алысыпты. Көп заман ұйқы көрмей, қалжырап, көзі 
ілініп кетіп, қобыз үні шықпай қалған сәтінде оны аңдыған ажал судан жылан боп келіп, 
шағып өлтіреді. Аңыздың келесі бір нұсқасында ажал оның суға жайған кілемімен бірге 
қарақұрт бейнесінде ілесе келіп, шағып өлтірген делінеді. Бірақ Қорқыт өлгенімен, оның 
ұзақ заман тартқан қобызының күйлері тоқталмапты. Қорқыттың қобызын моласына бірге 
қойған екен, Тәңірінің құдіретімен қобыз өзінен-өзі мұңды күй шертіп, Қорқыттың өзі 
тартқандай сарнап тұратын болыпты. Ертелі-кеш Қорқыт күмбезінің қасынан өткенде 
қобыздың сарнаған дауысынан «Қорқыт-Қорқыт» деген мұңды үн үзілмей шығып 
тұратын болған екен» дейді халық жадында жатталған аңыздардың бірінде. 
««Қорқыт пен өгіз» деп аталатын аңызда ишара түрінде айтылған тарихи 
шындықтың сілемі болуға тиіс» дейді Ә.Х.Марғұлан. Өгіздің қашуы, Қорқыттың оны 
қууы оғыз аңызын еске түсіріп, Оғыз ханның атасынан безіп кеткен жағдайларының 
елесін көрсеткендей болады. Бұл аңыздың бір нұсқасы «Тарғыл тана» деп аталады. Ә.Х. 
Марғұлан Ә.Қайнарбаевтан жазып алған осы аңызды былайша баяндайды: «Қорқыт елсіз 
далада жалғыз өзі желмаясын желдіртіп келе жатқанда алдынан бір «тарғыл тана» дейтін 
аң қашыпты. Оны ұстаймын деп қызығып қуған Қорқыт ұзақ күн оған жете алмайды, 
арасы есік пен төрдей болады да отырады. Әуреленіп сонша қуып жете алмағанына 
ызаланған Қорқыт «осы тарғыл тананы жетіп ұстамасам, жер үстінде тірі жан болып 
жүрмегенім» деп серт айтады. Осы серті оны мәңгілік өмірінен айырады. Сол сәтте тарғыл 
тана бір тас шоқы болады да қалады». Сол тарғыл тас шоқыны қазір «Тарғылдың тауы» 
дейді. Ол Қорқыт жатқан жерден солтүстікке қарай жүз шақырымдай жерде». 
Қорқыт жайлы айтылатын аңыздың тағы бірі - «Қорқыт пен қырық қыз» аңызы. 
Қорқыт қашан дүниеден көшкенше өлімге мойынсұнғысы келмей одан құтылудың жолын 
іздейді. Дүниені кезіп ажалдан қашады. Бірақ қайда барса да алдынан «Қорқыттың көрі» 
шыға берген. Қара жерде тұру қорқыныш бола берген соң, Қорқыт су үстінде тұрып 
көрейін деп, кілемін Сыр суының бетіне төсейді, қарындасын қасына алып, кілемнің 
үстінде отырып, өмірге, еліне, жеріне арнап мұңды күйлер тартады. Сарнап шыққан 
Қорқыттың қобызының даусын естігенде, өзен бойындағы елдер үйінде шыдап отыра 
алмайды. Олар тобымен өзеннің екі жағалауына жиналып, Қорқыттың күйін емірене 
тыңдайды. Қобыздың даусы кешқұрым Сырдариядан алыс жатқан Арқадағы елдерге де 
жетеді. Қобыз даусына еліткен Арқаның қырық қызы Қорқыттың күйін тыңдауға 
құмартып, үйінен жүгіре шығады. Әуелде қобыздың даусы жақыннан шыққандай 
сезілгенмен, қыздар күндіз-түні жүріп жете алмайды. Бетпақтың шөліне кездеседі. Жол-
жөнекей ел таба алмай, отыз тоғыз қыз өкпесі өшіп жолда өледі. Тек қырқыншы қыз 
аяғынан айырылып, Сыр жағасына жетіп, Қорқытты көріп, күйін тыңдап дүниеден өткен 
екен» дейді. Ақсақ қыздың күмбезі Сырдарияның жағасында, Қорқыт Ата күмбезінің 
солтүстігінде, арқа жағында бір шақырымдай жерде биік белестің үстінде тұр.
Аңыздар Қорқыттың жұрттан асқан дана, болашақты болжайтын сәуегей, керемет 
иесі адам болғанын көрсетеді. Ол бір жерде отырмай, дүние кезіп, тіршілікте не жақсы, не 


жаман, соның бәрін көзімен көріп, сынап жүріпті. «Біреу кәрі, біреу жас, біреу мұңлы, 
біреу аш, неге олай? Біреу қыршын жас күйінде дүниеден кетеді, біреу сақал-мұрты 
ағарған кезде дүниеден жоқ болады. Жас туып, дүниеге келеді, қарт өліп, дүниемен 
қоштасады, неге бұлай?» деп күндіз-түні ойға батады. Бірақ ойдың түбіне жете алмайды. 
Қорқыт дала кезіп жүргенде, оның алдынан көкмайса жасыл шөп бүгіліп «ертең қуарып 
бітеміз» дейді. Үлбіреген даланың жауқазын гүлдері «ертең солып бітеміз» деп мұңаяды, 
орманда сұлап жатқан самырсын ағаш өлімге бас иіп «иә, досым, бұл ертең саған да 
келеді» дейді. Даладағы қуарып тұрған қаудан шөп мөлиіп жерге қарап: «А, досым, 
бәріміздің тағдырымыз осы» дейді. Кеудесімен аспан тірейтін асқар таудың өзі де: 
«Тозбайтын дүние, өшпейтін нәрсе жоқ» деп күңіренеді. Оның көз алдында көкте ұшқан 
құс жылайды, көп жасаған қарт жылайды, аспандағы ай жылайды, алты жасар бала 
жылайды. Бұларды көрген соң Қорқыт қалың ойға батып қатты толғанады. Толғанып 
тапқаны қобыздың үні болды, бар ойын, толғауын қобызы арқылы шығаруға бекінді. 
Қорқыттан бұрын қобыз күйін еш пенде білмейтін еді. «Қорқыт - күй атасы» деген ұғым 
осыдан шықты. Қорқыт күйін тартқанда, оның қобызының даусы дүниенің бұрышына 
тарады.
Қобыздың үнін есітіп, 
Аң біткеннің бәрі де
Өре тұрып жүгірді. 
Күй ұқсады Тәңірге,
Алдына келіп жүгінді.
Құстар қақпай қанатын, 
Шығармай үнін қиқулап, 
Күй барады сарындап,
Шалқиды өрт боп дауылдап.
Қара тас та балқиды
Күрең тартып бітісі. 
Күй осылай тебіренді
Ажалға басын игізбей, – деп жырлады жыраулар. 
Халық аузындағы аңыздың бірінде «Қорқыт дарияның үстінде қоштасу күйін 
тартып отырғанда қарындасы қасында еді. Кілем үстінде ұйықтап көзі ілінгенде
Қорқыттың көсілген аяғы қарындасына тиіп кетіпті. Ұйқысынан шошып оянған Қорқыт 
аяғына ренжіп: «тірімде жерге сыймаған аяғым, өлсем көрге сыймайсың» депті. Қорқыт 
өлген соң аяғы көріне сыймай созылып, жоталанып жататын болыпты» дейді. 
Қорқыттың өмірін, мұрасын, оған қатысты аңыздар мен өзге де деректерді 
зерттеуші О.Сүлейменов, жазушы Д.Исабеков Қорқытқа қатысты аңыздар желісін б.з.д. III 
мыңжылдықта пайда болған шумер халқының атақты эпосы «Гильгамеш туралы жырмен» 
байланыстырады. «Гильгамеш» эпосында да мәңгілік өмірді көксеу бар. Мәңгілік 
жастыққа қол жеткізген Гильгамештің қолындағы гүлін жылан ұрлап әкетеді. Гильгамеш 
пен Энкиду адамдарға ажал боп төнген Хумбаба деген алып өгізді өлтіреді. Соған 
ызаланған құдайлар Энкидуді сол заматта ажал құштырады. Осындағы мәңгілік өмір 
идеясы, жылан мен өгіз, ажалдың алмай қоймайтындығы жайлы сюжеттер Қосөзен 
аралығы мен Сыр бойындағы ежелгі халықтардың түп-тамырындағы рухани үндестікті, 
адамның тәні өлгенмен, оның рухының, жасаған ісі мен рухани мұрасының өлмейтіндігін 
білдірсе керек. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет