12. Мультимедиа



Pdf көрінісі
бет3/4
Дата19.03.2023
өлшемі282,05 Kb.
#75464
1   2   3   4
Қорқыттану. «Қорқыт кім болған? Ол заманында қандай саяси және қоғамдық 
қызмет атқарды, тарихта болған нақтылы тұлға ма, әлде қиялдан шыққан діни, көркемдік 
бейне ме?» деген сұрақтарға жауап іздегенде бүгінгі күнге жеткен ауызша және жазбаша 
көптеген деректерді қамтуға тура келеді. Дегенмен, нақты бір тұжырым жасау да қиындық 
тудырады. Себебі, Қорқытқа қатысты мәліметтерде шындықтан гөрі аңыздық сипат 


басым. Деректер Қорқытты сегіз қырлы, бір сырлы, қасиеті мен қызметі жан-жақты тұлға 
етіп көрсетеді. Ол – бақсы, болашақты болжайтын сәуегей, көріпкел әулие, асқан күйші, 
емші, жырау (озан, ұзан), ру мен тайпа кеңесшісі, уәзір, ислам дінінің жақтаушысы. 
Қорқыт есімімен тікелей тіркесіп қолданылатын анықтамалар - «ата», «деде», «әулие», 
«дана» сөздері. Сонымен қатар, сирек те болса қолданылатын «пір», «баба», «ер» сияқты 
теңеулер бар. Осы атаулар мен теңеулерді зерделей келе, белгілі түркітанушы ғалым 
Ш.Ибраев: «Шығыстан Батысқа дейін ұлан-ғайыр жерге созылып жатқан қазіргі түркі 
халықтарының ауызша және жазба деректерінен орын алған бұл анықтамаларда 
қайшылықтар бар. Алдымен екі дінге – тәңірлікке де, исламға да құлшылық еткен адамды 
көреміз. Ол аз болса, Қорқыт – бір жағынан – ру-тайпаның мүддесін қорғайтын адам, 
екінші жағынан – жалпы біртұтас мемлекеттің саяси қайраткері. Бұл ұғымдарды бір 
кісінің бойына үйлестіріп, тарихи бір мезгілге сыйдыру мүмкін емес. Бірақ, осы 
деректерді тарихи сатылары бойынша қоғамдық-әлеуметтік құбылыстармен, саяси 
өзгерістермен сабақтастыра отырып, нақтылы тарихи адамның өзін емес, ол туралы ел 
санасындағы ұғымды мезгілдік шекарасы бойынша созып қарайтын болсақ, онда белгілі 
бір пәтуаға келуімізге болады. Бұл, түптеп келгенде, Қорқыт бейнесінің халық 
түсінігіндегі эволюциясы болып шығады» деген тұжырым жасайды [7]. 
Ортағасырлық тарихшылар Рашид ад-Дин мен Әбілғазының деректерінде Қорқыт 
өте ұзақ жасаған, яғни, екі жүз тоқсан бес жыл өмір сүрген делінеді. Бұл жерде де халық 
өз жадындағы абыз бейнесін бірнеше ғасыр бойында әртүрлі оқиғаларға қатыстырып 
суреттеу арқылы екі дін арасындағы қарама-қайшылықты көрсеткісі келсе керек. 
Сонымен қатар, тәңірлік діндегі бақсылар ұзақ жасайды, өлмейді деген түсінік те әсер 
еткен болуы мүмкін.
«Қорқыт нақты қай ғасырда өмір сүрген?» деген сұраққа келгенде ғасырлар бойы 
ел аузында айтылып, XVI ғасырда хатқа түсірілген, бұл күндері күллі түркі әлемінің 
рухани құнды мұрасына айналған «Қорқыт Ата кітабына» соқпай өте алмаймыз.
«Қорқыт Ата кітабы» - Қорқыт заманының таным-түсінігін, саяси-әлеуметтік хал-
ахуалын көрсететұғын аңызы бен ақиқаты қатар өрілген эпостық шығарма. Шығармадағы 
баянның барлығында дерлік Қорқыт батагөй қарт, қасиеті мол әулие, ел тұтқасы абыз 
бейнесінде суреттеледі. «Қорқыт Ата кітабының» екі нұсқасы бар: біріншісі – Дрезден 
(Германия), екіншісі – Ватикан (Италия) нұсқалары. Дрезден нұсқасында 12 түрлі сюжет 
болса, Ватикан нұсқасында 6 сюжет. Шығарма қазіргі таңда көп тілге аударылған. Көбірек 
зерттелгені – Дрезден нұсқасы. Кітаптың кіріспесі Қорқыт Ата айтқан екен деген нақыл 
сөздермен басталады. Қорқыт мұрасын зерттеген көрнекті ғалым Ә.Қоңыратбаев «Қорқыт 
Ата кітабына» жинақталған жырларды ондағы шежірелік баяндауға сай үш кезеңге бөледі:
1. Оғыз-қыпшақ ұлысының ұйымдасу кезеңін суреттейтін жырлар. Оған «Бамсы 
Байрақ», «Дирсе хан баласы Бұқаш батыр», «Қан Төрәлі», «Домрул», ішінара «Бисат» 
жырлары жатады. 
2. Түркімендер мен печенег тайпалары арасындағы 34 жылға созылған 
алауыздықты суреттейтін жырлар. Оған Қазан, оның баласы Ораз жайындағы үш жыр, 
Екрек, Секрек, Имран жырлары жатады. 
3. Оғыз-қыпшақ ұлысының ыдырауын білдіретін жырлар. Оған ішкі оғыздарға 
қарсы бас көтерген Аруз жыры, сонымен қатар, Бисат, Домрул, Имран, Бұқаш жырлары да 
жатады. 
Ғалым Қорқыт жырларын зерделей келе: «Қорқыт жырларының арғы тегі IX-X ғғ. 
Сыр бойындағы Жанкент маңында туған болса, онда оғыз-қыпшақ ұлысының тууы, 
пешене мен түрікмен арасындағы соғыстар (922-956), одан соң Жанкент ханы шах 
Мәліктің 1043 жылы Сырдан кетуі суреттелсе керек. Сонда біз бұл жырлардың бастапқы 
сюжеттерін көп заман көшпелі болып, шаманизмге табынған, қобыз культіне сиынған 
оғыз-қыпшақ ұлысы заманында туған, сондықтан ол жырлар сол ұлыстың құралу, ыдырау 


тарихын баяндайды дейміз. Жыр сюжеті XV ғасыр басында прозаға айналып, Кавказда 
хатқа түскендіктен жер-су, қала аттарына көптеген өзгерістер енген. Бірақ ономастика
этнос, шаманизм, көшпелі салт, патриархалдық ұғым (атаға сиыну), тотемизм XI 
ғасырдағы Кавказ түріктері емес, X ғасырдағы оғыз-қыпшақ ұлысына тән» деген 
қорытынды жасайды [8].
Ә.Диваев 1899 жылдың 27-желтоқсанында арнайы келіп, Қорқыт мазарын екі рет: 
бірін су жиегінен, екіншісін Сырдария мұзының үстінен суретке түсіріп алып, «Сырдария 
суымен бірте-бірте жуылып бара жатқан Қорқыт мазары өзінің ең соңғы күндерін 
өткізуде, оның қос суреті бұл мазар туралы бірден-бір тарихи ескерткіш» деп жазған [9].
Академик В.В. Бартольд «Қорқыт Ата кітабының» Дрезден нұсқасын көшіріп алып, 
1922-1925 жылдар аралығында аударып шығады. Алғашқы 5 тараудың түрікше тексті 
1910 жылы «Записки Восточного отделения» журналында жарияланады. Ал аударма 
түзетіліп, толықтырылып 1950 жылы Бакуде «Деде Коркут», 1962 жылы Мәскеу 
қаласында «Книга моего деда Коркута» деген атпен орыс тілінде жарық көреді. 
1815 жылы неміс ғалымы Х.Ф. Диц Дрезден кітапханасынан «Қорқыт Ата 
кітабының» 12 жырдан тұратын нұсқасын тауып, оның сегізінші жырындағы «Бисаттың 
Депегөзді (Төбекөзді) қалай өлтіргені туралы» жырды аударып басқаннан кейін бұл жазба 
эпосқа дүниежүзі ғалымдары назар аудара бастады. Оның әйгілі грек эпосы «Одиссея» 
сюжетіндегі циклопқа (жалғыз көз) байланысты болуы бұған елеулі дәрежеде қозғау 
салды [10]. 
«Қорқыт Ата кітабын» зерттеуде итальян ғалымы Е.Россидің еңбегі ұшан-теңіз. Ол 
Ватикан кітапханасынан аталмыш эпостың тағы бір нұсқасын тауып, 1956 жылы оны 
итальян тіліне аударып, Дрезден және Ватикан нұсқаларының факсимилиесімен бірге 
жариялайды. 
Қазақ сахарасында ежелгі заманның асқан данасы Қорқыттың толғау айту дәстүрін, 
оның эпикалық жырын, күйін, сарынын, нақыл-сөздерін мұра етіп, оны біздің 
заманымызға жеткізген жыраулар, ойшыл адамдар аз болмаған. 
Қорқыттың мұрасына ие болған саңлақ кісілерді Ә.Х. Марғұлан былайша бөліп 
көрсетеді:
1) ежелгі бақсы - жыраулар (Қойлыбай, Балақай, Қарамырза, Нысан абыз);
2) қобызбен күй шерткен атақты күйшілер (әл-Фараби, Кетбұқа, Досжан, Өтеболат, 
Қанқожа Уәлиханов, Құрманғазы, Ықылас т.б.) 
3) болжал айтумен халықты ойға түсірген жыраулар, шешендер (Сыпыра жырау, 
Асан ата, Қазтуған, Шалкиіз, Әнет баба, Бұқар жырау, Тәтіқара, Майлықожа);
4) Қорқыт дәстүрі бойынша қобызбен жыр тасқынын ағылтқан құйылма ақындар 
(Жанақ, Сабырбай, Найман бала, Жұмағұл, Базар жырау, Ерімбет жырау, Абыл жырау 
т.б.). 
Ә.Х. Марғұлан Қорқыт Ата тұлғасы мен мұрасын зерттеуде халық аузында 
сақталған аңыздарды жырға қосып, ұрпақтан ұрпаққа жеткізуде жыраулардың атқарған 
рөлін жоғары бағалай келіп, Сыр бойының сүлейлері атанған Базар жырау, Қарасақал 
Ерімбет, Тұрымбет Салқынбайұлы сынды шайырларды және Сарыбай Кұлназар, Ахмет 
Назарұлы, Әлқуат Қайнарбайұлы сияқты көкірегі шежіре көне көз қарияларды атап 
көрсетеді. 
Базар жырау Оңдасұлы өз толғауларында Қорқытты жырлағанда:
Жалғаншы, бір қорқытып, бір толқыттың, 
Әмменің аждаһадай бәрін жұттың. 
Әуелде құшақтасып дос болып ек, 
Достықты бұл кездері неге ұмыттың? 
Болсын деп аз күн әуре алдарқатып, 
Жастықта жамылшылап бетке тұттың. 


Қарыштап қусам-дағы, дүние, сені, 
Керімі келген шығар ер Қорқыттың,- дейді [11]. 
Ал жырау Сарыбай Құлназар Қорқыттың өлімнен қашқанын суреттей келіп
былайша толғаған екен:
Өлімнен қырық жыл бұрын Қорқыт қашқан,
Қазылған көрді көріп қатты сасқан.
Тағдырдың тақымына тәнті болмай,
Ажалмен арпалысып жанталасқан.
Өлімнен Қорқыт қашқан қырық жыл бұрын, 
Арбасқан бейопаның болжап сырын.
Ажалға амал тауып құтылсам деп,
Тағдырға тәнті болмай келген қырын [12]. 
Қорқыт сарынын шалқыта тартатын атақты күйшілер қатарында Сыр бойында өмір 
сүрген Соқыр абыз деген кісі болған. «Ол әрбір базар күні қалаға келіп, өзінің ескі 
қобызымен «Қорқыттың сарынын» тартып отыратын еді. Ол бақсының тартқан «Қорқыт 
күйін» бүгінде ешбір күйші тарта білмейді» дейді Ә.Х. Марғұлан.
Бүгінгі күні бізге мұра боп жеткен Қорқыт күйлері: «Қорқыт», «Башпай», «Аққу», 
«Тәңір күйі», «Желмая», «Елім-ай», «Әуппай», «Ұшардың ұлуы», «Қорқыт сарыны-1», 
«Қорқыт сарыны-2» т.б [13]. 
1980 
жылы 
мемлекет 
және 
қоғам 
қайраткері 
Елеу 
Көшербаевтың 
ұйымдастыруымен Қазақ КСР Ғылым академиясының ғылыми қызметкері, архитектор 
Бек Ыбыраевтың жобасы бойынша Қармақшы жерінде аты аңызға айналған, орта ғасыр 
ойшылы, күй атасы Қорқыт баба ескерткіші орнатылды. 
Барша түркі дүниесіне ортақ тұлға, сар даланы қобыз үнімен тербеткен күй атасы 
Қорқыттың Сыр топырағында өмір сүріп, мәңгілік тыныштығын осы мекеннен табуы 
киелі өңірдің қасиетін одан әрі арттыра түсетіні рас. Мыңжылдық өркениеттер мен 
теңдессіз мәдениеттердің ошағы болып табылатын Сыр өңірінің тарихында ғана емес, 
рухани дүниесінде де ойып орын алатын Қорқыт тұлғасы мен тағылымын тану, зерттеу, 
насихаттау және оны мақтан ету – осы өлкеде туып-өскен әрбіріміздің парызымыз. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет